831
Антропоцен дәуірі: Әлемді ізгілік құтқарады
Антропоцен дәуірі: Әлемді ізгілік құтқарады
Әлемді тағы да зорлық-зомбылық, өшпенділік пен алауыздық жайлап алды. Оның себебі – жалған діндарлықты, нәсілдік пен этникалық артықшылықты, алдамшы сыртқы саяси мүддені жамылған жандардың шексіз ашкөздігінің, билік құмарлығы мен саяси сотқарлығының салдарынан әлемді дұшпандық, лаңкестік әрекеттер, басқыншылық соғыстар өрті шарпуда. Орта ғасырлардың рақымсыздығы қайта оралып, күнәсіз сәбилерге, ауруханаларға оқ жауып, миллиондаған бейбіт халық шарасыздық күйін кешуде.
Планетамыз өзінің даму жолында миллиондаған жылдар бойы табиғат сүргіндеріне ұшыраған, тұтастай биологиялық түрлердің жойылуымен аяқталған геологиялық, биологиялық және климаттық дәуірлерден өткен. Біз бүгінде Антропоцен («адам дәуірі») аталатын жаңа дәуірде өмір сүріп отырмыз. Орнағанына санаулы онжылдықтар өткеніне қарамастан, бұл дәуір адамзаттың табиғи ресурстарды аяусыз тауысып, табиғатты жоюын жалғастырған өрескел тіршілігінің салдарынан қоршаған ортаның орны толмас жойқын өзгерістеріне әкеліп отыр. Осындай қатерлі қарқын жалғасатын болса, адамзатқа 2050 жылға таман табиғи ресурстардың көзі ретінде қазіргідей үш планета қажет болмақ. Адамзат өзінің жойылуына апаратын зұлмат-сүргіндерді өз қолымен жасау арқылы жер бетіндегі саналы тіршілікті сақтау жолындағы оған жүктелген жауапкершілікті әзірге ақтай алмай отыр.
Бұл таңғаларлық құбылыс емес, себебі адамзаттың ішкі-сыртқы әлемін «адам адамға қасқыр» дейтін Платонның, «адамның жақсылығы аз» деп санаған Фрейдтің, «адамгершілікті әлсіздік» санаған Ницшенің көзқарастары билеп-төстейді. Расымен, жалғандық, жауапсыздық, сатқындық, өнегесіздіктің кертартпа үлгілері – адамның таныстар, серіктестер, қоғамдағы құрметті адамдар, тіпті, отбасының мүшелерімен қарым-қатынасында басымдық алып отырғанын мойындау қажет.
Ақша табу үрдісі, компаниялар мен мемлекеттік құрылымдарды басқаруды жемқорлық-парақорлықтың жайлап алғаны соншалық, бұл қалыпты құбылысқа айналғандай. Іскерліктің мағынасын өзгеше түсінетін болған секілдіміз. Серіктесіне қулық-сұмдық жасау, банктен қарыз алып, қайтармау, ал банктер қарызға батқанда, кейіннен тиімді сатуға болатындай көздерін қарастыру секілді амалдау – бүгіннің қалыпты көріністері. Осылайша, ұрлық-қарлық пен қулықтың айқын айла-тәсілдері «қаржы нарығының құралдары», «пирамида сұлбасы» деген жасырын желеулерді бүркеніп келеді.
Мемлекет экономиканы құтқару мақсатында осындай олқылықтар мен пайдакүнемдіктің орнын толтырып, өтеуге мәжбүр. Ақыл-ой, қабілет, адамгершілік, абырой жоғары құндылық дәрежесінен тыс қалған; жекешілдік сананың негізінде байлық, билікқұмарлық, мансапқорлық өркен жайып, жеке бастың қамын ойлап қана өмір сүру әбден қалыптасқан. Мұндай өнегесіздік қоршаған ортаның аман-саулығына қатер төндіруде, байлық пен кедейліктің арасындағы қайшылықтың аспан мен жердей алыстай түсуінің басты себебі болуда.
Экономика ғылымы ойшылдарының басым көпшілігі «адам өз қызметінде тек жеке бастың қамын басшылыққа алады» деп санаған. Бұл түсінік Адам Смиттің қосымша құн және еркін айналым туралы белгілі теориясының, сондай-ақ, қазіргі нарықтық экономиканың негізін құрайды. Бірақ сол Адам Смиттің «әрбір жеке тұлға басқа адамдардың аман-саулығына лайықты үлесін қосуы және қоғамның үйлесімді дамуын қамтамасыз етуі қажет» екендігі жайында нұсқауын ұмыт қалдырған сыңайлымыз.
