Тай кезінен тарпуы мықты болған

Тай кезінен тарпуы мықты болған

Тай кезінен тарпуы мықты болған
ашық дереккөзі
50311
Жастық шақ-ай, шіркін! Әсіресе, мөлдіреген бұлақтай кіршіксіз көңілді шақтарды айтсаңшы. Ол біздің бозбала сәтті артта қалдырып, жігіттік кезеңге бет бұрған кезіміз болатын. Бәрімізді асқақ  арманның желігі Алматыға жетектеп әкелді. Иә, бізді тағдыр 18-ге де толмаған бозбала шағымызда таныстырыпты. Ол бір тарихи кезеңге тап келді. Себебі 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасы алауын жаққан шақта біздер университет табалдырығын аттадық. Енді ойлап қарасам, арада 43 жыл уақыт та құйрығын бұлаңдатып өте шығыпты. Осы қырық үш жыл бәрімізге өмірдегі өз еншімізді бөліп берді. Тарам-тарам тағдыр жолы бізді жан-жаққа тарыдай шашыратып жіберсе де, баяғы дос көңілімізге ешбір қаяу түсіре алмапты. Әлі күнге дейін қуанышымыз болса бөлісіп, қайғымыз болса ортақтасып жүретін дәстүріміз өз жалғасын табуда. Оған да шүкіршілік етеміз. Біздің көпшілігіміз негізінен 63-жылдың түлектері болатынбыз. Уақыт неткен жылдам десеңші. Енді ойлап қарасам, түйдей құрдас болған бір кездегі жалаңтөс жігіттер бірінен соң бірі алпыстың асуына аяқ тіреп жатыр екенбіз. Бір жақсысы, солардың ешқайсысы да алпыстың асуына қоржындарын бос сүйретіп келген жоқ. Мысалы, бір топта оқыған Бейбіт Исабаев досымыз Жетісу облысының әкімі болса, Аязби Бейсенқұлов профессор, Төрехан Данияров «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, т.б. мақтанарлық азаматтар жетерлік. Солардың ішінде 43 жыл бойы қазақ поэзиясының көкжиегінен көріне білген және ғылым жолында да өзіндік қолтаңбасымен түрен салған Бауыржан Жақыптың орны бөлек. Иә, біз бір топта оқып, бір жатақханада тұрдық. Сонау Абай елінен мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматыға арман қуып келген ол бірінші курстан-ақ өзінің зеректігімен көзге түсті. Университет қабырғасында жүргеннен үнемі ізденіс пен талпыныстың нәтижесінде көптің бірі емес, бірегейі болды. Өйткені ҚазМУ-дің журналистика факультеті құдды бір бәйге аттарын сынайтын ипподром сияқты болатын. Тарпуы нашарлар орта жолда шаң қауып, оқудан шығып кетіп жататын. Себебі қолынан жазу келмейтін және шығармашылықтан аулақ жүретін студенттер бірден байқалатын. Ондайларды журналистік орта дұрыс қабылдамайтын. Сөйтіп, соңғы курсқа дейін біразы іріктеліп барып, өмір атты сүрлеуден өз бағыт-бағдарларын табатын. Бауыржан біздің топтың старостасы болды. Студент кезінен поэзия әлемінде өз қатарының алдына шығып, тырнақалды шығармалары «Аудитория» атты студент ақындар жинағына енді. Себебі ол заманда кітап шығару мен жинаққа ену дегенің жас ақын-жазушылар үшін үлкен жетістік және болашағын айқындайтын барометр сияқты болып есептелетін. Және де бір өлеңіңді немесе әңгімеңді республикалық газет пен жорналға шығару үшін қаншама сүзгіден өтетін кез. Сондықтан да республикалық басылым беттерінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар ғана көріне алатын. Солардың қатарында Бауыржан досымыздың фамилиясын жиі көретінбіз. Былайша айтқанда, тай кезінен тарпуы осал емес болды. Жалпы, Бауыржан екеуміз құрдас әрі үзеңгілес жолдас болсақ та, өз басым одан үйренгенім көп. Үшінші курста жүргенде ол мені өзінің туған жері – Абай ауылына ертіп барып, ұлы хакімнің аяғының ізі қалған және жамбасы жерге тиген әулие жерлерді аралатты. «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» деген емес пе?! Мен сол кезде ғана Ұлы Абай мен Шәкәрімге және заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовке байланысты көп деректерді Бауыр­жанның аузынан естіген едім. Ғибраты мол бұл әңгімелер мен үшін жаңа бір руханият әлемінің есігін ашқан сияқты көрінген еді. Сонда ғана жасы жиырмаға да толмаған Бауыржанның әдебиет тарихы мен поэзияға байланысты өй-өрісі бізге қарағанда әлдеқайда жоғары екенін байқадым. Оқу бітіргеннен кейін де жұбымыз жазылған жоқ. Ал енді жеке шаңырақ құрып, үйленген кезде мен оған күйеу жолдас болдым. Сол кезде тарихи «Қоңыр әулие» үңгірінің ішіне кіріп, табиғаттың керемет бір тылсымын көргенім көз алдымнан кетпейді. Бұл өлке де талай тарихты ішіне бүгіп жатқан қасиетті жер екенінде күмән жоқ. Бұған қоса, Бауыржанның жолдасы Махаббат қазақтың біртуар ақыны Төлеген Айбергеновтың қызы болғандықтан, оның Абай еліне келін болып баруының өзіндік ерекшелігі бар еді. Себебі сол тойда ұлы Абай мен Төлеген ағамыздың сөзіне жазылған әндер өзара үйлесім тауып, ерекше нақышта таң атқанша шырқалғаны есімде. Бұл әдеттегідей екі жастың үйлену тойы ғана емес, жан сарайымыз жадыраған ғиб­ратты кеш болды деуге болады. Бауыржан жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін шығармашылықпен ғана емес, ғылыммен және ұстаздық іліммен айналысты. Студент кезінен қаламының қарымды­лы­ғы­мен және ізденімпаздығымен талай конференцияларда баяндама жасап, көзге түскен Бауыржанды ұстазымыз, профессор Тауман Салықбайұлы Амандосов журналистика факультетіне өзі басқаратын кафедраға жұ­мысқа шақырды. Жалпы, соқпағы мен тоқпағы көп өмір жолында Бауыржанның ар­тынан тіреп тұрған көкесі болған жоқ. Сондықтан да ол тек өзіне ғана сеніп, инемен құдық қазғандай еңбек етті. Ол үшін әрине, ерік пен жігер және қажымас қайрат керек екені сөзсіз. Біз кейде «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деп айтатынымыз бар. Бауыржан үш кеменің басын бірдей ұстаса да, өз соқпағынан жаңылған жоқ. Тіпті, қазақ әдебиеті мен поэзиясы құлдырау кезеңін бастан кешіріп, әдебиет пен шығармашылық ешкімге керек болмай қалған тоқырау заманында да қолынан қаламын тастамады. Соның нәтижесінде жақсы ұстаз да, зерек ғалым да және талантты ақын да бола білді. Ғылым саласында филология ғылымының докторы, профессор, Ғылым Академиясының корреспонденті дәрежесіне дейінгі жолды еңсеріп тастады. Ұстаздық жолында өзі оқыған факультеттің деканы дәрежесіне дейін көтерілді. Кейіннен Баукең «Қазақ энциклопедиясының» бас директоры қызметінде жүрген кезінде де өзін жаңашыл қырынан таныта білді. Қазақ руханиятына байланысты көп дүниелерді жарыққа шығарды. Бірде ол маған хабарласып: – Беке, жуырда біз Шығыс Қазақстан облысының энциклопедиясын шығардық. Соның бір данасын саған сыйлық жасайын деп едім, – деді. Өз басым 14 жыл Шығыс Қазақстан облысында «Бақты», «Семей», «Ауыл» кедендері мен кеден бекеттерінде басшылық қыз­мет істегеннен кейін мұндай энциклопедия мен үшін өте керек дүние екені түсінікті. Содан қызмет орнына келіп, аталмыш кітап­ты қолыма алдым. Ашып қарасам, ішінде мені де кіргізіп, өзімнің ШҚО кеден саласына сіңірген азын-аулақ еңбегімді де атап өтіпті. Бұл мен үшін тосын жағдай еді, әрине. «Болар елдің баласы бірін-бірі батырым дейді» дегендей, осындай достық пейілі үшін Бауыр­жан досыма рақметімді айтып, қызметіне же­міс тіледім. Өкінішке қарай, кейіннен талай жәдігерді сыйға тартқан «Қазақ энциклопедиясы» жекеменшік қолға өтіп, өзінің қазақ руханияты алдындағы деңгейін түсіріп алды. