51244
Сирек кездесетін дертті жеңген қыздың кітабы әлемнің 6 тіліне аударылды
Сирек кездесетін дертті жеңген қыздың кітабы әлемнің 6 тіліне аударылды
Қазір «мотивация» сөзін жиі еститін болдық. Көбі бұл тақырыпта түрлі курс өткізіп жүрсе, Жәмилә Бақтиярқызы кітап жазып шығарды. Осы орайда көкейімізде «Қаршадай қыз қандай мотивациялық кітап жазуы мүмкін?» деген сұрақ туындауы заңды. «Күрес», «Сенім», «Жеңіс» деп аталатын үш тараудан тұратын «Бәйшешек» кітабында ол өзгенің емес, өз жайын баяндайды. Он жыл бойы ауыр дертпен күрескен жасөспірім қыз сөйлей алмай, аурухана төсегіне таңулы жатқан кезде айналасындағылармен қағаз, қалам арқылы тілдескен болатын. «Қиын сәтте екі әлем мен үшін таласты, ал мен өмір үшін күрестім» деген ол бұл жолы жеңіске жету тарихын қағаз бетіне түсіруді жөн көріпті.
«Түрменің қара бұрышында жатқандай сезіндім...»
«Аяқ-қолым байлаулы, айналам жүрегімнің лүпілімен жарыса әндеткен аппараттарға толы, кеңірдегім қалың түтіктің кесірінен кеуіп кеткен. Жанымда айналшықтап бір әйел жүр. ...Кенеттен қолымның ашып жатқанын сездім. Маған система арқылы бұлшық еттердің жұмысын реттейтін «калий» деген дәруменнің сұйық түрін тамызып жатқанын түсіндім. Тамырды күйдіріп тастайтын бұл дәріні асықпай тамызу керек еді, мынау болса құйылып-ақ тұр. Тамырларымның ашып жатқанын айта алмаймын, білдіре де алмаймын. Себебі аузымда өкпемді жасанды желдететін аппарат тұр. Қолымды көтеруге күш жоқ, оған қоса төсектің шетіне байлап қойыпты. Аяғым да байлаулы. Өзімді құдды бір салқын түрменің қара бұрышында жатқандай сезіндім», – дейді шарасыз күйде жатқан Жәмилә. Оның сырқаты қаншалықты ауыр екенін осы сөздерден анық аңғарасың.Жәмилә он жасында кенеттен ауырып қалады. Ауру белгілері алдымен көзден білінген болатын. Айналасындағы заттар екеу болып көрініп, көз қарашығы жоғары қарай тартыла бастаған. Одан кейін бет бұлшық еттеріне көшеді. Осыдан соң өз бетімен қимылдауы да қиындай береді. Алайда ауру жанына қанша батса да, анасын уайымға батырғысы келмейді.
