50363
«Кинорумда 3 жігіт қызды зорлаған»: тың дерек шықты
«Кинорумда 3 жігіт қызды зорлаған»: тың дерек шықты
Алматыда үш жігіт жабылып зорлады деген қызға қатысты жаңа деректер шықты. 21 жастағы қыз Kinoroom-ның басшысы жұмыс орнына апарып, екі досымен бірге арам ойын іске асырды деп полицияға шағым түсірген.
Алайда сұмдық оқиға болған кинозал басшылығы жәбірленушінің сөзін жоққа шығарды. Олардың айтуынша, бұрынғы қызметкеріміз таныс қызымен бірге түнгі сеансқа келген. Сосын кино көретін бөлмеге тағы екі жігіт кіріп, соңы айғай-шуға ұласыпты. Сондай-ақ «Кинорумның» өкілдері сол күні спирттік ішімдікке сылқия тойып алып, жанжал шығарған қыздың өзі боди массажбен айналысады деп отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады деп жазды turkystan.kz.
Оқиға төрт күн бұрын қаланың қақ ортасындағы кино көруге арналған залда болған. Бұл мекеменің басшылығы бұрынғы қызметкеріміз таныс қызымен түнгі сеансқа кіргенін жасырмайды. Сосын таң алакеуімде оның достары келіп, соңы жанжалға ұласты деп отыр.
«Кинорумның» директорымын деп таныстырған. Шын мәнінде, ол жігіт наурыз айында жұмыстан шығып кеткен. Жай ғана жұмысшы болған. Кабинкаларды тексеретін. Бізде ауысым жабылмай, қыз екеуі бір сеансқа киноға келген. Сонымен жалғасқан. Оның достары қай кезде келгені белгісіз. Өзі қатты мас болған. Көзін ашса, бірге келген жігіті емес, басқа жігіт екенін көрген соң, шу шығарған, - дейді Кinoroom атқарушы директоры Қасиет Жақсылық.Телеарна хабарлауынша, жәбірленуші қыз сол күні мас болған көрінеді. Есін жиған соң, айғайға басып, бөтелкенің сынығымен тамырын кесіп жібергенін мұндағы жұмысшылар көріпті. «Кинорумның» қызметкерлері қыздың боди-массаж қызметін көрсететінін айтады. Тіпті, клиенттерімен осы жерге жиі келіп, экс-әріптесімізбен жақын араласып кетті дейді.
Ол қыз бодимассажбен айналысады. Бұл жерге ол басқа ер адаммен келеді. Жұмыстан шығып кеткен бала жалақысын алуға келгенде танысады. Бізде боди-массаж қызметі көрсетілмейді. Жыныстық қатынас болмайды. Алкоголь сатылмайды. Таңғы алтыға дейін шектеу. Таңғы алтыда барлығы шығып кетуі керек, - дейді Кinoroom атқарушы директоры Қасиет Жақсылық.Таңға дейін жұмыс істейтін «Кинорумда» жеті бөлме бар. Бұл жердің кинотеатрдан айырмашылығы – таңдаған фильміңізді жақын адамыңызбен оңаша жатып тамашалайсыз. Ол үшін әр бөлмеге жұмсақ диван қойылған. Сусын мен тіске басардың да түр-түрі тұр. Ал полиция сот-медициналық сараптама тағайындалып, «зорлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Тергеу жүріп жатыр.
Қылмыстың нақты болған-болмағанын көзбен өлшеп айта алмаймыз. Сондықтан да сараптама зерттеулер тағайындалды. Сарапшылар зорлау әрекеті нақты болды деген ұйғарым шығарса, онда бұл азаматтар міндетті түрде қылмыстық жауапқа тартылып, тергеуде оларға қолданылатын бұлтартпау шарасы тағайындалады, - дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.Тәртіп сақшылары әзірге ешкім қамауға алынбады дейді. Тергеушілер аталмыш іске қатысы бар адамдардан тек сұрақ-жауап алып жатыр. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы шамамен бір айдан кейін белгілі болады. Телеарна «Үш жігіт мені жыныстық қатынасқа мәжбүрледі» деген қыздың жақындарымен де байланысқа шыққан. Бірақ олар сұхбат беруден бас тартыпты. Жәбірленуші қыз колледж бітіріп, Атыраудан Алматыға жұмыс істеуге келіпті. Алайда туыстары оның нақты қандай кәсіппен айналысқанын білмейді.