Сарапшылар Қазақстандағы президенттік институттың дамуын талқылады
Сарапшылар Қазақстандағы президенттік институттың дамуын талқылады
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасында белгілі сарапшылардың қатысуымен «Жаңа саяси өзгерістер кезеңіндегі президенттік институт» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара 1990 жылы 24 сәуірде құрылған аталған институттың кезекті мерейтойына орайластырылды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат өзінің сөзінде атап өткендей, таяу уақытқа дейін суперпрезиденттік республика үлгісі аясында жұмыс істеп келген президенттік институт қазір Жаңа Қазақстан құрылысы жағдайында елеулі түрде қайта құрылуда. Осыны ескере отырып, сарапшылар қауымдастығының миссиясы, оның айтуынша, билікті орталықсыздандырумен байланысты ықтимал тәуекелдерді кейіннен барынша азайту мақсатында дер кезінде анықтау болып табылады.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ермек Әбдірасуловайтылған ұстаныммен келісе отырып, Президент Қ.К.Тоқаевтың ұлт алдына қойған мақсаттарына қол жеткізудің кепілі ретінде Жаңа Қазақстан жағдайында президенттік институттың жетекші рөлін сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Еуразиялық интеграция институтының директоры, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Құрылтайдың мүшесі Оразғали Селтеевтің пікірінше, бұны тиісті басқарушы элитаның қалыптасуынсыз іске асыру қиынға түседі.
Жуырда Тұңғыш Президент кітапханасының қабырғасында Қазақстан Республикасындағы Президенттік институттың құрылған күніне орай арнайы көрме ашылғаны еске саламыз. Көрме 2 бөлімнен тұрады:
І. «Қазақстан Республикасындағы президенттік институтының қалыптасуы»бөлімінде президенттік институттың негізінің қалануы туралы материалдар: Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық заңы, «Қазақ ССР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ ССР Конституциясына (Негізгі заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң және т.б. маңызды құжаттар ұсынылған.
ІІ. «Президенттік институт: Жаңа Қазақстан» атты бөлімде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың қызметі кезеңіндегі президенттік институт эволюциясының ерекшеліктерін ашатын музейлік және мұрағаттық материалдар ұсынылған.