«Әдетте қолым, аяғым немесе мойын бұлшық еттері бөлек-бөлек әлсірейтін. Ал дәл қазір әлсіздік денемді түгелдей жалмады. Осы әлсіз қалпымды анам көрмесе екен деп, аяқтарымды қолыммен кілемге тіредім де, қайта тұрдым. Сол күні кешкі асты, әкемнің жұмыстан, ағамның оқуынан қайтқанын асыға күтетін мен «олар бөгеле тұрсыншы» деп тілеумен жаттым. Біраз тынықсам, күшім қалпына келіп, дастарқанға отыруға шамам келер деп ойладым», – дейді ол.Бірақ бұл ойы орындалмайды. Бойын билеген сырқат әдемі күлкісінен де, анық шығатын нәзік даусынан да айырады. Бұлшық еттері тым әлсіз болғандықтан отбасымен бір дастарқанға отырып, қолына қасық ұстап, анасы әзірлеген асты ішудің өзі арманға айналады... Ол көбіне жататын. Ата-анасы аяқ-қолын уқалап берсе, ағасы көңіл күйін көтеруге тырысады. Әлсіздік әсіресе кешкі уақытта күшейеді. Күреске толы кештерде оның көз ілмеген сәттері болды. Өйткені «ұйықтасам ояна алмай қаламын ба, ауа жетпей қала ма» деп уайымдайды. Мектебін де қатты сағынды. Білім ұясына өз аяғымен барып, партаға отырған сәт қандай бақыт еді?! Алдымен көзді әлсіреткен бұл дерт он екі мүшеге түгел тарайды. Он бірге енді толған жасөспірім қыз аяғын қимылдатуға шамасы келмегенде мектепке жүгіре барған кездерін елестетіп, ата-анасына «мектепке барамын» деп жылайтын. Екі жылдан кейін диагноз қойылды Дерттің емін іздеп бармаған жері қалмады. Әлемнің онға жуық елінің мамандарымен кеңескенмен, одан да нәтиже болмады. Осылайша, аурумен арпалысып шаршаған сәтте мықты невропатолог Алма Сейдуалықызымен кездеседі. Екі жыл бойы белгісіз болып келген дертті Алма Сейдуалықызы небәрі он минутта анықтап береді. Сөйтіп, иммунитеттің кері жұмыс істеуінен бұлшық етті әлсірететін миастения диагнозы қойылды. Бұл – сирек кездесетін неврологиялық ауру. Алма Сейдуалықызының нұсқауымен салынған дәріден кейін жүзі күлімдеген Жәмилә арманына қанат байлап, қайтадан күрес жолына шығады. Бұл қасында құрақ ұшып жүрген ата-анасына да үміт сыйлаған еді. Ауруханадағы ұзақ күндер бұдан кейін де жалғаса берді. Жақындары Жәмиләның жанына келгенмен, қасында көп аялдамайтын.
«Спирт пен хлордың иісі араласқан салқын бөлмеге анамның кіргенін байқамадым. «Қалайсың, қызым? Қай жерің ауырады? Тамағыңды берді ме?» деп сұрады. Мен сөйлей алмаймын, ойымды не жанарыммен, не қара қаламның ұшымен білдіремін. «Жақсы, мам. Тамақ іштім. Сіздер қалайсыздар?» деп жаздым. ...Баласының жан қиналысын көрген анада өмірге деген құштарлық қайдан болсын? Анам қолымды қатты қысты да, өмір мен өлім арпалысқан сол бір суық бөлмеден қайта шықты. Мен тағы да жалғыз қалдым...», – дейді ол.Жалғыздық пен сырқаттың азабын тартып жатқан қыз жансақтау бөліміндегі әрбір минутын бағалайды. Өмірдің мәнін сол кезде тереңірек түсіне бастаған. Қорқынышты, қараңғы, ұйқысыз түндерде, жаны қиналған адамдардың даусынан шошыған сәтте бір қолымен екінші қолын ұстап, өз-өзіне күш беретін. Екі қолының барына қуанып, «тәубе» дейтін. Таңнан кешке дейін тамшылайтын система шаршатқан сәтте бала қиялымен әр қиырды кезіп кетеді.
