Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді – Ағалар Атамоғланов

Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді – Ағалар Атамоғланов

Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді – Ағалар Атамоғланов
ашық дереккөзі
50420
Жақында елімізге Әзербайжан мемлекетінің Президенті Ильхам Әлиев ресми сапармен келіп кетті. Сарапшылар екіжақты қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілгенін айтып отыр. Біз осы ретте Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ағалар Рагимоғлы Атамоғлановпен әңгімелескен едік. – Елші мырза, сөз басында Қазақстан  Республикасы мен Әзербайжан  Республикасы арасындағы қарым-қатынастың деңгейі  туралы Сіздің пікіріңізді білгіміз келеді. Оны қалай бағалар едіңіз? – Әзербайжан Республикасы өзінің бүгінгі дамуында Президент Ильхам Әлиев белгілеген саяси бағытқа сәйкес және біздің еліміздің ұлттық мүдделерін негізге ала отырып, тәуелсіз, ашық және праг­матикалық сыртқы саясатты ұстанады. Біздің еліміз барлық елдермен, оның ішінде аймақтағы мемлекеттермен ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстанмен қатынасымыз – Әзербайжанның сыртқы саясаттағы  басым бағытының бірі. Өзара қарым-қатынасымыздың деңгейін бағалау үшін біздің стратегиялық әріптес және одақтас екенімізді атап көрсетудің өзі жеткілікті болар деймін.  Мемлекет басшылары қол қойып, тиісті мемлекетаралық құжаттармен заңды бекітілген ынтымақтастықтың деңгейі өте жоғары. Әзербайжан және қазақ халқының этностық жақындығы, ортақ тари­хы­мыз бен құндылықтарымыз, сондай-ақ тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастау алған өзара түсіністік, тиімді ынтымақтастық принциптеріне негізделген қатынас – екі елдің бір-біріне етене жақын болуына қолайлы жағдай қалыптастырған факторлар. Біз «Әзербайжан мен Қазақстан бауырлас елдер» дейміз. Бұл жай ғана сөз емес, ол — екі халықтың тамыры ғасырларға кететін туыстығын әйгілейтін нақты дерек. – Таяуда ғана Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев біздің елге ресми сапармен келді. Бұл қадамды Әзербайжан-Қазақстан ынтымақтастығы тарихындағы жаңа кезең деп айтуға бола ма? – Сіздің сауалыңызға жауап қайтармас бұрын Қазақстан тарапына сапар барысын ұйымдастырудағы жоғары деңгейі, біздің делегациямызға көрсетілген ерекше ықылас-пейілі мен қонақжайлығы үшін алғыс айтқым келеді. Ал ресми сапар туралы айтатын болсақ, ол барынша тиімді өтті. Шағын және кеңейтілген құрамда өткен кездесулерде мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады және өзара іс-әрекетіміздің алдағы қадамдарын белгіледі. Біз толық форматта өткізілген келіссөздер нәтижелерін жоғары бағалаймыз, бұл өзара байланыстарды жан-жақты нығайтуға екі жақтың да мүдделі екенін тағы да дәлелдей түсті. Аталған сапар мемлекетаралық қатынастың нығаюына, сауда-экономика, энергетика, көлік, инвестиция, ауыл шаруашылығы, ақ­па­раттық технология және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығымызға тың серпін беретініне бек сенімдімін. Сапар барысында қол қойылған көптеген құжаттар, әсіресе «Әзербайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесін құру туралы хаттама» және Бірлескен мәлімдеме біздің ынтымақтастығымыз алда дами түсетінінің жарқын айғағы бола алады. Осылайша, біздің қарым-қатынасымыз сапалық жағынан жоғары деңгейге көтерілді. – Екі ел арасындағы қарым-қатынас туралы айта отырып, қай салалардағы байланыстың болашағы кемел деп ойлайсыз? – Бірлескен күш-жігер нәтижесінде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары бұрынғыдан да мейлінше ашық және жан-жақты сипатқа ие болды. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыс жандана түсті. Осы­дан жарты жылдай уақыт бұрын Қазақстан Президентінің біздің республикамызға ресми сапары барысында Стратегиялық әріптестікті тереңдету және одақтық қатынастарды кеңейту жөніндегі декларацияға, 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамытудың кешенді бағдарламасына, басқа да бірқатар құжаттарға қол қойылды. Екіжақты қарым-қатынасты кешенді түрде бекіту жолында қызмет етуге бағытталған Жоғары мемлекетаралық кеңес құру маңызды шешім болды. Қазір бұл келісімдердің бәрі де бірте-бірте жүзеге асырылып жатыр. Ең бастысы – ынтымақтастықтың тиімді механизмі құрылды. Екіжақты қарым-қатынастың кең ауқымда жүзеге асуына жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер, парламентаралық байланыс, министрліктердің тізе қосып белсенді жұмыс істеуі, өзге де ведомостволар мен БАҚ-тың тиімді әріптестігі әсер етіп отыр. Көп жылдар бойғы байланыс нәтижесінде 100-ден астам екіжақты құжатқа қол қойылды. Саяси қатынастарды тұғырлы негізде бекемдеу экономикалық ынтымақтастыққа жағдай жасады. Бұған екі мемлекеттің энергетика, транзит және тасымал, ауыл шаруашылығы, білім мен туризм сияқты салалардағы бірлескен байланысын үйлестіретін Үкіметаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия да өз ықпалын тигізді. Екі елдің де маңызды трансконтиненталды көлік-коммуникациялық дәлізде орналасқанын ескере отырып, көлік саласындағы ынтымақтастық туралы ерекше бөліп айтқым келеді. Бұл салада, нақты айтсақ, Каспий маңы халықаралық дәлізі немесе Орта дәліз аталып кеткен аумақта екі тарап табысты жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы аталған көлік жолын дамыту жөнінде Жол картасы қабылданып, дәліздің мүмкіндігі толық іске қосылуы үшін біздің елдеріміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымдарын біріктіру бойынша елеулі жұмыстар басталды. Энергетика саласындағы ынтымақ­тас­тық­ты күшейтуге айырықша назар аударылып отыр. Қол жеткізген келісімдерге сәйкес, биылғы жылы Әзербайжан арқылы Қазақстан мұнайының алғашқы партиясы жө­нелтілді. Ақпараттық технология саласында кооперацияны жандандыра түсудің де перспективасы мол деп саналып отыр. Каспий теңізі табанынан талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жұмыстары жалғасып жатыр. Пандемияның бүкіл әлемде экономика­лық қатынастарға теріс әсерін тигізгені белгілі. Сол себепті, негізгі мақсаттардың бірі — пан­демияға дейінгі көрсеткіштерге жету болатын. Бұл бағытта қазірдің өзінде елеулі прогреске қол жетті. 2022 жылы елдеріміз арасындағы сауда көлемі, қазақстандық статистика бойынша, 40 пайызға ұлғайып, жарты миллиард доллардан асты. Мемлекет басшылары екі ел  арасындағы сауда айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізу мүмкіндігі бар екенін атап көрсетті. Сауда ынтымақтастығының барлық бағыты бойынша экспорттық-импорттық операциялар көлемін ұлғайту үшін орасан зор мүмкіндіктер бар. Қазір әлемде және аймақта өтіп жатқан өз­герістер мен оқиғалар тараптарды екі елдің әлеуетін пайдалана отырып, өзара неғұрлым тығыз іс-әрекет жасауға бейімдей түседі. – Мәдени-гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастықтың дамуы және бүгінгі ахуалы туралы әңгімелессек деймін. Бұл