Жаһанды жұмыссыздық жайлады ма?

Жаһанды жұмыссыздық жайлады ма?

Жаһанды жұмыссыздық жайлады ма?
ашық дереккөзі
1200
Жаһанда жұмыссыздықтың жоғары деңгейде сақталуы мен кей елдерде жұмыспен қамтудың тұрақты түрде қорғалмауы еңбек саласына әлі де болса кері әсер етуде. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерді әлемнің кез келген елінен табуға болады. Жұмыссыздық деңгейі әлі күнге дейін әлем елдерінде тұрақтала қойған жоқ. Сондықтан бұл мәселе қазір әлемнің бірқатар елдерін алқымынан алып тұрғаны жасырын емес. Еуропалық саясаткерлердің барлығы да жұмыссыздық деңгейінің өсуімен күресуге тырысқанымен, әзірге оңды нәтиже болмай тұрған сыңайлы. Өткен айда Халықаралық еңбек ұйымы мынадай мәлімдеме таратты: «2017 жылы әлемдегі жұмыссыздар саны 201 миллион адамға жетеді». Демек жер жаһанды жайлаған жұмыссыздық мәселесі әлі оң шешімін таппады. «2017 жылы әлемдегі жұмыссыздар саны артып, 201 миллион адамға жетеді. 2018 жылы жұмыссыздар тобын тағы 2,7 миллион адам толықтыруы мүмкін. Еңбек нарығында мұндай жағдайдың орын алуына себеп – жұмысқа қабілетті жастағы адамдар саны өсімінің жаңа жұмыс орындары санынан артып кетуі.  Бұл ретте әлемде жұмысқа қабілетті кедейлер саны тұрақты түрде өсіп келеді», – делінген Халықаралық еңбек ұйымының әлемдік масштабта жұмыспен қамту туралы баяндамасында. Ұйымның бас директоры Гай Райдер атап өткендей, бүгінде бір мезетте екі міндетті шешу керек: жаһандық экономикалық және әлеуметтік дағдарыс салдарынан уыстан шығарып алғанның орнын толтыру және жыл сайын еңбек нарығында пайда болатын ондаған миллион адам үшін қосымша жұмыс орындарын құру.  Жалпы, әлемде бұрынғысынша төмен экономикалық өсім байқалып отыр, оның үстіне ол өсімнің салдарын бәрі бірдей сезініп жатқан жоқ.  Бүгінгі күні Еуропа мен Солтүстік Америкада жұмыссыздық азаймай отыр. Ал Батыс Еуропада да жұмыссыздар саны артуда.  «Біз осы жылдың аяғында әлемдегі жұмыссыздық көрсеткіші 3,4 миллион өседі деп болжап отырмыз. Бұл өтпелі экономикасы бар елдердегі жағдайдың нашарлауының нәтижесі», – дейді Халықаралық еңбек ұйымының басшысы Гай Райдер. Халықаралық сарапшылардың пікіріне сүйенсек, алдағы 2 жылда күніне  3 оллар және 10 центтен артық алмайтын жұмысшы кедейлер саны 5 миллионға өседі. 2015 жылғы жұмыссыздық деңгейінің қорытынды көрсеткіші бағалау бойынша 197,1 миллион адамды құрады. Ал өткен  жылы әлемдегі жұмыссыздар саны  2,3 миллионға артып, 199,4 миллион адамды құрады. Осыдан екі жыл бұрын Халықаралық еңбек ұйымы 2019 жылға дейін әлемде тағы да 11 миллион адам жұмыссыз қалуы мүмкін деген мәлімдеме жасаған болатын. Халықаралық ұйымның деректеріне ден қойсақ, 2014 жылы әлемде 201 миллион жұмыссыз адам болған. Бұл көрсеткіш әлемдік алғашқы дағдарыс кезімен, яғни 2008 жылмен салыстырғанда 31 миллионға артық. Қаржылық дағдарыс алғаш етек ала бастаған 2007 жылдан бері әлемдегі жұмыссыздық деңгейі 28 миллионға артыпты. 