«Бүгінгі таңғы асты әкемнің қолынан ішкім келді. Бұл тілегімді қағазға жазып жеткіздім. Әкем медбикеден тамақ құятын шприцті толтырып, бейберекет шатасқан сымдардың ішінен тамақ құйылатын жіңішке түтікті тауып, жайлап құя бастады. Тамақты өз тісіммен шайнап, өз күшіммен жұтпағаныма біраз күн болды. ...Сансыз сымның арасында жатқан әлсіз денемді көтермегелі қашан...».Осы жолдарды оқып отырып, қаршадай қыздың шыдамдылығына таңданбасқа шара жоқ. Жәмилә жансақтау бөлімінде кездестірген медбикелерді өмірінде кездескен ең мықты батырлар деп біледі. Өзі айтқандай, бұл жер нағыз майдан еді. Қаншама адам өмір үшін күресіп, жанталасқан бөлмеде оның ең көп сырласқан адамы да осы медбикелер болатын. Ақ халатты абзал жандар оның көп жата бергеннен ойылып кеткен беліндегі жараны таңып, мазь жағып, массаж жасап береді. Аптасына бірнеше рет жуындырып, шашын өреді. Өздігінен дем ала алмай, аппаратта жатқан оның жанына келіп, кітап оқып, түрлі ертегілер, әңгімелер айтып ұйықтатады. Олардың не айтқанын ұмытса да, мейірімге толы жүзі мен адал ниеті мәңгі жүрегінде қалды. Соңғы мүмкіндік... Осылайша, сабырды серік етумен уақыт шіркін өте берді. Дәрігерлер ағзаның дертті жеңіп шығатынынан үміттеніп, үш жыл бойы ем жүргізгенмен нәтиже аз болды. Енді соңғы мүмкіндік – ота жасату. Оны Кореядан келген дәрігерлер жасайтын болды. Жәмиләнің шетелге бармасам екен деген тілегі де орындалды. Ол сау кезінде елінен жырақта жүруге он күннен артық шыдамағанын айтады.
«Туған топырағым – Қазақстаным бойыма рух сыйлайтын. Кейде ауыр дертпен күресте туған жерімнің де көмегі көп болды деп ойлаймын», – дейді ол. Бір тамшы суға зар болып, астың дәмін ұмытқан сәтте аштық жылдарын бастан өткерген ата-бабамызды, бір литр қанын тазалауға алып кетіп, өңі сұрланып, жаураған сәтте Желтоқсанның аязына төтеп берген аға-әпкелерімізді есіне алғанын айтады. Сөйтіп, қандай жағдай болса да, берілмеуге бел буады. Төсекке таңылып жатса да, «бұл ауруды жеңемін де, халқыма пайдам тиетін азаматша боламын», – дейді қайсар қыз.Жәмилә ауыр дертпен арпалысып жүргенде қатарластары бір-біріне хат жазысып, алғаш рет ғашықтық сезімді бастан өткеріп жатқан. Мұны әлеуметтік желіден байқаған ол қызыға қарайтын, бірақ өміріне өкпе артқан емес. Керісінше, Жаратушыға деген сенім оның жанын жадыратты. «Алғашқы махаббатым да, сенім мен сезімге толы жаным да Аллаға арналды. ...Мен ауруымды қатты жақсы көре бастадым, себебі ол мені Аллаға жақындатты», – дейді ол ағынан жарылып. Кореялық хирург-дәрігерлер келген бойда отаны тезірек жасау керек екенін айтады. Бес сағатқа созылған күрделі ота сәтті аяқталып, Жаратқанға «Өмір берші» деп жалбарынған Жәмиләның тілегі қабыл болды. Кейіпкеріміз бұл ота отандық дәрігерлер мен хирургтар үшін «мастер-класс» болғанын айтады. Шетелдік дәрігерлер биохимияның антиденелерін қанға тарататын көкірек тұсындағы айыр безін арнайы құрылғымен алып тастаған. Отадан кейін Жәмиләның жаңа өмірі басталғандай болды. 2017 жылы 10-сыныпқа барған ол мектепті үздік бітіреді. Сөйтіп, өзі қалаған Журналистика факультетіне оқуға түседі. Он жыл бойы сирек кездесетін ауыр дертпен күрескен қыздың бұл әрекеті шынында құрметке лайық. Дәрі ішіп, аздап күш жинаған сәтте ол қолына қалам алып «Аллаға хат» жазатын.
