50649
Астанада шеберлердің көрмесі өтті
Астанада шеберлердің көрмесі өтті
Астана қаласының Әдістемелік орталығы Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Ұстаздар аллеясында» бірнеше іс-шара өткізді. Қала тұрғындары мен қонақтарына, ата-аналар мен оқушыларға арналған жиында спикерлер «Құндылыққа негізделген білім беру» жобасы аясында Qtalks форматында лекциялар оқыды. Әңгіме «Бірлігіміз жарасқан» тақырыбы төңірегінде өрбіді.
«Ғылым мен құндылықтың ұштасуы» жөнінде жас маман Арайлым Таймбетова баяндаса, «Әрекетке берекет» тақырыбындағы мотивациялық сұхбатты Қазақстан Академиялық кітапханасы, Қорларды құру қызметінің басшысы Жансұлу Қалиқызы жүргізді. Одан кейін «Зейін» оқырмандар клубының жетекшісі, №59 мектеп-лицейінің география пәні мұғалімі Нұрбек Ерікұлы «Ұстаздың мерейін үстем ететін – сынып жетекшілік» тақырыбында сөз қозғады.
Ал №8 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімдері Бағдал Майгүл мен Жансая Мұхаметрахым «Ынтымақ - бұзылмайтын қорған, қосылып еккен ағаш орман» атты тақырыпта ой бөлісті.
Еуразия ұлттық университеті маңындағы саябақта Техникалық шығармашылық орталығының, №1,2 өнер мектебінің шығармашылық және сәндік қолданбалы өнер көрмесі өтті. Оған қоса Астана қаласы Суретшілер одағының жас суретшілер бірлестігінің мүшесі, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Қабен Нұрсұлтан Қуанышбайұлының сандық өнер, попарт абстракциялық бағыттағы Tebrenis заманауи сурет көрмесі қойылды.
Дизайнерлер одағының мүшесі Қуаныш Абжаппаров та көрмеге ағаштан, сүйектен жасалған туындыларын алып келген. Шебердің қолынан шыққан дүниелер көрмеге келушілердің ұлттық қолөнерімізге деген қызығушылығын оятты. Қуаныш Абжаппаров жеке шығармашылығымен айналысып қана қоймай, жас ұрпақты ұлттық өнерімізге баулып жүр.
«Келешек ұрпақ үшін көрме ұйымдастырып, танымдық іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Ең бастысы, атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық қолөнеріміздің дамуына аз да болса үлесімізді қоссақ деген мақсат қой. Мен бүгінгі көрмеге ағаштан, сүйектен жасаған заттарымды қойып отырмын. Бас-аяғы сексен жұмыстай бар. Бұл – күн-түн демей, көз майын тауысып жасаған еңбектің нәтижесі.
Жас ұрпақты ұлттық өнерімізбен сусындату үшін осы уақытқа дейін бірнеше шәкірт тәрбиеледім. Оның бірі мұғалім болса, бірі жеке шығармашылықпен айналысып жатыр. Бүгінгі көрмеге балалардың да еңбектерін алып келдім. Олар келісім берсе, орташа бағаға сатамыз. Шәкірттерім көбіне домбыра, қобыз, тостаған, ожау сосын қамыстан түрлі бұйымдар істейді. Балалармен бірге осындай іс-шараларға қатысып тұрамыз. Жақында симпозиум болады. Соған да дайындалып жатырмыз. Былтыр Ақтөбеге, Түркия еліне де барып қайттық. Кітап шығаруға да көңіл бөліп жатырмыз. Осы уақытқа дейін 5-6 кітабымыз шықты. Жұмыстарым шетелдік көрмелерге де қойылған. Шетелдіктер тарапынан қызығушылық жақсы.
Шәкірттерімнің ең кішісі алтыншы сыныпта оқиды. Қазіргі жастар біздер сияқты емес, басқа. Еліміздің ертеңі болатын жас ұрпағымыз жалқау болмасын деп еңбекке баулып жатқан жайымыз бар», – дейді қолөнерші.
Іс-шара барысында «Монтессори for EVERYONE» ұсақ моторика арқылы сөйлеуді дамытудан шеберлік сынып өтті. Сонымен қатар «Оқуға құштар мектеп» көрмесінде «Фолиант» баспанасының кітаптары оқырман назарына ұсынылса, READх жобасы аясында «Мен оқыған кітап...!» тақырыбында ашық алаң өткізілді.
Іс-шара соңында №54 мектеп-лицейінің оқушылары заманауи бағытта би билеп, жиналғандардың көңілін көтерсе, №85 мектеп-лицейінің тәлімгері флешмоб жасап, өнерімен таңғалдырды.