Эволюция теориясының іргесін қалаушы Чарльз Дарвиннің ойынша, табиғаттағы өзара көмек – эволюциялық дамудың аса маңызды факторы, оның негізінде қоршаған ортасына ниеттестік, рақымшылдық танытқан тұлғалардың өміршеңдігі басым түсуі байқалады, себебі қоршаған ортасы да оған ізгілікпен жауап қатуға бейім. Өміршеңдікті қамтамасыз ететін гендер осылайша іріктеледі.
Демек, адамгершіліктің, ізгіліктің алғышарттары адам жанының генетикалық құрылымында жатыр. Сондықтан, көптеген діни ағымдар рақымшылдыққа, қамқорлыққа, аяушылыққа, адал ниет пен өзара көмекке баса назар аударады. Алайда адамгершілік идеялары алаңқай-тоғайлардың арасында, шыңдардың басында тыныштықта уағыз айтушы ақылгөйлердің ойында ғана емес, көбінесе, соғыс өрті тұтанған, қасірет пен қайғы басқан, шиеліністі жағдайларда қалыптасқан. Бүгінде озбырлық шырқау шегіне жеткен заманда осындай уақыт орнаған секілді.
Адамзатты ислам, христиандық, иудаизм немесе буддизм болсын, жалпы дін құтқарды дегенді жиі естиміз. Әлемдегі көптеген қақтығыс пен соғыстарға діннің тарихи қатысы бар деген пікірді жақтаушылар саны да көп. Дегенмен, нақты шындық қайсысында жатқандығы белгісіз.
Жас шағымызда атеистік қоғамда өмір сүре отырып, ата-анамыз, жақындарымыз, ұстаздарымыздан мейірімділік, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсету – адамның аса абыройлы қасиеттері екендігін, ал жеке бастың қамын ғана ойлау, қоршаған ортаны менсінбеу, немқұрайлы көзқарас – ең нашар қылық екендігін жиі еститінбіз. Ата-анамыздың сөздері іс жүзінде нақты көрініс тауып, үлгі болып отыратын.
Біздің алған ақыл-тәрбиеміз келесі адамгершілік қағидаларына негізделеді: «Қоршаған ортаңды сыйласаң, олар да сені сыйлайды» немесе «Өзіңе тілемейтін нәрсені басқаға істеме. Өз жүрегіңді ауыртатын қылықты басқаға жасама». Және бірнеше ғана рақымшыл істерді орындаумен шектеліп, кейін өзге қылықтарға орын беру жеткіліксіз. Конфуций айтқандай, адамгершілік қағидаларын «күні бойы және күнделікті» орындап отыру қажет.
Мұндай түсінік көптеген философиялық және діни көзқарастардың өзегін құрайды. Оның түрлі топшылануы Тәуратта, Жаңа Інжілде, Құранда, Будда ілімінде келтіріледі, олар мұндай қағиданы ұстанғандарға құдайдың, жасағанның рақымын иеленіп, рахат күйге бөленуі немесе болмыстан тыс керемет нәрсені уәде етеді. Алайда дінді зерттеуші белгілі ғалым, «Құдай тарихы» кітабының авторы Карен Армстронг айтқандай, «біз діни құндылықтар ашкөз түйсіктің, пайдақор саяси мақсаттың мансабын көздеп, ұрлық-қарлыққа ұшыраған дәуірде өмір сүрудеміз». Ғасырлар бойы сүйіспеншілік пен адамгершілікке үндеп келген Қасиетті Кітапты жөнсіз-жосықсыз тартыс-талас, алауыздықты тарату үшін қолданушылар көбеюде. Құранның сүрелерінен орта ғасырлық тағылықты, озбырлықты ақтайтын жолдарды іздеп бекер әуре болушылар да кездесуде.
Мұның бәрінің баламасы қандай? Алысқа барудың қажеті жоқ. Қазақ қоғамында әрдайым отбасылық ізгілік құндылықтардың таратушысы – Ана, Апа болды, оның есімімен рухани, мәдени бастау, биік өнеге байланысты. Тәңіршілдік, несторианды христиандық, иудейлік, ислам секілді діни ағымдардың әсерін сезінген көшпенділер тарихының түрлі кезеңдерінде, коммунистік идеологиямен өмір сүрген шақта да, әрқашан қазақтар үшін осылай болған. Қазақтардың рухани байлығының биік шоқтығы – Абайдың «Қара сөздері». Халықтың даналығы ауызба-ауыз, мақал-мәтелмен ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған. Рухани құндылықтар ана сүтімен сіңіп, адамның санасына балалық шағынан орныққан және өмірінің соңына дейін сақталған. Осы рухани құндылықтар қазақтарға кең байтақ даладағы өміршеңдігін, этникалық ерекшелігін, бейбітшіл кең пейілін, өр мінезін сақтауға мүмкіндік берген. Ұлдарының бойында ер азаматқа тән нағыз тұлғалық қасиеттерді, әйел затының бойында отбасына, ұрпаққа бейімділікті баули отырып, ұлтымыз қалыптасқан.