«Ауру мені тұншықтыра жаздаған сол бір қиын сәттерде көп сөйлей алмайтынмын. Басымды бір изеп қойып, ойымды ишаратпен жеткіздім. Сондай күндердің бірінде қолыма қалам алып, ақ парақтың бетіне Жаратушыма хат жаздым. Сыртында «Аллаға хат» деген жазуы бар, бүктелген ақ қағазды әлі күнге дейін сақтап жүрмін. Сол хатта Жаратушыма бар мұңымды шағып, соншалық қолжетпес көрінген армандарымды және өмірлік сценарийімді жазыппын. ...Сенесіз бе, сол хатта жазылған әрбір сөз – менің бүгінім, барлық арман мақсатыма айналды», – дейді таңданысын жасырмаған Жәмилә.«Кітап менің диагнозыммен ауырып жатқан адамдардың қолына түскеніне қуанамын...» Бүгінде Астана қаласында магистратурада білім алып жатқан кейіпкеріміз кітапты өзі сияқты қиындыққа тап болып, өмір үшін күресіп жатқан жандарға қолдау білдіру мақсатында жазғанын айтады. Жәмиләның бұл тілегі де орындалды деуге болады. Өйткені кітапты ауруханалар тапсырыс беріп алдырып жатыр.
«Бәрінен бұрын бұл кітап менің диагнозыммен ауырып жатқан адамдардың қолына түскеніне қуанамын. «Рақмет сізге. Күресуіме шабыт берді» деп жазылған хаттар келіп жатыр. Көбі сөйлескісі, кездескісі келетінін айтады. «Жұғысты болсыншы» деп, қолымды алғысы келеді. Адам басына қиындық түссе, қайсарлық танытып, күресуі керек. «Жарық күнім туады, жазыламын» деп армандау қажет. Алға қарай талпынуды тоқтатпау керек. Жақындарыңның қолдауы маңызды. Дегенмен адамның ішкі сенімі бірінші орында. Мен кімге сендім? Қалай күрестім? Әрине, алдымен Аллаға сендім. Бұлттан кейін күн шығатынына сендім. Бала болсам да қиялдайтынмын. Адамның қиялы, жақсылыққа деген сенімі ағзасына оң әсерін береді екен. Адам баласы болғаннан кейін түрлі ой мазалайтыны рас. Дегенмен үмітті үзбеу керек», – дейді ол.Сонымен қатар кітапта он жыл бойы жанынан табылған жақындарына, дәрігерлерге, ауырып жатқан сәтте үйіне барып білім берген аяулы ұстаздарына және күрес жолында қол ұшын созған жандарға алғысын білдірген. Бас кейіпкер жасөспірім болғандықтан шығар, қазір бұл кітап мектеп оқушылары тарапынан да үлкен сұранысқа ие. Осыған дейін Астана, Орал, Алматы, Талдықорған қалаларында арнайы кездесулер ұйымдастырылған. Жәмилә жақында Шымкент қаласында өткен апталықтан үлкен әсермен оралғанын жеткізді. Қаладағы мектептер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кітапханада кездесулерде мектеп оқушылары ерекше әсермен қарсы алып, түрлі сұрақ қойғанда тосылып қалған сәттері болғанын айтады. Кітапхана ұжымы кітаптың аудио нұсқасын да жасап қойыпты. Жәмиләның тырнақалды туындысын Мемлекет басшысы да оқып, құттықтау хатын жолдаған. Мотивациялық кітап қазір ағылшын, орыс, өзбек, кәріс, испан, қырғыз тілдеріне аударылып, оқырманға жол тартты.
«Кітабымды жансақтау бөлімінің қараңғы бұрышында өлімнен қорқып, өмірді сүруге әрі сүюге асыққан қалпымда әкем мен анама «Не үшін? Неге мен?» деген сөздермен бастағаным да бекер емес. Кітаптың қорытынды сөзінде мына бір ақиқатты айтамын: «Араға он жыл салып не үшін екенін де, бұл сынаққа неге менің таңдалғаным да белгілі болды. Күрес үшін, Сенім үшін, Жеңіс үшін...», – деп ойын түйіндейді автор.[caption id="attachment_217267" align="alignnone" width="1600"] Газет редакциясында[/caption] Өмір деген күрестен тұрады емес пе? Әрбір адам сол күресте жеңуге талпынады. Жәмиләның жеңісті жолы басқаларға жұғысты болсыншы!