51417
Айкезбе тұқым қуалай ма?
Айкезбе тұқым қуалай ма?
Халық арасында ұйқылы-ояу төсектен тұрып, жүретіндерді, сөйлейтіндерді «айкезбе» дейді. Медицина тілінде ол «сомнамбулизм» деп аталады.
Көп жағдайда айкезбені айдың толуымен байланыстырады. Дегенмен, мамандар бұл тұжырымды жоққа шығаруда.
Статистикаға сүйенсек, әлемде адамдардың 2,5%-ы айкезбеге шалдыққан. Бұл дерт ересектерге қарағанда балалар арасында жиі кездеседі.
Әдетте айкезбе терең ұйқыға кеткенде пайда болады. Сондықтан болар, айкезбелік жасап жүрген адамды ояту қиын. Сондай-ақ олар түнде болған жайттарды есіне түсіре алмайды.
Айкезбе кезінде адамдар көп жағдайда ұйқылы-ояу төсектен тұрып, жүреді, әңгіме айтып, сұрақтарға жауап береді. Тіпті, кей адамдар ас әзірлеп, көлік айдайды.
Десе де айкезбе ұстамасы ұзаққа созылмайды. Айкезбелер бірнеше минутқа тұрып, қайта ұйықтап қалады.
Айкезбенің негізгі себептері қандай?
Айкезбенің негізгі себебі белгісіз болғанымен, оған бірнеше фактор әсер етуі мүмкін.
Мамандардың пікірінше, ең басты фактор – ол, әрине, стресс.
2016 жылы жүргізілген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, 193 пациенттің ұйқысын саралау барысында, күні бойы күйзеліске түскендер айкезбелікке бейім келген.
Ал канадалық ғалымдар жүргізген зерттеу барысында айкезбе тұқым қуалайтын ауру екеніне көз жеткізді. Сондай-ақ дәрі-дәрмек, ішімдік және ұйқы режимінің бұзылуы айкезбенің пайда болуына әсер етеді.