999
Темір нарком
Темір нарком
Мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысын қабыл алған орталығы Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында орналасқан ТҮРІКСОЙ халықаралық ұйымының шешімімен барша түркі әлемі елдерінде арнайы атап өтілмек. 2023 жыл «Темірбек Жүргенов жылы» деп жарияланды.
Мәдениет және спорт министрлігі мерейтойда атқарылар шараларды еліміздің барлық аймақтарынан жинақтап, республикалық іс-жоспарды бекітті. Онда 150-ден астам, оның ішінде он шақты ғылыми конференция, театр фестивальдары, айтыс және жазба ақындар сайысы, эсселер байқауы, еске алу шаралары бар.
Ұлт рухын қайта түлеткен – Жүргенов
«Отаныңмен салыстырғанда ең қымбатыңның өзі арзан» деп Қадыр ақын айтқандай, адамның ең қымбаты – бір шыбындай жаны. Темірбек Жүргеновтің 1933 жылы сол кездегі Қазақстан басшысы Левон Мирзоянның шақыруын қабыл алып, Өзбекстандағы атқарып жүрген Халық ағарту комиссары деген биік лауазымды қызметін қалдырып, өз Отаны – Қазақстанға Халық ағарту комиссары қызметіне келуі, жеке басының амандығынан ұлт мүддесін жоғары қойған биік мұраттан туған шешім еді. Олай дейтінім, сол кезеңде Алаш ардақтыларының басына қара бұлт үйіріліп, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаевтар түрмеге бір түсіп, бір шығып жүрген зұлмат кезең болатын.
Оның үстіне, 1931-33-жылдардағы ашаршылықтан Қазақстан екі жарым миллион халқынан айырылған, тірі қалғандардың мұқтажы да, мақсаты да тек қарын тойдыру ғана болған, мемлекеттің экономикалық жағдайы тұралаған, талшық етерлік нәпақа үшін, әсіресе басының амандығы үшін бір жарым миллион қазақ Өзбекстан мен Түрікменстанды паналап, одан Ауғанстан ауып босқындыққа ұшыраған адам айтса нанғысыз, жантүршігерлік ауыр жылдар еді. Шақыруды қабыл алмай, Өзбекстанда сол қызметінде қала бергенде, мүмкін, «халық жауы» деген жаладан аман қалып, атылып кетпеген болар ма еді деген ой көкейде тұрады.
Ресей құрамындағы Қазақ Автономиялық Республикасының Халық ағарту комиссары қызметіне кіріскен Темірбек Жүргенов орта білім жүйесін жолға қойып, елімізде 4000-дай, бір Алматының өзінде 18 мектеп салғызған. Қазақ мемлекеттік университетін, Тау-кен институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы техникалық университет) ашқызған. Абай атындағы опера және балет театрының қазығын қаққызып, іргетасын қалатқан да Т.Жүргенов болатын. Табиғи таланттарды іздеп тауып, оларға жағдай жасап, яғни 1936 жылы Мәскеудегі онкүндікте қазақ ұлтының рухы биік, мәдениеті мен әдебиетінің ешбір елден кем еместігін жарқыратып көрсетті.
Т.Жүргенов 1923-27 жылдары Орта Азия мемлекеттік университетінің студенті бола жүріп, Түркістан Республикасындағы Қазақстанның өкілетті өкілі (1923-25), Ташкентте алғаш ашылған Қазақ педагогикалық институттың директоры (1926-27) қызметтерін атқарған. Осы қызметтердегі атқарған істері жайлы сәл кейінірек.
Нарком Жүргенов Әбілқасым Фирдоусидің әлем әдебиетінің жауһары саналатын «Шахнамені» өзінің ұстазы, Сыр сүлейі Тұрмағанбетке аудартуды ойластырған. Осы іске кіріспес бұрын, ағартушы ғалым, қоғам қайраткері, 1912 жылы қазақтың тұңғыш әліппесін құрастырушы Қоңырқожа Қожықовты ел аралап «Шахнаменің» аудармаларын тауып келуге жұмсайды. Қоңырқожа Қожа Ахмет Яасауидің шәкірті, ғұлама, ойшыл Сүлеймен Бақырғанидің аудармасын тауып әкеледі. Оған қоса, Молда Ораз аудармасын да қолына түсіреді.
