356
Жаңаруға бастаған Жолдау
Жаңаруға бастаған Жолдау
Былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін қоғам өзгеріске ұмтыла бастады. Жаңару күтіп, жақсылықтан үмітті болды. Бір жыл ішінде қаншама саяси оқиғалар болды, бірнеше сайлау өтті, референдумнан соң заңдарға өзгеріс енді, жаңа облыстар құрылды. Осы бастамалардың бәрі тура бір жыл бұрынғы Президенттің Жолдауында бағдарланған болатын.
Нақтырақ тоқталар болсақ, 1995 жылдан бері алғаш рет жалпыұлттық референдум өтті. Ата Заңдағы тоғыз тараудың сегізіне, 98 баптың 33-іне түзету енгізіліп, үштен бірі жаңарды.
– 7 Конституциялық заңға, 15 кодекске және 29 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа саяси реформалар қолға алынды. Енді Президент 7 жылдық мерзімге бір рет сайланады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы саяси партияның мүшесі бола алмайды. Парламент пен мәслихаттарды жасақтау тәртібі өзгерді, олардың өкілеттігі күшейді. Конституциялық сот құрылып, жұмыс істей бастады. Бұл ретте аталған сот мүшелерінің өкілеттік мерзімі Президент пен Парламент депутаттарына қарағанда ұзағырақ болады. Саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Нәтижесінде, екі жаңа партия тіркелді. Осылайша, мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісі қалыптасып, билік тармақтары арасында тепе-теңдік орна-ды, – деп мәлімдеді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.Енді 19 наурызда Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттары жаңа тәсілмен қайта сайланбақ. Сонымен, Жолдаудан кейін елімізде болған маңызды саяси оқиғаларға тағы бір шолу жасап өтейік. «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» 29 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгеріс енгізу үшін жалпыреспубликалық референдум өткізуді ұсынды, ал 5 мамырда осы референдумды өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша, елімізде 27 жылдан соң үшінші рет референдум өтті. Жолдауда саяси реформалар жөніндегі бағдарламасын таныстырған Қасым-Жомарт Тоқаев реформаның алғашқы негіздері осы Президент билігінің супер-президенттік басқару формасынан Парламенті мықты президенттік республика тәсіліне түбегейлі өту, «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп бере тін Үкімет» формуласын жүзеге асыру екенін айтқан еді. – Мен бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын. Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады, – деген еді Президент. Референдум негізінде қабылданған өзгерістер бойынша, енді Президент саяси партияға мүше бола алмайды, Президенттің жақын туыстары лауазымды қызмет атқара алмайды. Президенттің әкімдерге байланысты өкілеттігі қысқарды. Лауазымды қызметке тағайындауға байланысты да құзыретіне өзгеріс енді. 22 қыркүйекте Мемлекет басшысы 20 қарашада кезектен тыс Президент сай- лауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл референдум бекітілгеннен кейін саяси жүйені қайта құрудың алғашқы баспалдағы болды деген пікірлер айтылды. Өкілді билік тармағындағы өзгерістер 19 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісті таратып, мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Сайлау күні нақты 19 наурызға бекітілді. Бұл жолғы сайлау жаңа саяси жүйені құруға бағытталған өзгеше қадам болады деп сендіреді жауаптылар. Өзгешелігі сол – депутаттар құрамының белгілі бір бөлігіне халық жекелей дауыс беретін болады. Яғни, сайлау жүйесі өзгереді. Сол арқылы конституциялық реформалар жалғасып, саяси институттар жаңарады деген сенім бар. – Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Осы орайда мен Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиіс. Ешкімге жасанды артықшылық берілмеуі керек. Осылайша, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Ал біздің Сенат әр өңіріміздің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Соған сәйкес оның өкілеттігін реформалау қажет, – деген еді Мемлекет басшысы. Бұған дейін Сенат қайта жасақталған болатын. Енді Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына санаулы күн қалды. – Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы Жолдауында. Қазіргі кезде мәлім деректерге сүйенсек, Мәжіліс депутатына кандидат болуға 609 адам өтініш берген. Оның 483-і тіркеуден өткен. Сонымен қатар биыл жаңа екі саяси партия құрылды. – Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы наурыздағы Жолдауында. Қабылданған өзгерістерге сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Конституциялық Сот өз қызметін бастады. Яғни, әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандығын тікелей осы орган арқылы қорғайтын мүмкіндікке ие болуы керек. Қаңтар оқиғасынан кейін 1993 жылғы Ата Заңды және сонымен бірге осы Конституциялық сотты қайтару мәселесі бірнеше рет айтылған еді. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы кеңесі қабылдаған тәуелсіздік туралы конституциялық заң да Ата Заңды қорғайтын жоғарғы орган – Конституциялық Сот екені ашық айтылды. Конституциялық Сот 1992 жылы құрылды. 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған тұңғыш Ата Заңда Конституцияны қорғайтын биліктің жоғарғы органы ретінде Конституциялық сот бекітілді. 