50565
Клиникалардың екі жастан бастап баланың жынысын өзгертетіні рас па?
Клиникалардың екі жастан бастап баланың жынысын өзгертетіні рас па?
Instagram-да екі жастан асқан балаларға жынысын ауыстыру операциясын жасауға дайын клиникалар бар екендігі туралы ақпарат жарияланды. Онда мұндай жағдайға баланың ойыншық таңдауы және мінез-құлқы себеп болуы мүмкін екені айтылған. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды деп хабарлады turkystan.kz stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Хабарламаға сәйкес, АҚШ-тағы клиникалар, мысалы, екі жасар қыз қуыршақ емес, машиналармен ойнайтын болса немесе ер бала оған тән емес ойыншықтарды таңдаса, баланың жынысын өзгертеді. Постта екі жастан төрт жасқа дейінгі балаларға ота жасауға дайын екі мекеме аталады: Дьюк клиникасы және Солтүстік Каролина университетінің клиникасы. Сондай-ақ ECU Health клиникалар желісі де көрсетілген. Аталған ауруханалардың барлығы Солтүстік Каролинада орналасқан, сәйкесінше осы штаттың заңдарына бағынады. Оған сәйкес, 18 жасқа толмаған адамдарға жынысын ауыстыру бойынша операция жасалмайды.
Дьюк клиникасының сайтында да дәл осылай жазылған. Клиникада гендерлік дисфориясы бар 18 жасқа дейінгі балаларға хирургиялық араласуды қажет етпейтін консультациялық және басқа да көмек көрсетіледі.
Солтүстік Каролина университетінің клиникасының сайттарында және ECU Health клиникалар желісінде балалардың жынысын ауыстыру операциялары туралы ақпарат жоқ.
Бұған дейін Associated Press порталының фактчекерлері Солтүстік Каролинада екі жасар балалардың жынысын өзгертуге дайын клиникалар бар деген хабарламаларды жоққа шығарған.
Демек, таралған ақпарат шындыққа жанаспайды.