Қоңырқожа тауып әкелген кітап сопылық ағымдағы әдеби ескерткіштердің XII ғасырдан сақталған аса құнды олжа еді. Бұл – түркі тілдес халықтардың бәріне ортақ туынды, оны жазған Сүлеймен Бақырғани – сопылық ағымның ірі өкілі. Ал Молда Ораз XIX ғасырдың шамамен отызыншы жылдарының ортасынан жетпісінші жылдарына дейін «Шаһнаманың» парсы, араб, шағатай тілдеріндегі нұсқаларынан үш тәржіме жасағанын Темірбек салыстыра отырып оқығанда анықтаған. Қоңырқожа тауып келген Бақырғани қолжазбасын оқуға талай түндерін сарп етті. Анықтағаны, бұл қолжазба «Шаһнаманың» толық тәржімесі емес болып шықты. Мұны ол баяғы қадірменді ұстазы Тұрмағамбет ұғындырған дәрістердің өзіне тәжік елінде жүрген кезінде кәдеге асып, біршама жетілдіргендей болған тілдік қоры арқасында, парсыша нұсқамен салыстыра отырып анықтады. Ораз молда мен Шәді төре аудармаларының көп сөздері түсініксіз еді. Өйткені бұл ақындар дастанды тек қазаққа ғана емес, барлық Орта Азия халықтарына тәндігін танытатындай етіп, сол кездегі әдеби ортақ тіл деп саналатын шағатайшаға бейімдеп аударғандығына көзі жетті. Оны біздің қарапайым қазақтың түсіне қоюы қиын болатын.
Тұрмағанбет Ізтілеуовті Алматыға алдыртуының негізгі себебі Ә.Фирдоусидің 1000 жылдығына Қазақстан мемлекетінен «Шахнамені» аудартып мерейтойға тарту жасау болса, екінші себебі, Мир-Араб, Көкілташ медреселерінде білім алғаны, өлеңдерінің соңына ауыз әдебиетінен қалыптасқан үрдіспен «Дамолла Тұрмағанбет қолым қойдым» деп жазатыны, діншіл, Құдайшыл ретінде танылып, сол жылдары Тұрмағанбет Қазалы мен Қармақшы түрмелеріне түсіп, қайта-қайта тергеліп, басына қатер төніп жүргенін білгендіктен ұстазын түрме азабынан құтқару мақсаты да болған.
«Шахнамені» қазақ тіліне тәржімалау жайлы ұсыныс айтылғанда Тұрмағанбет: – Мен «Шаһнаманың» парсышасын да, арабшасын да, түрікшесі мен шағатайшасын да оқығанмын. Талай оқиғасы санамда сайрап тұр. Дастанның көп жерін жатқа да білемін. Аудармай несі бар, – деп сенімділік танытқан.Әбілқасым Фирдоусидің 60 мың бәйіттік «Шахнамесін» Тұрмағанбет біздің ұлттық салт-дәстүрлерімізге сәйкес келмейтін, әдет-ғұрыптарымызға жат эпизодтарды саналы түрде қысқартып, қазақ қауымы қабылдай алатындай етіп – «Өлеңмен он бір буын он ай жазып, Бітірдім маңдай сипап, шаршап терлеп» деп өзі айтқандай, 40 мың жолдық шығарма тудырған.