екі республика халқының арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсетіні даусыз ғой? – Әрине, гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың орны бөлек. Біздің мемлекетаралық қарым-қатынасымыздың өзі осы негізде өрбитінін баса айтқым келеді. Әзербайжанда Қазақстанның мәдениеті күндерін өткізу биылғы жылдың маңызды оқиғасына айналғалы отыр. Сондай-ақ Қазақстанда Әзербайжан мәдениеті күндерін ұйымдастыру туралы келісіміміз бар. Әзербайжанда Қазақстанның, сондай-ақ Қазақстанда Әзербайжанның мәдениеті күндерін өткізу бізді бұрынғыдан да гөрі жа­қындастырып, екі халықтың терең тарихы мен бай мәдениетін жарқыратып көрсетуге мүмкіндік береді. Екі жақтың өкілдері мәдениет саласындағы шараларға, көркемсурет көрмелері мен концерттерге, фильмдер көрсетіліміне, шығармашылық кездесулер мен тұсаукесерлерге белсене қатысады деп сенеміз. Басқыншылықтан азат етілген Физули қаласында Қазақстан Президентінің бастамасымен қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығының құрылысы басталғанын гуманитарлық саладағы ынтымақтастығымыздың кейін­гі кездегі жарқын мысалының бірі ретінде атап өтер едім. Бұл – біздің халықтарымыздың достығы мен туыстығының көрінісі, өйткені бізді азат етілген аумақтарда қирап қалған инфрақұрылымдарды қалпына келтіру бағытында ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Сондықтан да туысқан Қазақстанның мұндай бас­тамасы, әрине, әзербайжандықтар тарапынан айырықша ықыласқа ие болады. Міне, осы тектес ниеттес қадамның барлығы бауырлас елдер арасындағы достық көпірінің тұғырын бекемдей түседі. – Биыл әзербайжан халқының ұлы перзенті Гейдар Әлиевтің туғанына 100 жыл толады. Осы мерекелік датаға байланысты биыл Әзербайжанда Гейдар Әлиев жылы деп жарияланды. Соған байланысты туған елінде де және басқа да жерлерде әр­түрлі іс-шаралар жоспарланып отырғанын білеміз. Қазақстанда XX ғасырдың көрнекті саяси тұлғасына арналған қандай іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырсыздар? – Әзербайжанның қазіргі заманғы тарихы ұлы көшбасшы Гейдар Әлиевтің есімімен тығыз байланысты. Жалпыұлттық көш­басшының сындарлы саясаты нәтижесінде Әзербайжанның мемлекеттік тәуелсіздігі мәңгілік және тұғырлы сипат алды. Қазақстан қай кезде де Гейдар Әлиевке құрметпен қарап, оны ерекше еске алып отырады. Біз өзіміздің жалпыұлттық көшбасшымыздың, қазақ халқының үлкен досының жарқын бейнесіне көрсетілген ерекше құрмет үшін ризашылығымызды білдіреміз. Биыл Қазақстанда ірі мемлекеттік қай­раткердің 100 жылдығына арналған бірқатар еске алу іс-шаралары өткізілмек. Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен Астана көшелерінің бірі Гейдар Әлиевтің құрметіне оның есімімен аталатын болды. Жақында ғана Әзербайжан Президентінің Қазақстанға сапары барысында екі мемлекет басшыларының қатысуымен аталған көшенің ресми ашылуы өтті. Қазақстан-Әзербайжан қатынастарын дамытуға елеулі үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткеріне құрмет белгісі ретінде Қазақстанның мемлекеттік телевизиясы Елшіліктің қолдау көрсетуімен Гейдар Әлиевке арналған фильм түсірді. 10 сәуірде, біздің Президентіміз Қазақстанға келген күні фильм Qazaqstan TV арнасы бойынша көрсетілді, одан кейін сондай-ақ Әзербайжан телевизиясы бойынша жұртшылық назарына ұсынылды. Біз Гейдар Әлиевтің құрметіне мерекелік пошта маркасын шығаруға да ұсыныс білдірдік. Тиісті мекемелер бұл ұсынысқа қолдау білдіріп, таяуда ғана Қазақстанда жалпыұлттық көшбасшының 100 жылдық мерейтойы­на арналған марка жарыққа шы­ғарылды. Елшіліктің бастамасы бойынша биыл Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Гейдар Әлиев аудиториясы күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи жабдықтармен бе­­зендірілді. 