50225
Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнайды
Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнайды
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары Ғабиден Темірбеков Вьетнам Социалистік Республикасының Сыртқы істер министрлігі Консулдық департаментінің директоры Люонг Тан Куанмен бейнеконференция форматында келіссөздер өткізді деп хабарлады turkystan.kz.
Тараптар консулдық салада достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мүмкіндігін атап, алғашқы әрі маңызды қадамдардың бірі ретінде екі елдің жалпыазаматтық паспорттардың иелері үшін визалық режимді жеңілдету туралы үкіметаралық келісімге қол қоюға уағдаласты.
Ғ.Темірбеков Вьетнам тарапына Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Оңтүстік-Шығыс Азия өңірімен түрлі салалардағы байланыстарды одан әрі тереңдету ниеті туралы айтты және үкіметаралық құжаттарға қол қою оның тікелей растауы болып табылатынын жеткізді.
Люонг Тан Куан екі ел арасындағы қарым-қатынаста таңдалған бағыттың маңыздылығына назар аударды және халықаралық шартты тез арада келістіруге бар күшін салуға дайын екенін айтты.