Рақымшылық шарасы маусым айына дейін жалғасады

Рақымшылық шарасы маусым айына дейін жалғасады

Рақымшылық шарасы маусым айына дейін жалғасады
ашық дереккөзі
298
Астана қаласындағы қоныс колониясынан рақымшылыққа ілінгендердің алғашқы легі босатылды. Наурыз айының соңына дейін аталған мекемедегі 70  сотталушы темір тордан шығады, – деп хабарлайды Астана арнасы. Астана қаласы бойынша ең көп рақымшылыққа іліккендер ЕЦ 166/22 қоныс колониясындағы жазасын өтеушілер. Қазір аталмыш колонияда 106 сотталушы бар. Оның қырық екісінің ісі қаралып қойған. Жалпы, осы колониядағы сотталғандардың 70 пайызы үйлеріне мерзімінен бұрын қайтқалы отыр. Олардың бәрі аса ауыр емес және абайсызда қылмыс жасаған жандар. Мұндағы рақымшылық шарасы наурыз айының аяғына дейін жалғаспақ.  Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің бас маманы Гүлмайра Мұхтарова: «Астана қаласы бойынша 104 сотталғанға рақымшылық қарастырылады. 29  жаза мерзімін қысқартуға, 75  жазадан босатылады. Аса ауыр емес қылмыстар және орташа қылмыстар толық. Ауыр және аса ауыр қылмыстар жазасын қысқарту қарастырылады», – дейді. Ақпан айының басындағы деректерге сүйенсек,  рақымшылық бойынша Қазақстанда 120-ға жуық адам бостандыққа шығарылған. Қазіргі уақытта соттарға рақымшылыққа қатысты 9500 материал жіберілді.  Түрмеден шыққандардың саны жағынан Қызылорда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары алдыңғы қатарда тұр. Сонымен қатар шартты түрде жазасын өтеп, пробация жүйесінде есепте тұрған тағы 132 адам босатылған. Қазақстанда жалпы саны 36 мыңдай сотталушы болса, рақымшылық шарасы соның 28 мыңдайын қамтыған. Рақымшылық шарасы аясында 1800 адам бостандыққа шығады деп жоспарланып отыр. Ал тағы 5 мыңға жуығының жазасын өтеу мерзімі қысқаратын болады. Рақымшылық шарасына іліккендер қатарында ауыр емес немесе орташа қылмыс жасағандар, жүкті әйелдер, 18 жасқа толмаған немесе мүгедек баласы бар әйелдер, мүгедектер және жасы 50-ден асқан әйелдер мен 60-тан асқан ерлер бар. Сотталушыларды босату науқаны 2017 жылдың маусымына дейін жалғасады. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бостандыққа шыққандарды жұмыспен қамту үшін тиісті шаралар жасалып жатқанын тілге тиек етуде. Тамара Дүйсенова абақтыдан шыққан зейнет жасындағы қараусыз адамдар мен мүгедектер арнайы интернаттарға орналастырылатынын айтады. Ал барар жері болмағанымен, жұмысқа жарамды азаматтар дағдарыс орталықтарында оқытылып,  әрі қарай оларды жұмысқа тарту мәселесі қаралады. Айта кетейік, бостандыққа шыққандардың 80 пайызы пробация қызметінің бақылауында болмақ. Сонымен қатар, тамара Қасымқызы жұмыспен қамту бағдарламасы аясындағы квотадан бөлек тағы бір жоба іске асып жатқандығын атап өтті. «Өткен жылдан бастап ішкі істер министрлігімен үлкен жұмыс бастадық. Жұмыспен қамту орталықтары КУИС-тегілерді қандай мамандық бойынша азаматтар керек деп оқытып жатыр. 39 мамандық бойынша. Шыққаннан кейін соларды жұмыспен қамту мәселесі шешіледі», – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Серіктес жаңалықтары