Елімізде несие алушылардың 32%-ы - әйелдер

Елімізде несие алушылардың 32%-ы - әйелдер

Елімізде несие алушылардың 32%-ы - әйелдер
ашық дереккөзі
231
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова «Корпоративтік сектордағы әйелдер мүмкіндіктерін кеңейту» атты халықаралық форумға қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Форумға Қазақстан президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары, шет мемлекеттердің елшілері, халықаралық ұйымдардың, ҮЕҰ өкілдері, қазақстандық және шетелдік сарапшылар, БАҚ өкілдері қатысты. Мемлекеттік хатшы Қазақстан президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында еліміз өз дамуындағы жаңа дәуірге қадам басқанын атап өткенін айтты. Г.Әбдіқалықова жолдаудың екінші басымдығы – бизнес ахуалын түбегейлі жақсарту және аясын кеңейту ісіне әйелдердің белсене атсалысуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. «Көп нәрсе шағын және орта бизнес кәсіпорындарын басқаратын әйелдерге байланысты. Әйел басшылардың қоғамдық үдерістерге атсалысуы басқарушылық рәсімі мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру сапасына оң әсерін тигізеді. Бұдан бөлек, инновациялық стартаптар құруда ғылымды қажет ететін экономика драйверлерінің бірі ретінде әйелдер қызметінің белсенділігін арттыру қажет», – деді Г.Әбдіқалықова. Бүгінде елдің барлық белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің 44%-ын (570 мыңнан астам субъект) әйелдер басқарады. Олар Қазақстанның шағын және орта бизнес секторындағы барлық жұмыс орындарының 31%-ын қамтып отыр. Республикада әйелдер бизнесін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар, Үкімет пен ЕҚДБ, БҰҰ Даму бағдарламасы, Дүниежүзілік банк, т.б. халықаралық даму институттары арасындағы келісімдер арқылы жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, ауылдағы әйел-кәсіпкерлерге «ҚазАгро» холдингі арқылы қолдау көрсетілуде. Осылайша, соңғы үш жылда несие алушылардың 32%-ы әйелдер болып отыр. Мұндай шаралар қабылдау Қазақстанға Дүниежүзілік экономикалық форумның «Экономикаға атсалысу және әйелдер мүмкіндіктері» рейтингі көрсеткішін жақсартып, 31-ші орынға жетуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік хатшы Қазақстанда қазір 4 миллионнан астам отбасы бар екенін атап өтті. Елімізде отбасыны нығайту мақсатымен қажетті жағдайлар жасау жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдаманың мақсаты – гендерлік теңдік деңгейін, отбасы мүшелерінің тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындаудағы жауапкершілігін, тепе-теңдігі мен нәтижелілігін арттыру. Соңында Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының 2017 жылғы жолдауында белгіленген міндеттерді орындау үшін әйелдердің корпоративтік сектордағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, шағын және орта бизнесті одан әрі дамытудың басымдықтарын айқындап берді.

Серіктес жаңалықтары