50400
Қарқаралыда көпбалалы ана 17 жылдан бері көлік жөндейді
Қарқаралыда көпбалалы ана 17 жылдан бері көлік жөндейді
Қазір қоғамда көлік жүргізетін қыз-келіншектер аз емес. Бірақ көлікті жөндей алатын әйелдер жоқтың қасы. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында техниканың тілін меңгеріп алған көпбалалы ана бар деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Марал Оспанованың жас кезінде алған мамандығы – тігіншілік. Бірақ ол ине-жіпті кілт-сайманға алмастырған. 17 жылдан бері көлік жөндеп, кәсіп жүргізіп отыр. Техникалық тұрғыда ақауы бар көлікті айтпағанда, қағылған-соғылған машиналардың өзін мұнтаздай етіп қалыпқа келтіріп, бояп қояды.
Алғашында жолдасым өзі жалғыз істеп жүрді ғой, соған кілт-сайман алып беріп тұратын кісі керек болды қасына. Одан кейін осы жұмысқа қалай кіріп кеткенімді өзім де байқамай қалдым, шыны керек, - дейді ол.Марал Оспанованың көлік тізгіндеп жүргеніне де 33 жыл болған. Жалпы техникаға бала кезінен жақын екен. 17 жасында трактормен шөп тасыған.
80-жылдары Доғалаң, Қайнар кеңшарларында әкем қойшы болды. Мен 8-сыныпты бітірген кезде бізді шөп тасуға жіберетін. Сонда қызығып, үлкен кісіге «аға, мен жүргізіп көрейінші» дедім. Сосын үйретті. Содан таркторды үйреніп кеттім, - дейді Марал.Бүгінде ерлі-зайыпты көлік жөндеушілер Талғатбек пен Маралдың 4 баласы мен немерелері бар. Марал кейін көлік жөндеуді немерелеріне де үйретпек.