Түркістан облысында Қажымұқанның кеудесінде сынған тас табылды

Түркістан облысында күш атасы Қажымұқанның кеудесінде сынған тас табылды деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Түркістан облысында Қажымұқанның кеудесінде сынған тас табылды
ашық дереккөзі
50883

Созақ ауданындағы Шаға елді мекеніне қарасты Ағалақ ауылынан табылған тас үшке бөлініп кеткен. Әр бөлікті бес жігіт әрең көтеріп, көлікке салған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұның өзі Қажымұқанның кеудесінде сынған тастың төрттен бір бөлігі ғана екен.

«Тарихи тасты тауып, бізге хабарласқан Шаға ауылының тұрғыны Қабыл Қостаншаев пен Ағалақ елді мекенінің тұрғыны Бауыржан Әбенов есімді азаматтарға үлкен алғыс айтамын. Сол күні ауданның белсенді азаматы Бақдәулет Баймұсаев екеуміз Шаға ауылына жол тарттық. Арада қаншама жылдар өтсе де тастар сол күйінде сақталып қалыпты», - дейді өлкетанушы Мақсат Қарғабай.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, Қажымұқан Мұңайтпасұлы Созақ жеріне Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары келген. Өңірдегі қырық колхозды аралап өнер көрсетіп жүріп, Шаға елді мекеніне қарасты Ағалақ ауылына тоқтаған. Сонда елдің көзінше кеудесіне үлкен тасты қойдырып, жігіттерге ауыл ұстасы жасаған сом балғамен ұрғызып, сындыртады. [caption id="attachment_221723" align="alignnone" width="1222"] width= фото: С. Қожанов атындағы тарихи өлкетану музейі[/caption]

«Менің анам Тұрғанкүл Бәйшеқызы Қажымұқан балуанды өз көзімен көрген. Кеудесіне қойылған тасты сындырған оқиғаның да куәгері болған. Кейіннен ауыл адамдары ол тасқа ешкімді тиіскізбеген. Алғашқыда ошақ жасау үшін бір-екі адам алмақшы болғанда, қариялар тыйып тастапты», - дейді Бауыржан Әбенов.

Қажымұқанның кеудесінде сынған тас Шолаққорған ауылында орналасқан Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ аудандық тарихи-өлкетану музейіне қойылды. Музей директоры Ниязәлі Дүйсенбек жастарды өлкенің тарихымен таныстыру бағытында бұл жәдігердің маңызы жоғары болатындығын жеткізді.

«Біз ауданнан шыққан спорт саңлақтарының жеткен жетістіктері жайында арнайы бөлім жасап жатырмыз. Тарихи тастарды сонда қойдық. Ауыл жастарын спортқа баулу, өлке тарихымен таныстыру бағытында бұл жәдігердің орны бөлек, маңызы да жоғары болады», - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары