50243
Елімізде маусым айынан бастап не өзгереді?
Елімізде маусым айынан бастап не өзгереді?
Маусымнан бастап Қазақстанда бірқатар өзгеріс болмақ. Жаздың алғашқы айында болатын жаңалықтарды шолып шықтық.
Бірқатар алтын және күміс монеталар онлайн сатылымға шығады
Қазақстан Ұлттық банкі интернет-дүкен арқылы алтын мен күмістен дайындалған коллекциялық монеталар сатылымы басталатынын хабарлады. Сатып алушы оларды аумақтық филиал кассасынан өз бетінше алып кете алады. Дәл осы опциямен сату 1 маусым күні басталады. Аумақтық филиалдарда келушілердің кезектік ретін ұйымдастыру үшін интернет-дүкенде келу күні мен уақытын белгілеу функциясы іске қосылды. Аумақтық филиалға баратын күн мен уақытты белгілеуге берілген сілтемесі бар тапсырысты растау туралы хабарлама пайдаланушының электрондық пошта мекенжайына интернет-дүкенде монета сатып алғаннан кейін түседі. Аумақтық филиалға баратын күн мен уақытты пайдаланушының жеке кабинетіндегі «Менің тапсырыстарым» бөлімінде рәсімделген тапсырыс карточкасында белгілеуге де болады. Тапсырысты аумақтық филиал растағаннан кейін тапсырыс карточкасында күн мен уақытты белгілеу батырмасы пайда болады.Электр энергиясының шекті тарифі өседі
2023 жылғы 1 маусымнан бастап энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтері көтеріледі. Энергетика министрінің бұйрығына тиісті өзгерістер енгізілді. Тарифтердің өзгеруі энергия өндіретін ұйымдардың отынға және алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығына жұмсалатын шығындардың ұлғаюымен байланысты. Мысалы, Риддер ЖЭО тарифті кВт/сағ үшін 13,93 теңгеден 18,17 теңгеге дейін; Екібастұз ГРЭС-2 – 8,59 теңгеден 11,20 теңгеге дейін; "МАЭК-Қазатомпром" ЖШС 14,87 теңгеден 18,68 теңгеге дейін өсіреді. Айта кетейік, бүгінде энергия өндіруші ұйымдардың жабдығы 58%-ке тозған. Бұл ретте бірқатар жылу электр орталықтарында тозу деңгейі 90%-ке дейін барады.«Болашақ» стипендиясына өтінім қабылдау басталады
5 маусымда «Болашақ» бағдарламасы аясында құжат қабылдаудың үшінші легі басталады. Өтінімдер биылғы жылғы 7 шілдеге дейін eGov.kz мемлекеттік қызметтер порталы арқылы қабылданады. Жылдың соңына дейін өтінім қабылдаудың тағы бір легі өтеді: 17 шілде мен 15 қыркүйек аралығында. 2023 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында 555 стипендия бөлінді. Оның ішінде 395 стипендия магистратура және резидентура, 50 стипендия докторантура, 110 стипендия тағылымдама бағдарламалары бойынша үлестірілген. Басым мамандықтар тізімі 262 мамандықты көздейді. Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы - «Болашақ» бағдарламасының конкурстық іріктеу ережелері жетілдірілді. Енді кандидаттар өтінім берген кезде шет тілінен емтихан тапсырғаны туралы сертификат ұсынады. Мысалға, ағылшын тілінде магистратураға түсушілер нәтижесі кемінде 9.0 – дан 6.0 IELTS, PBT 677-ден 498, IBT 120-дан 60 TOEFL сертификаттарын, тағылымдамадан өтушілер - IELTS 5.0, PBT-417, IBT-35 TOEFL, DET 75 сертификаттарын ұсынуға тиіс.Тыңайтқыштың екі түрін экспорттауға тыйым салынады
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев «Аммофос және аммоний нитратын әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы» бұйрыққа қол қойды.«Қазақстан Республикасының аумағынан аммофос (Еуразия экономикалық одағы сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауарлық номенклатурасының коды 3105590000) және аммоний нитратын (Еуразия экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауарлық номенклатурасының коды 3102309000) автомобиль көлігімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салынсын», - делінген министрдің бұйрығында.Экспорттық шектеуді іске асыру мен қадағалау Индустриялық даму комитеті, Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне жүктеледі. Бұйрық 9 маусымнан бастап ресми күшіне енеді.
Елімізден жекелеген ағаш түрлерін экспорттауға тыйым салынады
Қазақстан аумағынан кейбір ағаш түрлерін әкетуге жарты жылға тыйым салынбақ.«Қазақстан Республикасының аумағынан ағаш материалдарының жекелеген түрлерін (Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды 4401, 4403, 4404, 4406 және 4407) әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін», - делінген «Ашық» НҚА порталында жарияланған Индустриялық даму комитеті төрағасының бұйрық-жобасында.Құжат 10 маусымнан бастап күшіне енеді.
Құрбан айт
Биыл қасиетті Құрбан айт маусым айының соңында тойланады. Мейрамның алғашқы күні 28 маусымға түсіп тұр. Қазақстан заңнамасы бойынша Құрбан айттың бірінші күні – демалыс. Құрбан айт күндері атқарылатын ең жақсы ісі – құрбандық шалу. Мұсылман қауымы Құрбан айтты қатарынан үш күн атап өтеді.