51553
Күніне 20 сиыр, 10 түйе сауатын Балжан
Күніне 20 сиыр, 10 түйе сауатын Балжан
Балжан Пірімбетова – бір шаруашылықтың жұмысын дөңгелетіп отырған іскер келіншек. Таң ата салысымен мал қораға асығатын ол күніне 20 сиыр, 10 түйе сауады. Қалада өсіп, білім алған оған төрт түліктің тілін тауып, ауыл тірлігін үйіріп әкетуді енесі мен абысыны үйретіпті.
«Үлкен әулеттің келіні атанғаныма 20 жыл болды. 18 жасымда келдім. Қара шаңырағымыз Көксарай деген ауылда. Келін болып түскеннен кейін бір ай ғана ауылда тұрдық. Одан бері фазендада, яғни осы шаруашылықтамыз. Бұл – Түркістан облысы Арыс ауданы Ақдала ауылына қарасты Сырдарияның жағасындағы жалғыз үй. Көршілеріміз екі шақырым жерде. Атамыз өмірден өткен. Енеммен бірге тұрамыз. Ол кісі 76 жаста. Жолдасым жеті ағайынды. Мен бесінші келінмін. Мал шаруашылығымен айналысамыз. Жолдасым – шаруа қожалығының директоры. Сиыр, түйе, жылқы, қой бағып, күн кешіп жатқан жайымыз бар», – дейді ол.Кейіпкеріміз малға жемшөп беріп, қой бағатын көмекшілері бар екенін айтады. Ал өзінің міндеті – сиыр мен түйе сауу. Сауыншы әйелдің таңғы тіршілігі түйе сауудан басталады. Қазір сиыр мен түйені бір мезгіл сауып жүрсе, жазғы уақытта үш рет сауады екен.
«Күніне 10 түйе, 20 сиыр сауамын. Қалған 6 сиырды келінім сауады. Алдымен түйені сауып келемін. Ал жолдасым боталарды шығарып тұрады. Одан кейін сиыр саууға кірісемін. Сағат 10-ға дейін осы шаруаларды реттеп, таңғы шайға отырамыз. Маған бәрін шығарып, дайындап берсе болды. Бір сиырды 3-4 минутта сауамын. Қазір күн салқын болғандықтан, сүт аса көп шықпайды. 25 литрдей сүт аламыз. Сүті көктемде көбейеді. Қазір асау сиырларды үйретіп жатырмыз және көбі бірінші тума», – дейді сауыншы.Балжан Пірімбетова шаруашылықтың жұмысын енесі мен абысыны үйреткенін айтады. Бүгінде төрт түліктің тілін түсінетін ол қазіргі өмірі өзіне ұнайтынын айтады. Тіпті, қорадағы мал ауырып қалса, қажетті ем-дом жасай береді екен.
«Мектепті үздік бітірдім. Екі дипломым бар. Алғаш келген кезде «қаланың қызы, ештеңе білмейді» деп ұрыспай, бәрін үйреткен енеме алғыс айтқым келеді. Аналарымыздан үйренеріміз көп. Мен келгенде екінші абысыным қара шаңырақта тұратын. Ол кісі сиырды қалай сауу керегін үйретті. Қазір Арыста тұрады. Қазір енеммен бірге екі келін бір шаңырақ астында тұрып жатырмыз. Бізде «Сенің тірлігің, менің тірлігім» деген жоқ. Бір-бірімізге көмектесіп, тату күн кешіп жатырмыз. Күзде жоспар бойынша ветеринарлар келіп малды емдеп кетеді. Қалған уақытта ауырып қалса, өзім емдеймін. Дәріханадан керекті дәрі-дәрмектің бәрін әкеліп қойғанмын. Негізі, арманым дәрігер болу еді. Анам «тұрмысқа шықсаң, сені дәрігерлікке кім оқытады?» дейтін. Құдайға шүкір деймін, қазір дәрілердің бәрін зерттеп, қорадағы малдарымды емдеп жүрмін», – дейді ол күліп.Балжан бүгінде екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған ана. Үлкені 19 жаста. Қазір медицина саласында білім алып жатыр. Сауыншы келіншек балалары шаруашылыққа тек демалыс күндері келетінін айтады. Сондықтан өзі трактор айдауды да үйреніп алыпты.
«Қайбір жылы күн қатты суып, жер батпақ болды. Сиырлар көтерем болып жатты. Қателеспесем, 4-5 жыл бұрын болуы керек. Сол кезде сиырлардың бәрін көтеріп тұрғызып, белін байлайтынбыз. Түйе айдайтын да адам жоқ болды. Балаларым сабақта. Содан жолдасыма «Маған трактор айдауды үйретші» дедім. Қазір тракторды да, жеңіл көлікті де жүргізе беремін. Ынтасы, өмір сүруге құлшынысы бар адам бәрін үйренеді деп ойлаймын. Әйтпесе, басында «Қаланың қызы мұндай айдалада тұрмайтын шығар» деп айтқан адамдар болды. Шынымды айтсам, қаланың у-шуынан осы өмірім ұнайды. Бұл – біреудің малы емес. Ұрпақ өсіріп отырған соң осылардың болашағы үшін, өзіміз үшін еңбек етіп жатырмыз. Той-жиыннан да қалған емеспіз», – дейді Балжан Пірімбетова.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