8 сәуірде аудиторияның салтанатты ашылуы өтті. Бәріміз ерекше құрметтейтін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, Қазақстан қос мемлекет арасындағы ынты­мақ­тастықты орнықтыруда және дамытуда ұлы көшбасшының атқарған зор тарихи рөлін ешқашан ұмытпайды. Көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиевтің жарқын бейнесі Қазақстанда әрдайым құрметпен еске алынады. – Елші мырза, 2023 жылы Шуша қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы деп жарияланды. Біздің оқырмандарымыз үшін қала тарихы, шаһардың Әзербайжандағы ғана емес, сондай-ақ күллі түркі әлеміндегі маңызы туралы дәл сіздің аузыңыздан шыққан лебіз қызық болары сөзсіз. – Шуша қаласы — әзербайжан мәдениетінің інжу-маржаны. Әзербайжанды Шушасыз, ал Шушаны Әзербайжансыз елестету қиын. Шуша қаласының негізін 1752 жылы Джаванширлердің түрік тайпасының өкілі қарабақ ханы Панах Әли хан  қалаған. Тарихи деректерге қарағанда, Қарабақ ханы 1750 жылы жау шабуылдарынан қорғану үшін Ағдамда Баят және Шахбулаг бекіністерін тұрғызған, алайда, ол екеуі де хандықты үздіксіз соғыстардан қорғай алмаған. Ал теңіз деңгейінен 1300-1600 метр биіктікте орналасқан және үш жағынан да шың-құздармен қоршалған таулы үстірт қажетті талаптарға толығымен жауап беретін. Сондықтан да Панах Әли хан осы жерден қала тұрғызды. Бастапқыда бұл шаһар оның құрметіне Панахабад деп аталды. Шуша қаласының архитектуралық бейнесін сипаттайтын қала пейзажы қайталанбас таулы ландшафтымен ерекшеленеді. Қаланың ескі бөлігі қалыпты рельефке ие, ал неғұрлым кейін тұрғызылған батыс беткейдегі құрылыстар амфитеатр формасында салынған. Құрылыс кезінде Шуша мен оның маңайындағы елдімекендерде олардың ажарын айшықтап тұратын ақ тастар мейлінше пайдаланылды. Бұл қаланың белгілі бір кезеңдерде көптеген әзербайжандық интеллектуалдар – ақын-жазушылар, әсіресе музыканттар (әзер­байжандық шайырлар, мұғама әншілер) үшін өз үйіне айналғаны кездейсоқтық емес. Белгілі музыканттар арасында кәсіби әзербайжан музыкасының негізін қалаушы Узеир Гаджибековтің есімі ерекше аталады. Шуша – халық музыкасы концерттерін ұйымдастырған алғашқы қаланың бірі. 1898 жылы әзербайжан тілінде «Ләйлі зираты ба­сын­дағы  Мәжнүн» атты алғашқы музыкалық спектакль қойылды. ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында Шуша Кавказдың музыкалық орталығына айналды. Шушаны «Кавказ консерваториясы» деп атады. Шуша – тамылжыған табиғаты мен таза ауасына, емдік қасиеті бар ерекшеліктеріне орай курорт-қала болып саналады. Қаланың ежелгі бекінісі, Молла Панах Вагифтің мавзолейі, мешіттер мен керуен-сарайы, Джыдыр Дюзю (бәйге алаңы) сізді тарихтың алыс қойнауын аралатуға жетелеп әкетеді. Қала аумағында тамаша үлгідегі ескі мешіттер орналасқан: олардың ішінде ең танымалы — Говхар ағаның жоғарғы мешіті (Юхары Говхар-Ага) және Говхар ағаның тө­менгі мешіті. Бұлардың атауы орналасу ре­тіне қарай қойылған. 