710
Адамдарды жақындату ғылымы – кісілік
Адамдарды жақындату ғылымы – кісілік
Рахметқажы – замандасым ғана емес, құрдасым. Ол да, мен де жетпіс жасқа аман-сау жеттік. Тәубе! Өткенге үңілсек, қырық жасқа жетпей кеткен тұлғалар қаншама! Елуге толмай социалистік қоғамның құрбаны болғандар ше?! Кешегі Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов те әр қилы себептермен алпыстан аса бастағанда бақилық болды. Тағы да тәубе дейміз. Жетпіс жас аз ғұмыр емес.
Замандасым Рахметқажы екеуміз 1947 жылдың көктемінде жарық дүниеге еніппіз. Бұл – сұмдық жылдардың бірі. 1939 жылы әлемді шарпыған қанды қырғын кеңестер еліне 1941 жылы келіп жетті. Мұрттары жаңа тебіндеп келе жатқан жастардан бастап, қырық жасты толтырғандарды сыпыра майданға алды. Ол аз дегендей, жалпы саны үш жүзге тарта қыз-келіншектер майданға әрқилы істер атқарулары үшін шақырылды. Қыздарымызды соғысқа аттандырып мәз болдық, ал түркімендер, тәжіктер, өзбектер бір де бір қызын майданға жібермеді, соғыс «ерлер ісі» деген қағидаға берік болды. Қазақтың шала сауатты коммунист-белсенділері қазақ қыздарын соғысқа тоғытып отыруды өнер көріп, әбден осы іске кәсіптеніп алды, өздерінше пайда тапты.
1947 жылы соғыс әлі толық аяқталмаған. Батыста кеңеске қарсы түрлі топтардың, шығыста қаруын тастамаған жапон әскерлерінің түрлі топтар мен ұрыстар болып тұрған уақыт. Ел есеңгіреп қалған кез. Неміс тұтқынында болған қазақтар түрмелерде. Ел іші ала-құла. Аштық, жалаңаштық қалыпты жағдай. Ашыққан баласына қырманнан бір уыс бидай алған әйел – «халық жауы». Көзі ашық, ел сөзін айта алатындар тағы да түрмелерге қамалған, атылғандары да бар. Елде үрей. Айнала ұран. «Жасасын ұлы Сталин! т.б» Ел іші әскери режимде. Осы кезде оқудың сапасы қандай болды деудің өзі артық сауал.
Рахметқажы бірінші сыныпта болған жылы елді қан қақсатқан Сталин өлді. Қазір белгілі болды, оны жерлеуге қатысқандардың он бір мыңы тапталып өлген. Соқыр сенім қанішерді «құдай» – деп танытқан жағдайда солай болмақ.
Ел санасы уланған. Елді өтірік жайлаған, коммунизм деген қиял халықты әбден қалжыратып бітті. Ашық айтуға дәрмен жоқ, айтқанмен сөз тыңдайтын құлақ жоқ. Тұрмыс ауыр. Міне, бүгінгі академик Рахметқажы Берсімбайдың бала кезіндегі заман тынысы осындай еді.
Қазақ айтқан: «Оқу инемен құдық қазғандай» – деп. Рас. Құдықты инемен қазып көріңіз. Сонда ғылымның не екенін түсінесіз. Ғылымды күнкөріске айналдырып жібергендер, сірә, бұл халді түсіне қоймас.
Ал ғылым мансап көзіне айналса ше? Анығында ғылым төңірегіндегі қалған-құтқандармен табыс табушылар, пысықтар, надандар үнемі де болған. Олар ғылым қадірін кетірушілер.
Хакім Абай айтады: «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз». Бірақ, мәселе сонда, шайтан-әзәзілдің араласпайтын жері жоқ. Ол ғылымға да орнығып алған, шайтан – ғылымның да тұнығын лайлаушы, жалған ғылым жасаушы.
Ғылым өтірік болмауы керек, ғылым таза болуы керек. Шайтан араласып өтірік, жалған ғылымдар қалыптасты. Соларға қарап тұрып, шіркін ғалым болса, дәл Рахметқажы Берсімбайдай болса ғой дейсің... Бұл – арман. Осы арман Рахметқажы тұлғасында тұнып тұр.
Көпсөзді халықпыз. Бүгінде көпсөзділіктен өзгеден бұрын өзіміз жалығып жүрміз. Көп сөз – құнарсыз, тамырсыз, тұрлаусыз, мән-мағынасыз. Көпсөзділікті Кеңес үкіметі маздатып кетті. Бәрі өтірік болған соң, көп сөйлеп барып сендірмек болдық, ол әдет дертке айналды. Сол өтірік заманда жас ғалым Рахметқажы Берсімбай ғылым жолына мықтап түсті. Комсомол, партия, кеңес қызметтеріне белсене енгенде, табиғатынан ашық, ақкөңіл, айтқанды бүкпесіз тура қабылдайтын жас азамат азып-тозып кетер ме еді, қайтер еді... Ғылым жолы оны шыңдады, есейтті, көркем етті. Оның таңдаған мамандығы – табиғат! Тіршіліктің күре тамырын ғылыми тілде меңгеріп, одан әрі тереңдете зерттеді. Нәтижесінде табыстарға жетті. Ол табыстар жас ғалымды кісілікке, адамшылыққа тәрбиеледі. Ол заманның өтірігіне мен сияқты молынан малынған жоқ. Жаратылыстану ғылымы бос сөз емес, нақтылы түйін тұжырымдарды талап етеді, оның үстіне жас ғалым ғылыми ізденістерін Ресейдегі аты әйгілі мекемелерде өткізді.