2009 жылы жұмыссыздар қатары 199 миллионды құрады. Кейін әлемдегі жұмыссыздар қатары 197 миллионға дейін төмендегенімен, 2012 жылы жұмыссыздық деңгейі қайта көтеріле бастады. Енді 2019 жылы жұмыссыздар қатары 212 миллион адамға жетуі әбден ықтимал деп отыр Халықаралық еңбек ұйымы. Мамандардың есептеуі бойынша, 2015 жылы 3 миллион адам жұмыссыздар қатарын толықтырса, бұл көрсеткіш ары қарай тұрақты түрде әр жыл сайын 8 миллион адамға көбейіп отырады екен. Ал мұндай деңгейдегі жұмыссыздық мәселесін шешу үшін 2019 жылға дейін 280 миллион жұмыс орны ашылуы тиіс. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше,  әлеуметтік тұрғыда қорғалмағандардың көпшілігі 24 жасқа толмағандар. Солардың тек 13 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Ұйымның мәлімдеуінше, соңғы уақытта тіпті, жұмыс іздеуден үмітін үзгендер де көбейе бастаған. Экономикасы дамыған елдердегі жұмыссыздардың үштен бір бөлігі бірнеше жылдан бері еңбектен қол үзіп қалған екен. Еңбек ұйымы әлемдегі жұмыссыздық «дағдарыс деңгейіне» жеткендігін айтып, дабыл қаққанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Халықаралық еңбек ұйымының баяндамасына сүйенсек, әлемдегі алпауыт елдердің бірі АҚШ-та, сондай-ақ, өнертапқыштар елі Жапонияда бұл жағдай біршама тұрақталыпты. Алайда экономикасы дамыған Еуропа елдерінің көпшілігі жұмыссыздық мәселесімен күресе алмай келеді. Мысалы, 2014 жылы Еуроаймақтағы жұмыссыздық деңгейі 12,1 пайызға артқан. Тіпті, жұмыссыздықтың салдары адамдарды суицидке итермелеуде. Мұны ғалымдар дәлелдеп отыр. Швед ғалымдардың пайымдауынша, әлемдегі өзін-өзі өлімге қиюдың әрбір бесіншісі жұмыссыздықтан болады екен. Жұмыссыз қалған адамдардың психологиясын жіті зерттеген ғалымдар осындай қорытынды жасауға мәжбүр болған жайы бар. Цюрих университеті мамандарының зерттеу нәтижесіне сүйенсек, жұмыстан шығып қалған немесе жұмыс таба алмаған адамның өзін жайсыз сезінуі экономикалық дағдарыстан да жоғары тұрады. Жұмыссыздықтың әсерін көп жылдар бойы зерттеп жүрген Карлос Нордтың айтуынша, 2000-2011 жылдар аралығында 45 мыңға жуық адам бұл өмірден өз еркімен қош айтысқан. Ал нарығы енді қалыптасып келе жатқан және дамушы елдердегі, сондай-ақ дамыған елдердегі жұмыс істейтін әйелдер мен еркектер жалақысы төмен жұмыстарға да келісуге мәжбүр болуда. Еуроодақтың бірқатар елдерінде және АҚШ-та жұмыссыздық деңгейінің азаюына қарамастан, жұмыссыз қалған адамдар да өте көп. Лайықты еңбек мүмкіндіктерін кеңейту үшін тез арада қажетті шаралар қабылдау қажет, әйтпесе әлеуметтік шиеленістің өсу қаупі бар. Өткен жылдың қыркүйек айында Қытай елінде өткен G20 саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемді алаңдатқан жұмыссыздық жағдайына тоқталған болатын. «Дамушы елдерді ауқымды жұмыссыздық алаңдатуда. Ғылыми-техникалық прогресс пен технологияның дамуына байланысты адамдардың