Ана мен баланың арасындағы рухани байланыс – ой-қиялдың жемісі емес, шынайы құбылыс. Ол шынайы сезімге негізделеді және ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, өмірдің соңына дейін сақталады. Бұл тұрақты үлгі: кез келген насихаттық ілімнен, діни немесе зайырлы тәрбиеден артық. Бүгінде осы үлгіні мәнсіз телехабарларға алмастыру немесе тәулік бойы өздерінің тәрбиесі мардымсыз бала бағушыларға тапсыру арқылы арқаны кең салып, жайбасарлыққа бет алып отырмыз. Бала бақшалар мен сыныптардағы бала санының да шамадан асатындығы белгілі. Сондықтан, бүгінгі рухани құлдырау мен қоғамның мешеу бейнесіне таң қалуға болмас.
Қазақы дәстүр бойынша ана тәрбиесінің қызметін, көбінесе, әжесі, апасы мойнына алып, бұл міндетін мақтанышпен, зор жауапкершілік сезіммен атқарған. Бала шағымызда ата-анамыз бізді жаз бойы ауылға жіберетін, мақсаты – қала шуылынан демалдыру ғана емес, ата-әжелердің аяулы алақаны мен шексіз сүйіспеншілігін, жақын туыстардың мол мейірімін сезінсін дейтін болуы керек. Бұл біз үшін шынайы адамгершілік сабақтары болды, табиғаттың сұлулығын танып, бағалауға, мәңгілікті сезінуге құлаш ұрдық. Есейіп, ер жетіп, өзіміз ата-ана атанып, баламызға тәрбие беруге тырысқан шағымызда осы үлгі санамыздың түкпірінен бүгінге дейін көрініс береді.
Қаладағы қарбалас пен шуылдан алыстағы қарапайым тұрмыс – ұрпақ сабақтастығының, мінез-құлықты тәрбиелеу мүддесінің жалғыз шарты емес. Мысалы, Сингапурде ата-анасымен бірге немесе көршілес тұратын жас отбасыларына үкімет ипотекалық демеу қаржыны пайыздық мөлшерлемесіз тағайындайды. Ал зайырлы және қалалық үлгіде қалыптасқан жапон қоғамы Фукусимадағы қайғылы апат кезінде терең рақымшылдық пен өзара жәрдемнің үлгісін, зор табандылық пен ұстамдылық танытты. Және жапондықтардың бұл әрекетіне ешкім таңырқай қоймады – бұл олардың мінез-құлығының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қалыптасқан дәстүрлі сипаты болатын.
Мұндай ұрпақ сабақтастығының биологиялық мәне неде? Танымдық үрдістерге байланысты мида функционалдық және құрылымдық өзгеріс – нейропластикалық құбылыс орын алады. Бұл өзгеріс эпигенетикалық механизмдерге сай генетикалық деңгейде орнығады. Нейропластикалық өзгерістің орнығуы мен қасиеттердің келесі ұрпаққа берілу ықтималдығы бұл өзгерістердің ертерек орын алуына байланысты артады.
Сәбилік шақ – үйренуге аса оңтайлы уақыт, ақынның сөзімен айтсақ: «жарамсақтанбайтын, бірақ, шынайы құрметпен және рақымшылдықпен, көзге тіке қарайтын» мезгіл. Балаларға ізгілік пен зұлымдық, достықты бағалау, рақымшылдық және қамқорлық, басқа пікірдегі адамдармен ортақ тіл табыса білу, яғни, мектеп пен университеттерде үйретпейтін зерделік сезімдер жайын түсіндіру маңызды.
Этнографиялық зерттеулер көрсеткендей, шетелден келген, жаңа мәдени ортада өскен балалардың өз еліндегі құрбыларынан түбегейлі айырмашылығы байқалған. Нейропластикалық өзгерістерге байланысты олар жаңа тұрмыстық дағдылар мен тілдік машықтармен қатар жоғары бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін ерекше зерделік сезімді де иеленеді. Мысалы, Гонконг университетіне жұмыс істеуге шақырылған АҚШ пен Еуропа елдеріндегі Қытай диаспорасының өкілдері университеттің Азия елдері жоғары оқу орындарының арасында үздік атануына ықпал еткендігі белгілі. Ал Құрама Штаттардың батыс жағалауы Жапония, Қытай, Корея секілді Азия елдерінен көшіп барған жұрттың айтарлықтай әсерімен қалыптасқандығы айқын, олар өздерімен бірге отбасылық және қауымдық бейбітшіл құндылықтарға мән беретін философия мен дәстүрлерін, егжей-тегжейлік пен мүлтіксіздікке бейімділікті апарды. Басында әскери өнеркәсіпке арналған жартылай өткізгіштер негізінде дербес компьютерлер мен смартфондар жасалған, әлеуметтік желілер мен әлемдік маңызы бар заманауи инновациялардың көпшілігі даму алған Силиконды алқаптың құбылысын да осылай түсіндіруге болар.