Рахметқажымен 2001 жылы кездестік. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетіне декан болып қызметке орналастым. Белгілі ғалым Рахметқажы Берсімбай биология факультетінің деканы екен, әріптес болдық, келе-келе араласып кеттік. Ашық азамат. Университетте және Ұлттық Ғылым академиясында беделді. Екеуміз де Ұлттық Ғылым академиясының мүше-корреспондентіміз, ортақ мәжіліс, жиындар жеткілікті.
Тәуелсіздік заманы азаматтардың сұрыпталу заманы. Кімнің кім екендігі айқындалып жатқан кез. Сөз көп, іс шамалы. Ел есін енді-енді жия бастаған, бірақ ескі жүйе либералдық өріске тар. Коммунистік партияның саясаты және идеологиясы жоқ, бірақ ызғары қалған. Әдетке айналған кейбір істері сақталған. Әлі де байқап сөйле деген бір үкім бар секілді, тура айтудан жалтақтау басым. Осы хал маған ұнамайды. Байқаймын, ол профессор, әріптес Рахметқажы Берсімбайға да ұнап жүрген жоқ. Аңғарамын, ол бізге қарағанда еркіндеу, көсіле сөйлейді, нақтылы тұжырымдар жасайды, ол басшылыққа ұнамайтын сыңайлы, бірақ Рахметқажының декандар ішінде шоқтығы биік, беделі зор, онымен бәрі санасатын.
Басшылық, бастық дегеннің бір дерті бар, ол – «бастық, ақылды адам» деген түсінік. Бұл дерт төмендегілерге бас шұлғытады, құптатып сөйлетеді, тіптен мадақтар айтылады. Байқаймын, мұндайға Рахметқажы Берсімбай епсіз, ол Ресейде оқып, орыс ғалымдарының тәрбиесінен өткендіктен «жалпақтау» дегенді меңгермеген. Бұл істе алдына жан салмайтындар бар, осындай «жарыста» Рахметқажы мырза көштен қалып қоя беруші еді. Бұл іштей аңғарғаным. Ішімнен жақсы дедім, разы болдым, әттең қоғамның «бір бұрауы» жетпей-ақ тұрғаны, әйтпесе... Тұлға тәуелсіздігі дегенді қайда қоямыз?!Ел тәуелсіздігі әр адамның, әсіресе тұлғалардың тәуелсіздігінен күш-қуат алмай ма?!
Алысты жақындату тәсіл аты – логистика. Адамдарды жақындату қуаты – кісілік. Бұл мәселе ХІ ғасырда жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білім» еңбегінде жан-жақты баяндалған. Күндердің күнінде әріптесім, академик Рахметқажы Берсімбай Білім және ғылым министрінің орынбасары болып, Астанаға аттанып кетті. Жолы болсын дедім, бірақ академиктен қалай шенеунік шығады деп те ойлап қойдым. Кісілік – шенеунікке бөгет емес пе екен?!
Академик Рахметқажы Берсімбай жақсы вице-министр болды. Ол – қазақша, орысша, ағылшынша бірдей білетін, тәжірибелі, кісілікті, адал азамат. Сірә, жүйеге өзгеше өлшемдер қажет пе екен, Рахметқажы мырза министрліктен ауысып, университетке қайта оралды, бұл жолы ол Лев Гумилев атындағы ұлттық университетіне ғылыми істер жөніндегі проректор, профессор болып оралды. Талай кездестім, ол кезде Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты едім.
Бүгінде академик Ерлан Сыдықов басқаратын Лев Гумилев атындағы университетте бірге, тағы әріптес болып қызмет атқарудамыз. Екеуміз де кафедра меңгеруші міндетін атқарушылармыз, университет ғылыми кеңесінің мүшесіміз. Әңгіме көп. Уақыт болғанда сұхбаттасып тұрамыз. Кей мәселеде пікіріміз бір, кей мәселеде келісе алмайтын жағдайымыз бар. Академик Рахметқажы Берсімбай – шығармашылық тұлға, оның жеке пікірі басым. Сондықтан оның сөзін үзбей тыңдағанды ұнатамын. Ол – қазақ елін шет елдерге барынша насихаттап жүрген ғалым. Ағылшын тілін еркін меңгергені оның әр елде өтіп жататын ғылыми форумдарға қатысып, өзінің ғылыми жетістіктерін жеткізуге мүмкіндік береді.
Әңгіме ортақ, ойланатын да, ойландыратын да – Келешек. Біз баяғылар айтқандай «базардан қайтқандармыз». Базарға бара жатқандар, әрине, көп бірақ олар базардың қай жақта екенін білсе қоймас, білмесе академик Рахметқажы Берсімбай сол бағытты анықтап көрсетсе деймін. Рақаң, көп нәрсе біледі!
Иә, базарға бару бар да, онда өмір сүру бар, ол – қиынның қиыны. Осы жағдайда ғылым жолына түскен жастар Рахметқажы Берсімбайдың өмірі мен ғалымдығын бетке ұстаса, өнеге тұтса, дұрыс-ақ болар еді.
Сөз басында жетпіс жас туралы айттым, Рахметқажы мырза болса, осы жаста нағыз кемелденген тұлға. Адамда қабілет және қасиет болады. Ол әр адамда бола бермейді, қабілетті жандардан (ғалымдардан) қасиет таба алмай қаламын. Ал Рахметқажы Берсімбайдың бойында қабілет те, қасиет те тұнып тұр, сондықтан ол – қазақ елінің мақтан етер тұлғасы.
Ғарифолла Есім,
академик, жазушы