Бұл еңбекті Мұхтар Әуезов: «Мұны аударма деп емес, қазақша жазылған варианты деп бағалаған дұрыс» деген тұжырым жасаған.Тұрмағанбетке қатысты бір назар аударарлық дерек. Алматыға келгесін Тұрекең сыйлы інісінің үйінде отырғанда, «Ауыл жақтың хабарын айта отырыңыз» деген сауалға: – Елімнің көлі кетіп, шөлі қалды, Төренің төресі кетті де, төбеті қалды. Адамның алымы кетті де, залымы қалды. Мал дегенде есек қалды, Үй дегенде кесек қалды. Ерлі-зайыптылар екі айырылып, Құр қаңырап төсек қалды... – деп, Тұрмағамбет ақын әлі жарасы жазылмаған алапат аштықтан кейінгі елдің жайын бейнелеген. «Қабырғаның да құлағы бар» дегендей, осы әңгіме чекистерге жетіп «қылмысы қоюлана» түскен. (Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» романынан) Темірбек Жүргенов Түркі жұрты халықтарының әдебиетін зерделеп, өсу, жаңару үдерістерін үнемі назарында ұстап отырған. 1928 жылы оның «Пролетариат дәуіріндегі татар әдебиеті» деген талдауы татар және орыс тілінде «Қызыл Татарстан», «Красная Татария» газеттеріне жарияланып, оған қоса «История татарской литературы», «Язык, письменность и литература в мире человечества» және «Татарская литература в эпоху пролетарской диктатуры» атты еңбектері 1930 жылы басылып шыққан. Темірбек Жүргеновтің негізгі мамандығы заңгер. Тума талант болғандығынан араб, парсы, шағатай, өзбек, түрікмен, татар, башқұрт тілдерін жетік меңгерген, тек қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиетінің жауһарларымен сусындап өскен, ұлан-асыр біліктілігімен танылған тұлға. Білім-біліктілігінің арқасында Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсіреповтердей қазақ әдебиеті алыптарының шығармаларына талдау жасап, оларға бағыт-бағдар беріп, әдеби пікірталастарда батыл ұстанымы болған. Ұлтжандылығының арқасында қазақ даласындай айқара ашылған кең құшағына Жамбыл Жабаев, Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Шара Жиенқұлова, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Жұмат Шанин, Ахмет Жұбановтардай талант иелерін сыйдырған. 1934 жылы Ахмет Байтұрсынұлы мерзімінен бұрын түрмеден босатылып, Алматыға оралып, тұрақты жұмысқа қабылданбай, қаржыдан тапшылық көріп жүргенде Темірбек Жүргенов оған 300 сом ақша бергізеді. Мәскеуде оқып жүрген қазақ азаматтарына қаржылай демеушілік жасап тұрған. Қазақ, өзбек, тәжік азаматтарын білімдерін көтеруге Ресейдің орталық қалаларына жіберген. Олар өз кезегінде іргелі білім ордаларынан алған білімдерімен өз елдерінің мәдениетін, өнерін, әдебиетін көтерген. Бұл – Темірбек Жүргеновтің көрегендігінің және кеңдігінің дәлелі. Темірбек Жүргенов – Алашордашылар идеяларын іске асырушы, тәуелсіздігіміздің себепкері 1936 жылғы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнері онкүндігінің бас ұйымдастырушысы Темірбек Жүргеновтің арқасында КСРО кеңістігіне, Кеңес үкіметінің басшылығына рухы өлмеген қазақ деген ұлт барын, оның жасампаз мәдениетінің, өрісі кең сан қырлы өнері паш етілді. Онкүндіктен кейін Кеңес үкіметінің басшылығы 1931-33 жылдары қолдан жасалған ашаршылық себебімен қазақ ұлтына жасалған қиянаттарын (мемлекеттік қылмыс) іштей сезінді. 1936 жылдың 5 желтоқсанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы болып қайта құрылды. Осыған дейінгі автономиялық статусынан Кеңестер Одағы құрамындағы дербес Республика атандық. Осының арқасында 1991 жылы Кеңестер Одағы тарағанда жеке дара мемлекет болып Тәуелсіздік жариялауға мүмкіндік туды! Егерде бұрынғы автономиялық статус күйінде қалғанымызда, Башқұртстан мен Татарстан сияқты Ресей құрамында қалып қойған болар едік. Бұл – тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді мен тарихшы ғалым, жазушы Бейбіт Қойшыбаевтардың тұжырымы.
