50734
Қазақ ғалымы тіс ауруын бұрғылаусыз емдейтін технология ойлап тапты
Қазақ ғалымы тіс ауруын бұрғылаусыз емдейтін технология ойлап тапты
Қазақстандық ғалым Бауыржан Айтуов тіс эмалін қалпына келтіретін технология ойлап тапты деп хабарлады turkystan.kz.
ҚазАқпараттың жазуынша, «Болашақ» түлегі, PhD, биолог-генетик Бауыржан Айтуов әріптестерімен бірге бұзылған эмалді қалпына келтіру үшін амин қышқылдарынан амелогенин ақуызын жасанды түрде синтездеген. Оның айтуынша, оны кариестің алғашқы сатысында тіске тамызса, бір ай ішінде тіс эмалі қалпына келеді. Осылайша, дәрі тіс жегісін бұрғылаусыз, отасыз емдеуге мүмкіндік береді.
Өнертапқыштың InnoDent технологиясы патенттелген. Бүгінгі таңда бұл препарат Алматы мен Астананың тіс емханаларында пайдаланылып жүр. Тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де қолданылып жатыр.
Бауыржан Айтуов «Болашақ» бағдарламасымен Йорк университетінде генетика саласындағы бакалавр дәрежесін алған. Қазақстанға оралғаннан кейін оқуын Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да жалғастырып, онда магистр және кейіннен доктор дәрежесін қорғады. 2011-2014 жылдары Назарбаев университетінде қызмет еткен.