Рухани құндылықтарды енгізу мен олардың негізінде тәрбиелеу – ой-қиялдың туындысы емес, қоғамның үйлесімді дамуы мен тұрақты экономикасының кепілі. Айқын мысалдардың бірі – Норвегия. Екінші дүниежүзілік соғыста, нацистер басқыншылығының қарсаңында Норвегия үкіметі барлық алтын-валюталық қорын Оңтүстік Америкаға апаруды ұйғарды. Елдің Ұлттық банкінің үш қызметкері жауапты тұлғалар ретінде тағайындалды. Соғыс аяқталғаннан кейін осы қызметкерлер ұлттық бағалы қорды шашауын шығармастан, сол қалпында Норвегияға қайтарды. Оларға мемлекеттік марапаттар да берілген жоқ, себебі кез келген норвегиялық осылай істейтіндігі анық еді.
1960 жылдары Солтүстік теңіздің норвегиялық аумағында, сондай-ақ, бейтарап суларында мұнай табылған кезде бұл табиғи байлықтың қандай дәрежеде ұлтқа тиесілі екендігі туралы елде референдум (халықтың пікірін білу) жарияланды. Норвегиялықтар мұнайды игеруге шешім қабылдады, бірақ игеруден түсетін табысты болашақ ұрпақ үшін жинақтауды және едәуір бөлігін халықаралық көмекке бағыттауды ұйғарды. Бүгінде Норвегия – әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің бірі, энергия ресурстарына тәуелді емес, әр тарапты экономикасы қарқын алған ел. Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне гуманитарлық және ғылыми жобалармен барған кездерімде норвегиялық дәрігерлер, мұғалімдер, ғалымдарды жиі кездестірдім, олар өздерінің бейбітшіл елін лайықты мақтан ететін. Олардың ерекшелігі – кең пейілдік, сындарлы келісімге келіп, қайшылықтарды шешу қабілеті. Бұл – бүгінгі беймаз күй кешкен әлемде өмірлік қажетті машықтар екендігі айқын.
Ортақ шешім тауып, бейбітшіл қарым-қатынасты сақтауға қарағанда қайшылық – қақтығысқа бару, өштесу өртін тұтату оңайға түсетіндей. Себебі қайшылыққа кемінде екі тарап қатысады, ал бейбітшіл болу тек өзімізге ғана байланысты. Сонымен қатар, әрқайсымызда орасан сындарлы, бейбітшіл әлеует бар екендігін есте ұстауымыз қажет. Бұл қарсы пікір айтушыны тыңдап, өзіңмен қатар оны да түсінуге, қайшылыққа апаратын күйзеліс, уайым-қауіп, қайғы-қасіреттің себебін тани білуге тырысуға негізделеді. Тартысты талқылау кезінде жеке адамдардың ойына қарағанда қайшылықтың терең себептерін анықтау маңыздырақ болуы тиіс. Бұл жан-жақты келісімге келіп, тілдесуді қажет етеді, тіл атаулының маңызы да сол болар. Тілді саналы үйреніп, тілдесу барысында өз ойымызды үзілді-кесілді, ымырасыз дұрыс санаудың орнына айырмашылығымызды түсініп, айрықша тұстарымызды азайта білуіміз қажет. Ата-бабаларымыз рухани дүниесінің дәрежесі биік болуына сай ұрпағына ұлттық өміршеңдікті, бейбіт өмірін сақтай білді. Бұл оларға күйзелісті жағдайларда – қайшылықтарды жеңуде қайғы-қасіреттің себебін табуға, рақымшыл болуға, ортақ мақсаттар қойып, бірге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Ежелгі Қытайдағы «Джиан Ай» ойшылдары жан-жақты сүйіспеншілік философиясын дәріптеді, бұл бүгінде ғылыми түсінік табуда. Ана махаббатын жеткізуде гипоталамус аталатын мидың ерекше бөлігінде өндірілетін окситоцин гормоны қатысады. Тән махаббаты мидың арнайы жасушалары – айна нейрондарынан туындайды, осы нейрондардың белсенуі кезінде ғашықтардың бір-біріне деген ынтығу сезімі пайда болады. Ал адамдардың басым көпшілігі жалпы мақсатты көздеп, оған жетуде өзара қамқорлық көрсетіп, қиындық көрушіге рақымшылдық, аяушылдық танытқан кездерінде айна нейрондарының бір мезгілде, үйлесімді белсенетін қасиетінің болуы – жаратылыстың ізгі бейнесі.
Алмаз Шарман,
ғалым