2020 жылдың қараша айында қала азат етілгеннен кейін шаһарда ауқымды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Мәселен, 2021 жылдың мамырында футуристік стильдегі жаңа мешіттің құрылысы басталды. Қаланың туристік әлеуеті орасан зор деп айтуға болады. Сіз атап көрсеткендей, Шуша қаласы биылғы жылы түркі әлемінің мәдени астанасына айналды. Осы орайлы сәтте Қазақстанға ежелгі әзербайжан қаласы Шушаны түркі әлемінің мәдени астанасы деп жариялау бастамасын қолдағаны үшін алғыс айтқым келеді. Аталған жыл аясында қалада әртүрлі фестивальдар мен конференцияларды, мәдени бағдарламаларды өткізу жоспарланып отыр. Бұл шараларға біздің қазақстандық бауырлар да белсене қатысады деген үміттеміз. 2022 жылдың тамызында Қазақстан Президентінің Әзербайжанға сапары барысында Түркістан мен Шуша қалалары арасында туысқандық қатынастар туралы келісімге қол қойылғанын айтып өтуім оқырмандарға қызықты болар деп ойлаймын. – Елші мырза, Қарабақтағы қазіргі ахуалы туралы не айтасыз? Әзербайжан қазір сонау дау-дамайлы кезеңдерден кейін қандай шараларды жүзеге асырып жатыр? Бүгінгі күні өңірдің даму қарқыны қандай? – Бүгінде тарихқа айналып үлгерген Қарабақ дау-жанжалы Әзербайжанның 30 жыл шамасындағы уақытты қамтыған ауқымды проблемасы болғанын  жақсы білесіздер. 2020 жылы қараша айында Әзербайжан халықаралық ережелерге сәйкес белгіленген аумақтық тұтастығын өз күшімен қалпына келтірді. Сондай-ақ осы іс-шаралары арқылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің және біздің әділетті ұстанымымызды қолдайтын көптеген басқа да құжаттардың резолюцияларын орындады. Жанжалдан кейінгі кезеңде біздің алдымызда тұрған қызметтердің негізгі бағыттары – азат етілген аумақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қалпына келтіру және қайта құрылымдау бойынша жұмыстар жүргізу, күштеп қоныс ауыстырғандарды көшіріп әкелу. Біздің елімізде азат етілген аумақтарды қал­пына келтіру бойынша кешенді бағдарламалар жасалды. Бүгінде ол аумақтар айырықша жасампаздық пен қалпына келтіру кезеңін бастан өткеріп жатыр. Өз тұрғындарын ерекше салтанатпен күтіп алатын сәті жақын. Осы мақсаттар үшін жыл сайын мемлекет бюджетінен қомақты қаржы бөлінеді, ал Қарабақтың қайта түлеуі – уақыт еншісіндегі мәселе ғана. Әзербайжанның бұл өңірінің таңғажайып табиғаты бар, көрікті жерлері жеткілікті, болашақта туристер жаңа бағытты лайықты бағалайтынына сенімдімін. Қазақстандық компаниялар да Қара­бақ­тың қайта жаңғыруына өз үлесін қосуға ниет білдіріп отыр, бұл бізді ерекше қуантады. Мысалы, жоғарыда атап өткенімдей, қазір Физули қаласында қазақстандық компания Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығы құрылысын жүргізіп жатыр. Ең басты кедергі, әрине, бұл аумақтың кезінде жаппай миналануы дер едім. Шындығын айтсақ, бұл аумақтар отыз жыл бойы дерлік миналанды, тіпті 2020 жылдың 10 қарашасында үш жақты мәлімдемеге қол қойылғаннан кейін де Әзербайжан жерінде мина қою жалғасып жатты. Бұл миналардың зардабы қандай болатынын ойға алудың өзі ауыр. Миналарды залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр, бірақ оны толық аяқтау үшін уақыт қажет. 