434
Қытайда интернет қолданушылар саны 710 млн-нан асады
Қытайда интернет қолданушылар саны 710 млн-нан асады
Аспан асты елінде смартфон пайдаланушылардың саны артып, ғаламторға тәуелді тұрғындар көбейген. Сондықтан Қытай үкіметі киберкеңістіктегі жасөспірімдердің құқығын қорғау мәселесін күн тәртібіне енгізіп отыр. Бұл туралы 24.kz арнасы хабарлайды.
Арнаның хабарлауынша, қазіргі уақытта Қытайда интернет қолданушылар саны 710 миллионнан асады. Оның 170 миллионы кәмелеттік жасқа толмаған.
Бейжің билігі балалардың интернетке байланып қалу мәселесімен күресті ертерек бастады. 2008 жылы интернетке тәуелділікті психикалық ауытқу ретінде танып, арнайы құжат та бекітті. Осылайша, елде түрлі емдеу шараларын жүргізетін арнайы лагерьлер пайда болды. Оған негізінен шарасы қалмаған ата-аналар хабарласады. Мұнда темірдей тәртіп орнатылған. Лагерьге түскендер қара жұмыспен айналысады. Қытайда интернетке деген құмарлықты осылай басады. Тіпті, электрконвульсивтік терапия, төмен жиілік импульспен емдеу, яғни тоқпен соқтыру тәсілдерін қолданады. Жасөспірімдер мұндай сауықтырудан жандары қиналатынын айтып шағымданады. Бұл жайт жария болып, Қытай қоғамында үлкен резонанс тудырған еді. Бұл тәсілге денсаулық сақтау министрлігі 2009 жылы тыйым салғанымен, ол көп жағдайда ескерілмей келген.
Енді жаңа заң бойынша интернетке тәуелді жастарды емдеуге арналған жерлерде тоқ соқтыру әдісіне мемлекеттік деңгейде тыйым салынбақ. Осы «виртуалды кеңістіктегі кәмілеттік жасқа толмағандар құқығын қорғау туралы» заң жобасына қатысты қоғам пікірін білу мерзімі ақпанның бесінде аяқталды.
Номофобия – телефонсыз қалу қорқынышы. Бұл – соңғы бірнеше жылда пайда болған ХХІ ғасыр ауруы. «Смартфонды үйде ұмытып кетіп, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, төсекке телефонмен жатсаңыз, сізде номофобияның белгілері бар» дейді психологтар. Шектен тыс смартфонды сипалау соңы қайғылы оқиғамен тынады. Сонымен қатар, қазір көптеген ата-аналар балаларына смартфон немесе айпад беру арқылы олардың бір сәт болса да тыныш отырғанын қалайды. Мәселе осыдан басталады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қытайдың Чунцин қаласында қолынан телефоны түспейтіндер үшін арнайы тротуар ашылды. Өйткені алақандай экранға байланып, айналасын байқамайтындар көшеде түрлі жағдайға тап болып жатады. Қала билігі бұл мәселеге қоғам назарын осылай аударуға тырысты.