50244
Үш күн далада қонған: Ақтөбеде мал іздеуге шыққан адам адасып кеткен
Үш күн далада қонған: Ақтөбеде мал іздеуге шыққан адам адасып кеткен
Ақтөбе облысында адасып, үш күн далада түнеген ер адам құтқарылды деп хабарлады turkystan.kz.
Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылғы 16 сәуірде сағат 18:15-те 112 құтқару қызметіне ауа райының қолайсыздығына байланысты Әйтеке би ауданы Толыбай ауылынан Жабасақ ауылы бағытына қарай мал іздеп шыққан тұрғынның хабарсыз кеткені туралы хабарлама келіп түскен.
«Ауданда осы күндері дауылды ескерту жарияланған. Дауылды ескертулерге қарамастан ер адам жоғалған малын іздеуге шыққан", - делінген хабарламада.
Іздестіру құтқару жұмыстарына аудандық ТЖБ қызметкерлері, полиция бөлімі және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Іздестіру құтқару жұмыстары 3 күнге созылды.
«Іздестіру-құтқару жұмыстары нәтижесінде жоғалған азаматты құтқарушылар 18 сәуірде сағат 10:45-те Ақсу қыстағының маңынан 5 км қашықтықта тапты. Құтқарушылар 35 жастағы ер адамды Толыбай ауылына жеткізді. Құтқарылған адамның жағдайы тұрақты, медицина қызметкерлерінің бақылауында", - деп жазылған хабарламада.