50511
«Мясной гигант» атанған ордада бүгінде 1600 студент білім алып жатыр
«Мясной гигант» атанған ордада бүгінде 1600 студент білім алып жатыр
Биыл Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің Инженерлік-технологиялық факультетіне, бұрынғы «Семей ет және сүт өнеркәсібінің технологиялық» институтының құрылғанына 60 жыл толады. Осы мерейтойға технологиялық институтта 1993 жылы тамақ саласының мамандықтары бойынша алғаш рет ашылған диссертациялық кеңестің 30 жылдығы тұспа-тұс келеді. Семей өңіріндегі осы айтулы оқиғалар қаланың және қаладағы тамақ өнеркәсібінің даму тарихымен тікелей байланысты.
Қазақстандағы тамақ өнеркәсібінің қарыштап дамуы өткен ғасырдың басында іске қосылған аса ірі кәсіпорындардан басталады. Солардың бірі – Семейде іргетасы 1934 жылы қаланған М.И. Калинин атындағы ет-консерві комбинаты еді. Өндірістік қуаты жағынан бұрынғы Одақта үшінші орын алатын ет комбинатын халық «мясной гигант» деп атап кеткен. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары майдандарды ет өнімдерімен қамтамасыз етудегі жанқиярлық еңбегі үшін 1944 жылы ет комбинаты Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Осы алып комбинатты жоғары білімді мамандармен қамтамасыз ету үшін Шымкенттегі Қазақ химиялық-технологиялық институтының (ҚазХТИ) тамақ факультеті Семей қаласына көшіріліп, Семейде 1963 жылы алғаш рет студенттерді қабылдау жүргізілді. Сол жылы факультетте 540 студент, олардың ішінде: 175 адам - күндізгі бөлімде, 365 адам - кешкі және сырттай бөлімдерде білім алды. Факультет оқытушыларының штаты алғаш 24 адамнан құралды: 1 тарих ғылымдарының кандидаты, 11 аға оқытушы және 13 оқытушы болды.
[caption id="attachment_224454" align="alignnone" width="1205"] Тамақ факультетінің бас ғимараты -1963 ж.[/caption]
Факультет 1965 жылдан Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібінің технологиялық институтының Семей филиалы, ал 1980 жылдан Семей ет және сүт өнеркәсібінің технологиялық институты болды.
Алғашқы кезде технологиялық және механикалық факультеттерден құралған Семей бөлімшесі жылдан-жылға нығайып, жас ғылыми кадрлармен толығып, материалдық-техникалық базасы ұлғая бастады. Студенттік жатақханалар, 12-қабатты бас корпус, зертханалық корпус, шеберхана, жүзу бассейні бар спорт кешені, оқытушыларға арналған тұрғын үй сияқты ауқымды құрылыстар жүргізіле бастады. Сол жылдары филиалдағы 4 факультетте оқытушы кадрларымен толықтырылған 20 кафедра жұмыс істеді.
Семей технологиялық институтында 1973-1974 оқу жылдары 250 адамнан тұратын 6 студенттік құрылыс отрядтары құрылды: «Интеграл», «Семей», «Самоцветы», «Юность», «Алғабас», «Эквимбия». Құрылыс отрядының жасақтары Семей облысындағы халық шаруашылығы нысандарын салуда айтарлықтай табыстарға жетті.
[caption id="attachment_224455" align="alignnone" width="1205"] Институт ректоры Рахыжанов О.Р. және қонақтар[/caption]
Технологиялық институттың ғалымдары сол аймақтағы тамақ өндірісі кәсіпорындарымен тығыз байланыс орнатып, келісім-шарт негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындаумен шұғылданды. Қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстары Арқалық, Ақтобе, Шымкент, Атырау, Көкшетау, Теміртау, Алматы, Өскемен, т.б. қалалардағы ет комбинаттарымен жүргізіліп, нәтижелері өндіріске енгізілді. Ғылыми-зерттеу нәтижелері сол кезде бүкілодақтық, халықаралық ғылыми конференцияларда және ет өнеркәсібі қызметкерлерінің Куба, Голландия, Австралия, Германия, Франция, Ресейде өткен халықаралық Конгресстерінде баяндалды. Семей технологиялық институтының делегациясы Кубада өткен Конгресске және тәжірибе алмасу үшін Голландияға барып келді.
