615
Өзбекстанда Коррупцияға қарсы күрес бағдарламасы қабылданды
Өзбекстанда Коррупцияға қарсы күрес бағдарламасы қабылданды
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 2017-2018 жылдарға арналған Коррупцияға қарсы күрес мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Құжаттың мәтіні жергілікті БАҚ-та жарияланған.
Коррупция қарсы күресті қадағалайтын арнайы мекемеаралық комиссия құрылған. Оны елдің бас прокуроры Ихтиёр Абдуллаев басқарады. Комиссия шешімін барлық мемлекеттік мекемелер, бірлестіктер, ұйымдар орындауы тиіс.
Мемлекеттік бағдарламада қоғамның мәдениетін көтеру, азаматтарға құқықтық білім беру де қарастырылған. Сонымен бірге қоғамда құқықтарын білуге арналған насихат жүргізіледі екен.
Таяу уақытта «Мемлекеттік қызмет жөнінде», «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жөнінде», «Мемлекеттік сатып алу жөнінде», «Құқықтық ақпаратты тарату жөнінде», «Қоғамдық бақылау жөнінде», «Жәбірленушілерді қорғау жөнінде» және «Әкімшілік рәсімдер жөнінде» заң жобалары әзірленіп, парламенттің қарауына жіберілмек.
Коррупцияға қарсы күрес бағдарламасы аясында мемлекеттік бюджеттің жұмсалуын қадағалап әрі оған қатысты ақпараттың қол жетімдігі де қамтамасыз етілмек.