1995 жылы Жоғарғы Кеңес тарағаннан кейін қабылданған 1995 жылғы жаңа Конституцияда Конституциялық Сот болған жоқ. Оның орнына лауазымы жоғары, шенділер ғана жүгіне алатын Конституциялық Кеңес атты ұйым құрыл- ған болатын. Енді Конституциялық Кеңестің орнын қайтадан Конституциялық Сот алмастырып отыр. Конституциялық Сот дербес және мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымды адам дар мен азаматтардан тәуелсіз болады, Қазақстан Рес публикасының Конституциясын және осы Конституциялық заңды басшылыққа алады, саяси және өзге де уәждерді негізге ала алмайды. Әділ сайлау – әділеттілік негізі «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық тырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конс- титуциялық заңы бойынша енді аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жалғасы. Президент Жолдауында Президенттің кей өкілеттіктерін қысқартып және әкімдерді тіке лей басқару құзыретін кемітіп, әкімдер мен мәслихаттарға шешім қабылдау кезінде дербестік беру туралы сөз қозғаған еді. – Сондай-ақ байқаушылардың қызметін заңмен реттеу керек екені айтылды. Аумақтық сайлау комиссиясының жұмыс тәсілін қайта қарау да тапсырылды. – Демократия тарихы дегеніміз – ең алдымен, сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Сондай-ақ сайлау заңнамаларының сақталуын бақылау тарихы деуге болады. Осы орайда, мен байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігі нақты белгіленуге тиіс деп санаймын. Енді аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін қайта қараған жөн. Олар бұл іспен кәсіби түрде айналысуы қажет. Біз бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтарымыз кез келген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Жекелеген тұлғалардың сайлау барысына ықпал етуіне жол бермеу үшін сайлау қорына салынатын қаржының жоғарғы шегін нақтылау керек. Конституция және халықаралық құқық бойынша Қазақстандағы кез келген сайлау – біздің ешкім араласуға қақы жоқ ішкі ісіміз. Бірақ бұл норма сайлау нәтижесіне шетелден ықпал етуге әрекет жасау ықтималдығын жоққа шығармайды, – деді Президент. Жаңа облыстар – аймақтарды жаңғыртудың алғышарты Жолдаудан кейін еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы да өзгерді. Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшті. Бұл жаңалық аталған аймақтағы халықтың үмітін маздатып, бір серпілткендей болды. Мемлекет басшысы үш өңірдің түйткілді мәселелеріне жеке-жеке тоқталып, бұл шешім өңірлердің әлеуетін қайта көтеру үшін жасалған шешім екенін айтқан еді. Президент Түркістан облысының жеке өз алдына бөлек аймақ атануы сол өңірге де, Түркістан қаласына да жаңаша серпін беріп, екінші тынысын ашқанын мысалға келтіріп өтті. – Жалпы, жаңа облыстардың құры-луы – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады. Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді, – деген еді Президент. Жолдауда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің таратылатыны айтылған еді. Президент оның орнына ауқымы кеңірек, жаңа дан құрамдалған Ұлттық құрылтай құруды ұсынған болатын. Осылайша, тұңғыш рет Ұлттық құрылтай өтті. Оның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда ұйымдастырылды, екінші отырысы киелі Түркістанда өтеді деп жоспарланып отыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, орнына Ұлттық құрылтай құрылады дегеннен-ақ оның маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде шақырылып отыратыны айтылды. Яғни, сенім кеңесінің жұмысы одан әрі кеңейтілген түрде жалғасып, тың бастамалар көтеріледі, мәртебесі де жоғары болады. Құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек ететін азаматтар, кәсіпкерлер және басқа да қоғам белсенділері шақырылатыны, одан бөлек аймақтағы қоғамдық кеңестердің атынан кем дегенде бір адам мүше болатыны сол кезден белгілі болды. Яғни, қоғамдық кеңестердің бәрі Ұлттық құрылтайға топтастырылды. Осы арқылы халықтың билікке жетпей жатқан базынасы мен талап-тілегі тегіс тыңдалып отырады деген үміт бар. – Үкіметке әкімшілік-аумақтық құрылымға қатысты мәселелерді мұқият саралап, оны іске асыру жолдарын ұсынуды тапсырамын. Бұл – оңай шаруа емес. Оның бәрін жан-жақты ойластырып, байыппен жасауымыз керек. Бұл ұсыныстар облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері аппаратындағы мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру жөнінде шаралар қабылдауға да мүмкіндік береді. Оларды қысқарту өңір тұрғындарының санына қарай жүзеге асырылады. Қалай болғанда да, әкімнің орынбасарлары үшеуден аспауы керек. Ерекше жағдайда ғана төртіншісіне рұқсат беріледі. Президент Әкімшілігі бұл мәселені бақылауына алуға тиіс, – деп тапсырма берілген еді сол кезде. Қазір өңірлердің қадамы нық, көрсеткіштері де көңілге қонымды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2023 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады. Баяндамасында өңірлердегі ең жоғарғы көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелгенін айтты. Өңдеу өнеркәсібі қарқыны бойынша да өңір 2 орынға шыққан. Ал барлық көрсеткіштер бойынша оң өсім байқалған 6 өңірдің ішінде Абай облысы алғашқы орында тұр. Қорыта айтқанда, былтырғы наурыздағы Жолдауда айтылған бастамалардың басым бөлігі орындалып, қолданысқа еніп отыр. Оның нәтижесі туралы нақты айтуға әлі де ертерек, дегенмен әуелде айтылған уәделер жүзеге асатынына сенім мол.