2020 жылы соғыс аяқталғаннан бергі уақытта ғана Әзербайжанның 288 азаматы минаға түсті, оның 50-і қаза тапты. Бұл мәселеге халықаралық қауымдастық алаңдаушылығын білдіруге тиіс деп ойлаймын. Енді бітімгершілікке келетін болсақ, ұзақ жылғы шапқыншылық пен біздің халқымыздың жүйелі түрде қуғын-сүргінге ұшырағанына, этностық тазалау мен зұлматтарға қарамастан, біз ылғи да аталған дау-жанжалдың бейбіт жолмен шешілуіне үміт арттық. Біздің ұстанымымыз қашанда ашық және айқын болды. Бүгінгі күні Әзербайжан Армениямен арадағы қарым-қатынасты ретке келтірудің бейбіт жолын ұсынып отыр. Бұл – аймақтың қауіпс­іздігі, өркендеуі мен ілгері дамуының нақты кепілі болмақ. Әзербайжанда бүгінде әртүрлі ұлт өкілдері бейбіт тіршілік кешіп жатыр. Оларға өз мәдениетін, тілін дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Әзербайжанның толық құқылы азаматы ретінде олар елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласады. Біз бейбітшіліктің баянды болғанын қалаймыз. Екі арадағы жаугершіліктің бетін жабудың жалғыз жолы – осы! Бұл процесс қазір жүре бастады. – Сіз Елші ретінде халықаралық ұйымдар аясында Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық деңгейіне қандай баға берер едіңіз? — Көпжақты платформаларда біздің елдер арасындағы стратегиялық әріптестік­тің деңгейі жоғары екені байқалып тұрады. Ха­лықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы жиындарда көкейкесті жаһандық және өңірлік мәселелер бойынша Әзербайжан мен Қазақстанның ұстанымдары ұқсас шығып жатады һәм тізе қосып жұмыс істеп, бір-бірін қолдайды. Мысалы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты емес мүшелігіне 2012-2013 жылдары Әзербайжанды, 2017-2018 жылдарды Қазақстанды ұсынғанда бұл анық байқалды. Түркі әлемінің ежелгі мәдени орталықтарының бірі саналатын Нахчыванда негізі қаланған Түркі Мемлекеттері Ұйымдары аясындағы және басқа да тиісті институттары ауқымындағы ынтымақтастыққа ерекше мән беріледі. Халықаралық Түркі Академиясының, Түркі Мәдениеті мен Мұралары Қорының, Түрк­СОЙ, Түркі тілді елдердің Парламенттік ассамблеясының маңызды ролін атап өтуіміз қажет. Әзербайжан мен Қазақстан – бұл ұйымдардың белсенді мүшелері. Екеуі де түркі әлемі тарихы мен мәдениетін танымал ету бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруды қолдайды. – Әңгіме соңында Қазақстан туралы өзіңіздің алған әсеріңіз жөнінде сұрағымыз келеді. Біздің астанамыз туралы не айтар едіңіз? – Астана топырағын басқан алғашқы күннен бастап мен қазақтың ерекше қонақжай халық екенін байқадым, жергілікті тұрғындар мен ресми тұлғалардың айырықша ықыласын сезіндім. Өзім де, отбасым да құдды өз үйімізде жүргендейміз. Астана даму қарқыны және өзіндік архитектуралық стилімен таңғалдырады. Бұған дейін де Астанада әртүрлі делегациялар құрамында болғанмын. Елші болып келгеннен кейін қаланың жаңару жылдамдығына ерекше сүйсіндім. Тағы бір айта кететін жәйт, Баку мен Астананың бірқатар ғимараттарының авторы — британдық архитектор Норман Фостер. Ресми іс-шаралар аясында Алматы, Түркістан, Ақтау қалаларында болғанымда, бұл жерлердің әсем табиғатын тамашалап, ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын көрдім. Бір сөзбен айтқанда, ерекше әсерге бөлендім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан кең ауқымды реформалар мен жасампаз жұмыстар елдің жан-жақты дамуына септігін тигізіп жатқанына куә болғаныма қуаныштымын. Әзербайжанда сіздерді өте құрметтейтін һәм бағалайтын бауырларыңыз тіршілік етіп жатқанын тағы да қайталап айтқым келеді. Қазақстанның бізді үнемі қолдаған һәм қолдайтын сәттері үшін дәйім ризамыз. Өз тарапымыздан Қазақстанның бауырлас халқына туыстық сезімімізді, ықыласымызды білдіру үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасайтын боламыз. – Елші мырза, мағыналы сұхбатыңыз үшін алғыс айтамыз.  

Әңгімелескен - 

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

       

Серіктес жаңалықтары