50185
«Хаосқа жол берген»: Күдебаевтың ісіне қатысты жаңа дерек шықты
«Хаосқа жол берген»: Күдебаевтың ісіне қатысты жаңа дерек шықты
Бас прокуратураның баспасөз қызметі 10 жылға бас бостандығынан айырылған Алматы облысы (қазіргі Жетісу) Полиция департаментінің экс-бастығы Серік Күдебаевқа қатысты мәлімдеме жариялады деп хабарлады turkystan.kz.
Талдықорған қалалық сотының үкімімен С.М.Күдебаев «қаңтар оқиғасы» кезеңінде ауыр зардаптарға (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) және азаптауларға (146-бабы 2-бөлігі) әкеп соққан билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол енді орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейтін болады. Полиция генерал майоры арнайы атағынан айырыла отырып, 10 жылға қамауға алынды.
С.М.Күдебаев Қазақстан Республикасы Конституциясының, Мемлекет басшысының Төтенше жағдай енгізу туралы Жарлығының, «Құқық қорғау қызметі туралы» және «Ішкі істер органдары туралы» заңдарының нормаларын бұзып, сондай-ақ ведомствоішілік бұйрықтар мен арнайы жоспарлардың талаптарын орындамаған.
Шабуыл белгілері болмаған жағдайда, төтенше жағдай кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің орнына, С.М.Күдебаев жеке құрамға ғимараттан кетуге және үйлеріне тарауға заңсыз бұйрық берген.
Жергілікті жердің коменданты ретінде жедел штабтың тиісті жұмысын және аймақтағы жағдайды тұрақтандыру бойынша уақытылы шаралар қабылдауды қамтамасыз етпеген.
Нәтижесінде Талдықорған қаласында хаосқа жол берді. Тонаушылар сауда үйлері мен бизнес нысандарын тонады. Банкоматтар мен супермаркеттердің дүңгіршектерін қиратып, облыс әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы ғимараттарына шабуыл жасап, өртеді.
Қылмыскерлер құқықтық тәртіп күштері болмаған сәтті пайдаланып, облыстық Полиция департаменті мен Талдықорған қаласы Полиция басқармасының ғимараттарын басып алды: олардың 500-ге жуық қаруы мен 28 мыңнан астам оқ-дәрісін ұрлаған, олардың бір бөлігі әлі табылған жоқ.
Мемлекетке, азаматтарға және кәсіпкерлерге келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 5 млрд теңге.
2022 жылғы 7-16 қаңтар аралығында оның үнсіз келісімімен Полиция департаментінің ғимаратында 23 азамат жаппай азапталды.
Сонымен қатар С.М.Күдебаевтың көз алдында оның қарамағындағылар департамент аумағына жеткізілген адамдарды ұрып-соққандығы бейнекамераларға жазылған.
Психикалық және физикалық зорлық-зомбылықпен, сондай-ақ үтікті қолданумен қатар жүретін тыйым салынған тергеу әдістерінің нәтижесінде аталған азаматтардың денсаулығына әр түрлі дәрежедегі зиян келтірген.
С.М.Күдебаевтың кінәсі қылмыстық іс бойынша жиналған дәлелдемелер жиынтығымен толық дәлелденді.