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды». Баукең «Қазақ энциклопедиясынан» кеткеннен кейін әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті ректорының кеңесшісі және Қазақстан Жазушылар одағы бас­қарма төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылады. Бір сөзбен айтқанда, кезінде Мұхтар Әуезовтан бастап Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин сияқты ұлы­лардың ізі қалған қара шаңырақтың уығын ұстап отырған азаматтардың қатарына қосылды. Сондықтан да қазір Бауыржан досымызды зиялы қауым ортасынан жиі көретін болдық. Әсіресе, әдебиетке байланысты халықаралық дәрежедегі конференциялар мен кез келген мерейлі даталардың бәрінің басы-қасында Бауыржан жүреді, баяндаманы да Бауыржан жасайды. Бұл оның әдебиетші ғалым, талантты ақын және қоғам қайраткері ретіндегі өз биігін көрсетері хақ. Ал енді ақындық жолына келер болсақ, атағы жер жарған спортшылар сияқты, Бауыр­жан алмаған титул, Бауыржан алмаған атақ жоқ шығар. Студент кезінен бастап еш­бір жыр мүшәйрасынан қанжығасы майланбай қайтпайтын ол есейе келе де ақындар көшінің алдында жүрді. Соның бірі де бірегейі – Қазақстан Республикасы «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты атануы. Оның қаламынан шыққан «Жұлдызды шақ», «Көзімнің нұры», «Айдындағы аспан», «Аудитория», «Баспалдақтар», «Қолтаңба», «Ақ лақ» «Бір кеменің үстінде», «Уақыт ұршығы», «Қызыл қайың» сияқты жыр жинақтары оқырман жүрегіне жылы жол тауып, ақын ретінде де өз биігіне шықты. Біз өмір жолында әрдайым бір-бірімізге қамқоршы әрі сүйеу болып жүрдік. Бұл – біздің кіндігі бір жіпке байланған егіздер сияқты ажырамас достығымыздың белгісі. Сонымен қатар қуанышымыз бен қайғымызда да біргеміз. Әсіресе, өзімнің нағашым, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-журналист Кәкімжан Қазыбаевтың 80 және 90 жылдық мерейтойларын өткізгенде сіңірген еңбегі ерекше. Кәкімжан ағаның шығармашылығына байланысты жа­са­ған сындарлы да мазмұнды баяндамасы, арнау өлеңдері, деректі фильм түсірудегі тигізген қолғабысы – оның үлкен азаматтығының белгісі. Бұған қоса, өзімнің «Менің тағдырымдағы адамдар» атты эсселер жинағым жарыққа шыққанда қуанышымды бөлісіп, «Түркістан» газетінің айқара бетін ала жазған рецензиясын оқырмандар өте жылы қабылдады. Ол кезде Бауыржан «Қазақ энциклопе­диясының» бас директоры қызметінде болатын. Осы рецензияны оқыған бір досымның телефон шалып: «Беке, сіздің кітабыңызға «Қазақ энциклопедиясының» бас директоры әрі профессордың рецензия жазуы тегін емес қой» деп таңданыспен айтқаны әлі есімде қалып қойыпты. Ал енді Бауыржан елуге толған жылы Се­мей өңірінде оның шығармашылық кеші өте жоғары деңгейде өтті. Сәтін салғанда мен ол кезде «Семей» кеденінде басшылық қызметте болатынмын. Сол кезде есімі Семей өңіріне танымал азамат, белгілі меценат Марат Құрманбаевпен бірлесе отырып, сол ша­раны абыроймен өткізгеніміз әлі есімде. Аталмыш кездесуде жырдан шашу шашылып қана қойған жоқ, Баукеңнің сөзіне жазылған әндер де шырқалды. Кеш болатын күні бүкіл ұжымды Баукеңнің әдеби жыр кешіне зор­лықпен алып бардым. Поэзияны онша түсіне бермейтін кейбір кеденші әріптестерім сол кештен кәдімгідей рухани ләззат алды. Тіпті, кейбіреулері мұндай шығармашылық кешке өмірінде бірінші мәрте барып тұрса керек. Ертесіне жұмысқа келген бетте солардың біреуі: – Бекен Тулеужанович, кешке апарғаныңызға көп рахмет. Көптен бері өлең тыңдап көрмегендіктен бе, көзіміз көп нәрсеге ашылғаны рас. Мәдени тұрғыдан жақсы дем алып қалдық. Мынандай