2014 жылы қыркүйек айында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Т.Жүргеновке арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың: «Темірбек Жүргеновке дейін КСРО кеңістігінде: – Кім лас? Кім надан? Кім жалқау? – дегенде: – Қазақ ұлтының аты аталатын. Темірбек Жүргенов ұлт мәдениетін көтеру арқылы қазақты ұлттық кемсітуліктен арылтты. Қазақ мәдениеті тек осы үшін ғана Темірбекке қарыздар», – деген сөздері айтылған ойды айқындай түседі.Темірбек – әкесі Қараның озық ойлы болмысының арқасында жоғары білімді болудың барлық баспалдағынан өткен. Алғаш ауыл молдасынан сауат ашып, хат таныған. Көкілташ, Мир-Араб медреселерінен білім алған қазақтың айтулы шайыры Тұрмағанбет Ізтілеуовтен дәріс алып, шығыс әдебиетінің жұлдыздары Фирдоуси, Омар Хайям, Сағди шығармаларымен, хикаят-дастандарымен сусындаған. Қазалы уезіне қарасты Аламесек орыс-түземдік бастауыш мектебінде оқып, Перовск қаласындағы Суханский атындағы жоғарғы орыс-қазақ училищесін тәмамдаған. 1921-23 жылдары Орынбордағы жұмысшы (рабфак) факультетінде білім алған. Орыс тілін жетік білген. 2018 жылы Темірбек Жүргенов Орынборға келіп Нәзір Төреқұловпен кездеседі. Алаш қайраткерлері шығарған «Қазақ» газетінің Кеңес үкіметінің пәрменімен жабылып қалуына байланысты редакция үйін, баспахана жабдықтарын, қызметкерлерін пайдаланып, бас редакторы Н.Төреқұлов, орынбасары Темірбек Жүргенов боп «Қазақ мұңы» газетін шығарған. Орынбор қаласы Дутов ақгвардияшыларының қолына өтуіне байланысты «Қазақ мұңы» газеті үш нөмірі шыққаннан кейін жабылып қалған. Т.Жүргеновтің шығармашылығына талдау жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы: «Қазақ әдеби тілі, қазақ тілінің терминологиясы» деген мәселелерде Т.Жүргеновтің Ахмет Байтұрсынұлы жолын ұстана отырып,«Қазақ тіліндегі терминология мәселелері», «Қазақ әдеби тіліндегі келеңсіз жағдайлар» делінетін еңбектер жазғаны қазақ тіл білімі ғылымының өсіп-өркендеуіне, дамуына қомақты үлес болып қосылды.... Ол қазақ әдебиетінің өзекті мәселелерін А.Пушкин шығармашылығы туралы жазылған «Орыс халқының ұлы жазушысы және қазақ халқы» деген мақаласында көтерді... «Қазақстандағы мәдениет революциясында» осы ой тереңдетіліп, кеңейтіліп айтылды. Барша жақсы істің, игілікті, ізгілікті жұмыстардың бастамашысы бола білген Т.Жүргенов қазақ әдебиетін дамытуға да мемлекеттік тұрғыдан жанашыр бола алды, тікелей басшылық жасады. Оның Б.Майлиннің «Шұға» пьесасына жазған «У Шуга» атты пікірі, Ораз молданың аудармасы негізінде жазған «Казахский перевод Шахнама» атты ғылыми мақаласы, «Терме» жинағына енгізген Шернияз, Едіге, Базар жырау туралы пікірлері, «Қазақ халқының ақындары мен жыршылары», Асан қайғы туралы жазылған «Жерұйық» мақалалары – бұлар қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясында айрықша бағаланатын салмақты дүниелер. Бұлар әдебиет пен өнердің әртүрлі салаларының зәру мәселелерін көтерген және олардың шешу жолдарын көрсеткен алғашқы ғылыми еңбектердің бірі болып саналады. Т.Жүргеновтің ойлары мен тұжырымдарына, жазған-сызғандарына, атқарған қызметіне тән ортақ сипат бар. Ол – жаңашылдық, ол – бастамашылдық, ол – тиянақтылық, ол – білімдарлық, ол – жігерлілік, ол – принципшілдік, ол – реформаторлық. Осылардың барлығын қосқанда Т.