Технологиялық институтты әр жылдары басқарған ректорлар - доцент В.Д.Талалаев, доцент О.Р.Рахыжанов, профессор В.И.Воробьев, профессор Н.А.Апсалямов институттың кадрлық және материалдық базасын нығайтуға лайықты үлестерін қоса білді.
Университет ғимараттарының ішінде ерекше орын алатын спорт кешенінің 40 жылдан артық тарихы бар, сол кезде солтүстік-шығыс аймақтағы ешбір ЖОО болмаған спорттық ғимарат, талай әлемге әйгілі спорт саңлақтарын дайындаған спорттық кешен болып есептеледі.
Еңбек еш кеткен жоқ: дәл осы кешеннің спорт залында 80-жылдары Қазақстанның дзюдодан ең мықты командаларының бірі құрылып, жаттықтырылды. Команданың көптеген мүшелері халықаралық спорт шебері, КСРО, Еуропа, Халықаралық турнирлердің чемпиондары мен жүлдегерлері атанды. Семей технологиялық институтының командасы дзюдодан өткен Польшадағы халықаралық турнирге КСРО құрама командасы ретінде қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Өткен ғасырдың 70-80-жылдары орталық қалаларда білім алған жас ғалымдар Семей технология институтында ғылым жолын жалғастырып, аталған ғылыми мектептің ары қарай дамуын қамтамасыз етті.
Тәуелсіздік алған жылдардан кейін Семей технологиялық институтының дамуы одан әрі жалғасты. Негізгі тамақ саласының мамандықтары бойынша аспирантура, докторантура түлектерінің диссертация қорғауын қамтамасыз ету үшін 1993 жылы алғаш рет аймақтық диссертациялық кеңес ашылды. Кеңес құрамына Мәскеу, Кемерово, Омск, Алматы, Павлодар сияқты қалалардан тамақ саласының белгілі ғалымдары шақырылды. Техника ғылымдарының докторлары, профессорлар Л.А.Остроумов, Л.С. Кудряшов, А.А. Майоров, В.М. Позняковский, Б.А. Лобасенко, О.Н. Буянов, М.П.Щетинин, М.С. Уманский, Н.Б.Гаврилова, т.б. ғалымдар ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындауда үлкен көмек көрсетті.
Сол 1993 жылы ашылған диссертациялық кеңес ғылым кандидаты-ғылым докторын дайындау бойынша ескі жүйе тоқтағанша 2011 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеді. Нәтижесінде Қазақстанның барлық аймақтарынан келген ізденушілер 10 докторлық және 85 кандидаттық диссертациялар қорғады.
Семейдегі қарашаңырақ – технологиялық институттан түлеп ұшқан ғылыми кадрлар Қазақстан мен көршілес елдердің ЖОО мен ғылыми ұйымдарында табысты еңбек етуде.
Осы ғылым докторларының ішінен 4 ректор, 7 проректор, ҒЗИ директорлары, қаншама декан мен кафедра меңгерушілері шықты.
Технологиялық институттың түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде, шет елдерде әртүрлі салаларда еңбек етуде.
Семей технологиялық институтының ізбасары 1996 жылдан бастап «Семей» мемлекеттік университетінің, кейіннен Шәкәрім университетінің құрамындағы инженерлік-технологиялық факультет болды.
Факультетте қазіргі кезде 5 кафедрада 69 оқытушы 39 білім бағдарламасы бойынша 1600-ден астам студент, магистрант, PhD-докторанттарға дәріс оқиды. Факультет заманауи құрал-жабдықтар, приборлармен жарақтанған дәрісханалар мен зертханалары бар материалдық-техникалық база негізінде оқу үрдісі мен қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізеді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттары негізінде қаржыландырылатын жобалардың негізгі бөлігі осы факультет ғалымдарының еншісінде.
Қорыта келгенде айтарымыз, 60 жылдық тарихы мен дәстүрі бар Семей технологиялық институтының ізбасары – инженерлік-технологиялық факультеттің ұжымы қойылған биік мақсаттарға жету үшін жас ұрпаққа лайықты білім, өнегелі тәрбие беруге күш-жігерін салуда. Тәжірибесі жеткілікті аға буын өкілдері мен жігерлі жас ғалымдардың ұйымдасқан еңбектері білім және ғылым саласында жаңа белестерге жеткізетініне сеніміміз мол.
«Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КеАҚ,
«Тамақ өндірістерінің технологиясы және
биотехнология» кафедрасының профессоры,
техника ғылымдарының докторы Қ.Ж. Әмірханов.