танымал жігіттермен бірге оқып, жолдас болып жүрген сіз де тегін адам емессіз ғой, – деп таңданыспен айтқаны бар еді. Иә, біздер жалындаған жастық шағымыздан бір нанды бөліп жеген дос бол­ғаннан кейін бір-біріміздің қалжыңымызды да, өкпе-назымызды да көтере береміз. Олай дейтінім, 2002 жылы Бауыржан отба­сы­мен Алакөлге демалуға келді. Ол кезде Шығыстағы «Бақты» кеденінде басшылық қызметте болатынмын. Алдынан әріптес жол­дастарыммен құрметті қонағым ретінде тосып алдым да, көрнекті жерге орналастырдым. Себебі сол жылдары Алакөл демалыс ай­мағы дұрыс дамымаған және тиісті талапқа сай жатын орын табу қиын кез болатын. Шамам келгенше досымның бүкіл жағдайын жасауға тырыстым. Сонымен қатар жанымда жүрген жігіттерге аяғын жерге тигізбей таныстырып, барлық атақ-дәрежесін түк қалдырмай тізіп айттым. Бәрі жақсы болды. Бауыржан досым да, бала-шағасы да дән риза. Бір ғана әттегенайы – астына мініп келген «Жигулиі» қайта-қайта бұзылып, әбден есті шығарды. Әріптес достарым техникалық жөндеу орталығына апарып, жөндетіп алып келеді. Көп ұзамай қайта бұзылады. Сол кезде жанымда жүрген жолдастарымның біреуі: – Сіздің досыңыздың атағы жер жарып тұр, алайда астына мініп жүрген көлігі затына сай келмейді екен, – деп айтып қалмасы бар ма. Өзім де солай ойлап жүр едім. Содан кейін қайтар кезде Бауыржанға: – Бауке профессор, декан, лауреат деген атағың жер жарып тұр. Сондықтан да атағыңа сай дұрыс көлік алшы. Ақшаң жетпесе мен берейін, – дедім. Менің мына сөзімді естігенде Бауыржан күліп жіберді. Содан арада көп уақыт өтпей-ақ Бауыржан телефон шалды. Ол кезде Алматыға кезекті еңбек демалысына келген едім. Ар жақтан: – Беке, Алакөлде дұрыс көлік алсаңшы деп ұрсып қоймап едің. Ертең автобарахолкаға баруға жиналып отырмын. Енді сол көлікті өзің таңдап бер,– демесі бар ма. Ертесіне екеуміз автобарахолкада кешке дейін жүріп, бір «Мерседес» автокөлігін таңдадық әйтеуір. Осы орайда қазақта «Алла та­ғала бергенінің берекесін берсін» деп айтады емес пе. Сол көлікті Бауыржан ұзағынан мініп, өзіне құтты дүние болып қонды. Және де аталмыш көлікті мініп жүріп, қанжығасы майланған аңшы сияқты, әр сапары сәтті болды. Сөйтіп, бір кездегі бала Бауыржаннан дана Бауыржанға айналып, немере сүйген аталы Бауыржан дәрежесіне жетті. Сонымен қатар кез келген ортада төрден орын алып, көпшілік бата сұрайтын абыройға ие болды. Түсіне білген адамға кез келген пенденің маңдайына жазыла бермейтін бұл да бір үлкен бақыт, үлкен жетістік, әрине. Иә, бұл өмірде құтың қашпай, құтты дүниелерің көбейе бергенге не жетсін. Қазір біз Бауыржан досымызды мақтамаймыз, онымен мақтанамыз. Ол – қазақтың ғана емес, Алаштың атын шығарып жүрген азаматтардың бірі және бірегейі. Өйткені, оның жүрегінің түкпірінен мөлдіреп шыққан жыр шумақтары қазақ оқырманы ғана емес, орыс, түрік, украин, македон, түркімен, қырғыз тілдеріне ау­дарылып, қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтере білді. Сөйтіп, бір кездері ұлы хакім туған топырақтан нәр алып, Алматыға Абай поэзиясымен сусындап келген Бауыржан да ұлы көштің қатарына қосылды. Бұл – абыройы мен азабы қатар жүретін киелі көш, әрине. Сондықтан да бұндай көштің соңында шаң қауып қалмау үшін даналық пен даралық керек. Ал ондай қабілет Бауыржанның бойында жетерлік. Көшің көлікті, қоржының толықты болғай, достым...  

Бекен НҰРАХМЕТОВ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты,

Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі

 

Серіктес жаңалықтары