Каспий көркінен неге айрылды?

Каспий көркінен неге айрылды?

Каспий көркінен неге айрылды?
ашық дереккөзі
799
Сұлулықтың символына айналған аққулар енді Каспийдің сәнін келтірмейтін сыңайлы. Себебі соңғы уақытта Каспий жағасында аққулардың қырылуы бірнеше рет тіркелді. Осы қыста екі рет Каспий жағалауынан аққулардың өлексесі табылып, экологтар мән-жайды анықтауға кірісіп кетті. Қарт Каспийдің сәніне айналған аппақ аққулар – ақтаулық тұрғындардың мақтанышы. Мұнда теңіздің ерке құстарын көргісі келетіндер еліміздің өзге аймақтарынан да ағылып келіп жатады. Сондықтан Ақтауда қырылған аққулардың жағдайы көпшілікті алаңдатып отыр. Әзірге олардың неден өлгені анықталған жоқ. Жұрт бұл залалды табиғаттың ластануынан, табиғатты қорғау инспекторларының салғырттығынан көруде. Экологтардың айтуынша, бір қыста әдетте 1-2 аққу өледі, ал 5 бірдей аққудың арам қатуы жаппай өлім болып есептеледі. Мамандар сұлу құстардың жаппай қырылуының бірнеше нұсқасын айтып отыр. «Эко Маңғыстау» ұйымының директоры Кирилл Осин: «Бұл құс тұмауы секілді қандай да бір жұқпалы аурудан болуы мүмкін. Осындай құстардың жаппай қырылуы былтыр Ресейде болған. Бізде де жыл сайын бірлі-жарым осындай аққудың өлімі болып тұрады. Ал бұл жолы екінші рет қайталанып отыр. Бұған адам факторы да әсер етуі мүмкін. Себебін анықтау үшін сараптама жүргізіп, өлекселерді зерттеу керек», – дейді. Қазіргі уақытта өлі құстардан алынған сынамалар зертханаларға жіберілген. Сонымен қатар, аққулардың Ақтауға бұрынғыдай топталып емес, жыл санап сиректеу келетіні жергілікті халықты мазалауда. Мамандар да Ақтауға келетін киелі құстардың азайып бара жатқанын айтып дабыл қағып отыр. Бұған әлемде белең алған құс тұмауы себеп дейді мамандар. Экологтардың айтуынша, Каспийге арып-ашып жететін аққуларды қала тұрғындары қолдан тамақтандырып, мәселені одан әрі ушықтырады. Нан өнімдері құс төресіне кері әсер ететіндіктен, мамандар 2004 жылы жағажайға арнайы ескерту белгісін де қойған. Оның үстіне аққулар тұрғындардың қолынан жем жеп қана қоймай, жағалауға келушілер қалдыратын қоқыстармен де қоректенеді екен. Осыдан оншақты жыл бұрын да Ақтауда аққулардың жаппай өлімі тіркелген болатын. 2003 жылдың қыс мезгілінде Ақтау маңында 139 аққу қырылып қалды. Ресми ақпарат бойынша, ол кезде аққулардың қырылуына қыстың ерекше суық болуы және аққулардың әлсіздігі себеп болды делінген. Ал бұл жолы аққуларға қандай кесел келгені әзірше нақты айтылмады. Аққуды қазақ халқы ежелден қастерлеп, бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктіктің, сұлулықтың белгісі деп есептейді әрі киелі құс төресі санап, оған еш уақытта оқ атпайды. Оның аталығын «сапар», балапанын «көгілдір», мойнын «сұңғақ» деп дәріптейтіні көпке аян. Киелі құс жайында қазақтың аңыздары мен ертегілерінде жиі айтылады. Сәуір айында үлкен ақшаңқан құстардың сұлу мойнын созып, қанатын баяу сермеп ұшқан сәтін ғажап суретке, қайталанбас әсем көрініске теңеуге болатындай. Қалың орман ішіндегі көлде оңаша жүзген аққуды көру – одан да сұлу құбылыс. Аққу суда дыбыс шығармай, жеңіл сырғып жүзеді. Аққулар шалғайдағы адам аяғы жетпес көлдердің қалың қамысына ұялайды. Аққулар – табиғаттың аса ғажап және қазір сирек кездесетін туындысы, біздің елімізде оларды аулауға тыйым салынған. Бірақ осындай киелі құстың елімізге келуі сирей бастауы өкінішті жайт.    

Серіктес жаңалықтары