50209
«Бірі есінен адасып, бірі үйіне табытпен қайтып жатыр» - депутат әскердегі мәселені көтерді
«Бірі есінен адасып, бірі үйіне табытпен қайтып жатыр» - депутат әскердегі мәселені көтерді
Парламент Мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубай бейбіт күнде әскерге барған жастардың өлімі көбейіп бара жатқанын айтып, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа депутаттық сауал жолдады деп хабарлады turkystan.kz.
«Әскерге бару – міндет қана емес, зор абырой. Өз елінің патриоты болу, әскерге барып қызмет ету – кез келген әскерге жарамды Қазақстан Республикасының 18 бен 27 жас аралығындағы жастардың міндеті. Бірақ бейбіт күнде әскерде қаза тапқандар жиілеп барады. Арасында әскерге шақырылып, он күн ішінде жұмбақ жағдайда қаза тапқандар бар. Нағыз ер болуға тәрбиелейтін азаматтар үйіне есінен адасып, бірі сал болып, бірі табытқа оранып қайтуда. Қыршын кеткен боздақтардың өлімі жұмбақ күйде қалуда», - деді ол.
Мәжіліс депутаты өз сөзінде қызылордалық мерзімді қызметтегі сарбаз күтпеген жерден психотериялық ауру болып қалғанын, Жамбыл облысында әскери қызметші біреудің үйіне себепсіз кіріп, әйел адамды ұрып-соққанын және аталған облыста борышын атқарып жүрген сарбаздың көз жұмғанын мысал келтірді. Айтуынша, қазір жастардың көбі Отан алдындағы борышын атқарғысы келмейді. Тіпті, бармас үшін түрлі жемқорлық жолмен өтірік анықтама жаздыртып, заңға қайшы әрекеттерге барып жатыр.
«Балаларының заңсыз әрекеттерін ата-аналар да көріп отыр және оны қолдайды. Өйткені бірнеше рет әскери қоймаларда болған жарылыстар, әскери қызметкерлердің өлімі мен қайғылы оқиғаларын көріп ұлдарын әскерге жіберуге қорқады. Болып жатқан жағдайлардан халық тарапынан қорғаныс саласына деген сенімнің төмендеп жатқанын және жастардың әскерге деген қызығушылығы азайып жатқанын көріп отырмыз», - деді депутат.
ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан армиясын реформалау бойынша кешенді жұмыстар қаншалықты жоспарлы түрде атқарылып жатыр?
Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту, әскерге дайындықты жетілдіру, заманауи қару-жарақтармен, әскери техникамен жарақтандыру, цифрландыру, әскери құрылымды дамыту, әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі басым бағыттардың жоспары қалай жүріп жатыр? Соңғы үш жылда әскер, сарбаздарға қатысты жұмыстардың қорытындысы қандай?
Наурыз Сайлаубай депутаттық сауалға заңнамада көрсетілген мерзімге сай жауап беруді сұрады.