Жүргеновтің ағартушылық тұлғасы мойындалады» деген. Менің он жылға жуық Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қорға жетекшілік еткендегі байқағаным, Темірбек Жүргеновтің Өзбекстандағы Халық ағарту комиссары қызметіндегі еңбектері, баяндамалары, сөйлеген сөздеріне қол жеткізу мүмкін еместігі. Темірбек 1923 жылы Қазақстанның Түркістан Республикасындағы өкілетті өкілі қызметіне кіріскеннен Орта Азия елдерінің шекаралық межеленуге қатысты мәселелерімен айналысып, қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, тәжік, қарақалпақ халықтарының тарихына, географиялық қоныстануына, демографиясына қатысты материалдарды жинақтады. «Орта Азия республикаларында тұратын қазақтардың жағдайы» атты тарихи-этнографиялық еңбек жазды. Түркістан өлкесіндегі Жетісу мен Сырдария губернияларын Қазақстанға қосу мәселесінің оң шешілуіне ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Зерттеу-зерделеу материалдарын САГУ университетін бітірердегі «КСРО мен Қазақстанды әкімшілік-шаруашылық тұрғыдан аудандастыру мәселесі» атты дипломдық жұмысымен түйіндеді. Мемлекеттік емтихан комиссиясы оны үлкен еңбек деп бағалап, жеке кітап етіп шығару жөнінде арнайы шешім қабылдаған. Орта Азия мемлекеттік университет профессоры
Н.Фиолетов кітапшаға алғы сөзінде: «Бұл еңбек өзектілігімен, маңыздылығымен, тақырыптың жан-жақты ашылғандығымен диплом жұмысы деңгейінен жоғары...» деп бағалаған. Т.Жүргенов университеттің мемлекеттік право факультетіне ғылыми қызметке қалдырылды.Темірбек Жүргенов неге атылды? Жоғарыда айтылған Мәскеудегі онкүндіктен кейін нарком Т.Жүргеновтің атағы жер жарды. Одақтық, республикалық баспасөз ақпарат құралдары жабыла және жарыса жазып жатты. Мақтаса, аспанға шығаратын, даттаса, жерге тығатын қазақтың қанына сіңген әсірешіл қасиетімен Темірбек Жүргеновтің сан қырлы таланты мен ұйымдастырушылық қабілеті жайлы мақтаулар мен мадақ, көтерме сөздер, тіпті арнау өлеңдер жазылып аты аңызға айналды. Сол кезеңнің ғасырлық құрылысы аталған «Түркістан – Сібір» темір жолы іске қосылып, қазақ даласында жүздеген жүк вагондарын тіркеген паровоздар ағылып жатты. Рухы қайта оянған әр қазақтың үкімет пен партияға, оның «ұлы көсемі» Сталинге сенімі артты. Мақтауға тұрарлық Темірбектей рухты перзенттерін өлеңге, әнге қосты. Ақын Әбділда Тәжібаев жазған «Паровоз» атты өлеңде – «Бастаушым компартия ұлы Сталин,/ Қолынан путевкасын берген маған./ Сондықтан Отанымды шыр айналып,/ Дауысым жер жарады дабылдаған./ Айналам жайнаған,/ Жайнаған./ Алтын таң./ Ұранын Темір Нарком орындаған,/ Аумаған, ауыспаған құрыш табан./ Жарқырап жүз мың вагон жетегімде,/ Әнімді естіртемін аңқылдаған./ Паровоз, арқыра, зуылда,/ Жарқыра өндірте, артылта-артылта!...» көріп отырғаныңыздай, Темір нарком – Жүргенов Темірбекті Сталинге жақындатып, паровозға теңеп отыр. «Паровоз» әні атақты әнші Манарбек Ержановтың орындауында қазақ аспанында қалықтады. Темірбектің дұшпандары қызғаныштан іштері жарылардай күйінді. Жаулары көбейді. Естіген жұрт, қазақ ауылдарындағы, еңбек ұжымдарындағы, мектептердегі көркемөнерпаз үйірме мүшелері әнді қағып алып, ауыздан-ауызға көшіріп шаттана шырқап жүрді. 1937 жылы Мәскеу биліктің пәрменімен Т.Жүргенов Семей сайлау округінен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат болып ұсынылды. Бұл деген, Т.