ЕҰУ-да «Біріккен Ұлт жеңеді» атты халықаралық бейне-материалдар байқауы өтті
ЕҰУ-да «Біріккен Ұлт жеңеді» атты халықаралық бейне-материалдар байқауы өтті
Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Республика күніне ұлттық мереке мәртебесінің берілуіне орай «Біріккен ұлт жеңеді» атты III халықаралық бейне-материалдар байқауының жеңімпаздары жарияланды.
Байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімін Еуразия Ұлттық университетінің проректоры Серік Мақыш құттықтау сөзімен ашты. Ол халықаралық байқаудың мақсаты «қазақ елінің жаңа дәуірдегі жаңару жолын, жетістіктерін насихаттау, жастардың бойындағы болашаққа сенім мен отансүйгіштік сезімдерін нығайту» екенін атап өтті.
Биылғы байқаудың шарты бойынша қатысушылар әлемдік саясаттағы өзгерістерге, жаңару тенденцияларына, тәуелсіздік пен ұлтымыздың рухани, мәдени мұрасын, бейбіт өмір мен келісім тақырыптарына арналған бейне материалдар ұсынған.
Халықаралық байқаудың гран-при жүлдесін Түркияның Анталия қаласындағы Akdeniz University магистранты Жанайым Қуандық жеңіп алды. Жанайымның «Мен саған ораламын, туған жер» атты видео материалы марапаттау рәсіміне қатысушылардың ерекше қолдауына ие болды.
I дәрежелі дипломмен марапатталған Еуразия ұлттық университетінің магистранттарына байқауды өткізу идеясының авторы Ұлбосын Есенбекова өзі тағайындаған «Алтын микрофон» сыйлығын табыстады. Ғалым роликтің авторлары Тлепова Алуа, Берекетова Ақмарал және Тлектес Айымға «Алтын микрофоннан» тек ақылды сөздер айтуға кеңес берді.
Марапаттау рәсіміне қатысқан Мәжіліс депутаты, белгілі тележурналист Мақсат Толықбай «байқаудың деңгейі жоғары екенін, толық метражды фильмге жүк болатын мәселені 2-3 минуттық роликке сыйғызу журналистен асқан шеберлікті, кәсібилікті талап ететінін» атап өтті.
Уақыттың тығыздығына байланысты қазіргі аудитория жылдамдықты, қысқа контентті таңдайтынын айтқан депутат, болашақта байқаудың мәртебесінің өсе беретініне сенім білдірді.
Ұйымдастыру комиссиясының мүшесі ҚР Премьер-Министрінің баспасөз хатшылығы басшысының орынбасары, қайраткер тележурналист Думан Хамитұлы байқауға келген жұмыстар сапалы мазмұнда, жаңашылдық формада жасалған деп бағасын берді.
Халықаралық байқау жеңімпаздарын марапаттау Журналистика және саясаттану факультетінің туған күнімен орайлас өткізілуін айтқан факультет деканы Қайрат Сақ «Біріккен ұлт жеңеді» факультет пен Еуразия ұлттық университетін ғана емес, тұтастай Қазақстанды әлемге танытатын шара екенін жеткізді.