көпшілігі қысқартуға ұшырады Мұның бәрін Қазақстан ескеріп, ойға түйіп, алдын ала шаралар қолдануы тиіс. Яғни, ортақ шешім мынау: Қазақстанды индустрияландыру, мұндай қиын кезеңдегі біздің мемлекеттік инвестицияларға қатысты бағдарламаларымыз өте дұрыс. Жұмыссыздықтың төмен деңгейін сақтап тұру, жаңа жұмыс орындарын ашу және дағдарыспен күрестен экономикалық өсуге бет алу керек», – деген болатын Мемлекет басшысы. Бірнеше жыл бұрын басталған экономикалық қиындықтардың салқыны тиген Еуропа елдеріне жұмыссыздық мәселесі әлі де жат емес. Әсіресе, Грекия мемлекеті 2014 жылдан бері  жұмыссыздықтың зардабын тартуда. Үкіметтен қолдау таппаған көптеген кәсіпорындар жабылып, адамдар жұмыстан шығарылғалы жұмыссыздық деңгейі күрт артып кеткен. Мемлекетте бірнеше жыл бойы жүргізілген қатаң үнемдеу шаралары, салықтың өсуі, жұмыссыздықтың рекордтық көрсеткіші елдегі қарапайым халықтың өмір сүру деңгейін айтарлықтай төмендетті. Экономика үшін қауіп төндіріп отырған жағдай ретінде мамандар жұмыссыздық жөніндегі биржа тіркеуіндегі азаматтардың үштен бір бөлігінің ұзақ жылдан бері еңбек орнын іздемегендігін айтуда. Көршілес Ресей Федерациясында  2017 жылы жұмыссыздық деңгейі сақталатындығын айтады мамандар. Деректерге жүгінсек, Ресейде 2016 жылы жұмыссыздар саны 4,3 миллион адамға жеткен. Бұл көрсеткіш биылғы жылы да сақталуы мүмкін деген болжам бар. Ал 2018 жылы елдегі жұмыссыздар саны 4,2 миллионға, жұмыссыздық деңгейі 5,8 пайыздан 5,7 пайызға дейін төмендеуі ықтимал. Сарапшылар биылғы жыл Ресейдің еңбек нарығы үшін жеңіл болмайтындығын болжауда. Сонымен қатар, ресейлік тәуелсіз сарапшылар 2022 жылға қарай Ресейдегі жұмыссыздық деңгейі 20-25 пайызға дейін артады дегенді алға тартып отыр. Еуропа елдеріндегі және Солтүстік Америкадағы жұмыссыздықтың жалпы  деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда біршама артып отыр. Еуроодақ елдерінде 2016 жылдың екінші жартыжылдығында жұмыс іздеушілер саны 47,8 пайызға жетіпті. Ал 2012 жылы бұл көрсеткіш 44,5 пайыз болған. Халықаралық еңбек ұйымының соңғы деректеріне жүгінсек, әлемнің түрлі аумағындағы жұмыспен қамту деңгейі әр түрлі. Әсіресе, Латын Америкасы мен Кариб аралдарында, Африкада жұмыссыздық мәселесі аса күрделі болып тұр. Аталған аймақтарда экономикалық өсімнің құлдырауы мен жұмысқа қабілетті жастар санының артуы еңбек нарығын реттеуге мүмкіндік берер емес. Қазіргі уақытта әлем елдерінде жұмыссыздықпен күрес шаралары жүргізілгенімен, нәтиже аз. Өйткені 2015 жылы бүкіл әлемде қылаң бере бастаған қаржылық қиындықтардың ұшқыны біраз елге кесірін тигізіп, соның салдары әлі күнге дейін сезілуде. Дамудың даңғыл жолына түскен Еуропаны да алаңдатып отырған жұмыссыздық мәселесі жаһандық дамуда маңызды болып отыр. Жұмыссыздық деңгейінің артуы күрделенген жағдайды одан сайын қиындата түсетін ғаламдық мәселеге айналуы мүмкін.    

Серіктес жаңалықтары