Жүргеновті Қазақстан үкіметінің басшысы немесе орталық партия комитетінің бірінші хатшысы болатынының хабаршысы еді. Осының алдында Семей пароходствосының бастығы Чик деген азаматтың үстінен «Троцкийшіл» деген арыз түсіп оның партиялық мәселесі қаралған бюро мәжілісінде сол кездегі Қазақстанның Ішкі істер комиссары Залин: «Мынаның партиялық мәселесін шешіп беріңдер, бұл халық жауы, аттырып жіберемін», – деп қаһарланған. Үзіліске шыққанда әлгі Чик өзі атылып өлген. Т.Жүргенов Залинге, – Сен не істедің, кінәсі дәлелденбей жатып, оның үкімін шығарып, азаматтың өліміне себепші болдың, деп әділетсіз сөзін бетіне басқан. Залин, – Ол – қылмыскер, кінәсін білгесін атылып өліп отыр деп ақталған. Міне, Жүргеновтің жарқырап жұрт алдына шыққаны, қызғаныштан көре алмаушылардың көбеюі, осыған дейінгі ұлан-ғайыр істері Темірбекті Жоғарғы Кеңестің депутаты боп сайланып кетпей тұрғанда тұтқындау жоспарын құруға және оны жедел түрде орындауға итермеледі. Залин зымиян ойын іске асырды. 1938 жылы 25 ақпан күні НКВД-ның жертөлесінде атылып, мүрделері қапқа салынып, Сәкен Сейфуллин, Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин, Сүлеймен Есқараев т.б. барлығы 19 мемлекет және қоғам қайраткері құпия түрде Алматы қаласы жанындағы (Боралдай) «Қандысай» деген жерге апарып тасталған. Жерленбеген. Көздерін көр топырақ көмген. Сол жерді саяжайға айналдыру шешімі шығайын деп тұрғанын білген Мардан Байділдаев бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері наразылық танытып сақтап қалған. 1992 жылы халықтың талабымен қойылған ескерткіш белгі бар. Темірбектің әкесі – Қара Жүргенұлы Қара, (шын есімі – Сырлыбай) 1858 жылы дүниеге келген. Өз заманының көзі қарақты, ақылды, байлығымен де, билігімен де елдің көшбасшысы болған. Ордадай орны бас, хан басындай қадірі бар (Ұларбек) Кеңес жаналғыштарының әмірі орнағанға дейін Қараның сөзі жерде қалмаған. Атағы жер жарған қазақтың кәсіби палуаны Мұңайтпасұлы Қажымұқан өзінен мүшел жас үлкен даңқы асқан Қараны іздеп арнайы сәлем беріп келіп тұрған. Екеуінің сыйластығы, бірі-бірін қадір тұтқандығы жайлы ел арасында айтылып жүрген әңгімелер баршылық. Қара ақсақал Қажымұқан палуанға бір келгенінде тайтұяқ алтын сыйлап, құрмет көрсеткен. Темірбектің Өзбекстан мемлекетінің Халық ағарту комиссары болып тағайындалғанын әкесіне жеткізгенде, Қара: – Балам алдымен өзінің миын ағартып алсын, – деп ұлының Кеңес үкіметіне қызмет еткенін құптамай, наразылығын білдірген. Қара, 80 мың қой, 3000 жылқысы, 1000 түйесі бар деп көрсетіліп, малдары тәркіленіп, Қарқаралыға үш жылға жер аударылған. Темірбекке «халық жауы» деп айып тағылып, тұтқындалғанын «Социалды Қазақстан» газетінен білген Қызылорда қаласындағы НКВД өкілі Пяткин деген сұрқия 80 жастағы Жүргенұлы Қараны 1937 жылы 27 қыркүйекте Қызылордада аттырып жіберген. Рухы шат болғай! Темірбектің жары Дәмеш Ермекова – Жүргенова Ермекова Дәмеш Әмірханқызы – Темірбектің адал жары, қайраткер ана. Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина бөлімін Темірбекпен бірге бітірген. Қазақ автономиясы шекарасының біртұтастығын жанқиярлықпен қорғаған «халық жауы» деген жаламен 1937-1957 жылдары екі рет сотты болып, түрме азабын тартқан Ермеков Әлімханның ағасы Әмірханның қызы. 1938 жылдың 25 ақпанында Темірбекке «халық жауы» деген жалған айып тағылып ату жазасына үкім шығарылғаннан кейін Дәмеш те «халық жауының» әйелі болғандығы үшін 8 жылға сотталып, «АЛЖИР»-ге (Акмолинский лагерь жен изменников родины) айдалады. Оның 7 жылын, алғашында Ақмола лагерінде, кейін Ресейде солтүстік Орал НКВД-ның түрмесінде отырған. Босағаннан кейінгі 12 жылы Бурабай шипажайында, Қарағанды өкпе аурулары ауруханасында фтизиатр дәрігер болып қызмет етумен өткен. Алматыға оралуына Темірбек Жүргенов ақталғаннан кейін ғана мүмкіндік жасалып, Алматы медициналық институтына орналасып, дәріскер қызметін атқарған. Үш әріп тыңшыларының қадағалауында бола жүріп, өмірінің соңына дейін Темірбектің өз халқына толық танылуына, оның еңбектерінің жинақталып, жарыққа шығуына, елі үшін атқарған жұмыстарының өз бағасын алуы жолында көп еңбек сіңірді. Мемлекеттік ұйымдардың есігінен жасқана сығалап, жазықтыдай имене еніп, үміті бірде ақталып, бірде тапталып, талай табалдырықты тоздыра жүріп, бар қайрат-күшін сарп етті. Жүргеновтер отбасында әкесі Темірбек атылып, анасы Дәмеш сотталып кеткеннен кейін 13 жастағы жалғыз ұл Жұманазар да тағдыр тәлкегіне түседі. Халық жауының баласын паналатуға, қамқорлық жасауға әркім өз басынан қорыққан заман. Темкеңнің туған қарындасы Зағипа сол кезде бес жаста, Темірбектің Қосжан, Досжан деген бауырлары Қарақұм көтерілісіне қатысушылар қатарында көздері жойылған. Жүргеновтер әулетін тұқым қалдырмай, құртып отырған. Немере, шөбере туысқандарынан тірі қалғандары тектерін, туған мекендерін өзгертіп, қашып айла жасап аман қалған. Ел-жұрттың айтуы бойынша, кім екені белгісіз, бір мың болғыр жан Жұманазарды Алматыдан пойызға отырғызып, артынан бақылап отырып, Қызылорда қаласынан өткеннен кейінгі Қараөзек стансасына дейін жеткізіп, «Кез келген қазақ үйінің біріне барып, «Жүргеновтің баласымын» десең, сені сыртқа теппейді» деп түсіріп кеткен. Жұманазар төрт жылдай әркімнің есігінде жүріп, мектептен де әлденеше рет қуылып, 17 жасында 1942 жылы өзі сұранып майданға аттанып, содан хабар-ошарсыз кеткен. Ленинград майданында опат болған деген дерек қана бар. Міне, қасірет үстіне қасірет. Темірбек Жүргенов тұтқындалғаннан атылғанға дейін 6 ай абақтыда отырғанда, кеңес жаналғыштарының қолынан талай азаптау мен қорлауды көрді. Осындай қорлауды Дәмеш те аз көрген жоқ. 7 жыл түрме мен 12 жыл ізін аңдыған тіміскілердің қорлығына төзу үшін де қанша жүйке жұқарып, қаншама мазасыз күндер, ұйқысыз түндерді бастан кешірді десеңізші! Бәрінен де ауыры, кеше дос болып, бауыр болып жүрген жақыныңның саған күдікпен, үреймен қарап теріс айналатыны неткен сорақылық еді. Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор атынан Дәмештің туған топырағы Қарағанды облысының басшыларына әлденеше рет, осындай қайраткер аналардың есімдерімен білім нысандарын, көше атауларын беріп ұрпақ жадында сақталатын игі істер атқару жайлы ұсыныстарыма: Дәмеш Ермекова тарихи тұлға тізімінде болмауына байланысты ұсыныңыз орындалуға жатпайды деген жауап алып жүрмін. Қарағанды энциклопедиясында «Дәмеш Ермекова–Жүргенова, Қазақ КСР-ге еңбегі сіңген дәрігер, Алматы қаласының құрметті азаматы» деген анықтама тұр. Қоғамдық қордың ұсынысымен Қызылорда қаласында бір көшені Дәмештің есімімен атауға қол жеткіздік.
Сәби Аңсат, Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор төрағасы