50851
Абай облысындағы өрт қашан сөндіріледі? – Хронология
Абай облысындағы өрт қашан сөндіріледі? – Хронология
8 маусым күні «Семей» орманы резерватында өрт шыққан болатын. Оқиға қалай болды, өрт неден шықты? Turkystan.kz тілшісі тілсіз жаудың хронологиясын ұсынады.
Өрт неден шықты?
«Семей» орманы резерватында өрт 8 маусым күні шыққан болатын. Өрт найзағайдың 2 рет соғуынан шыққан.«Сағат 12:03-те Семей қаласынан 25 шақырымдай қашықтықтағы Батпаев орман шаруашылығының 66 кварталында өрт шыққаны туралы хабар түсті. Өрт найзағайдың 2 рет соғуынан шыққан. Өртті тез арада ауыздықтау мүмкін болмады. Оған себеп «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты техникасы биік құм төбелері орналасқан аймаққа жете алмады. Өрт орман шаруашылығы орналасқан жерден қашықтығы 11 шақырымды алса, техника жеткенше өрт аумағы 20 гектарды құрады. Жоғары температура мен қатты желдің салдарынан өрт екі сағаттың ішінде 200 гектар аумақты шарпыды», – деген болатын Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.
Премьер-министр екі министрлікке тапсырма жүктеді
Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Абай облысындағы орман өртін тездетіп сөндіруді тапсырды.«Өткен отырыста ғана біз өрт қауіпсіздігіне дайындық мәселесін қараған болатынбыз. Көріп отырғанымыздай, қауіп өте жоғары. Ең бастысы, елді мекендерге қатер төніп тұрған жоқ. Өрт толықтай бақылауға алынды. Енді оны оқшаулап, толығымен сөндіру керек», – деді Үкімет басшысы.Оның айтуынша, өртті ауыздықтау - әкімдік пен Төтенше жағдайлар, Экология министрліктерінің ортақ міндеті.
«Абай облысына өрт сөндіру күштері мен техникаларын жіберіп, көмек көрсеткен өңірлерге Үкіметтің атынан алғыс білдіреміз. Экология министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, өрт ошақтарын толығымен жойып, келтірілген залалды бағалау үшін «Семей орманы» резерватының аумағына тексеру жұмыстарын жүргізуі қажет», – деді Әлихан Смайылов.
Семей қаласында төтенше жағдай режимі жарияланды
Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында (Батпаев орман шаруашылы 66, 67, 55, және 42-кварталдар) өрттің тұтануына байланысты Семей қаласының аумағында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жариялансын», – делінген Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың шешімінде.Төтенше жағдайды жою бойынша штаб басшысы болып қала әкімінің орынбасары Рамиль Досмағанбетов белгіленді. [caption id="attachment_225491" align="alignnone" width="1920"] Фото: gov.kz[/caption]
Абай облысындағы орман өрті бойынша қылмыстық іс қозғалды
9 маусым күні Абай облысының орман алқабында орын алған өрт фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу). Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қылмыстық іс арнайы прокурорлардың іс жүргізуіне қабылданды.«Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері қатарынан ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Сонымен қатар адамдардың қаза болуына және қоршаған ортаға елеулі зиян келтіруге әкеп соққан ауыр зардаптарды назарға ала отырып, арнайы прокурор салғырттық фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеді» деп жазды Бас прокуратурадан.Оны тергеп-тексеру аясында жауапты лауазымды адамдардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға ресми сапары кейінге шегерілді
Абай облысындағы алапат өртке байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-13 маусым күндері Вьетнамға жоспарланған ресми сапары кейінге шегерілді. Президент шұғыл кеңес өткізу және апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету шараларын қабылдау үшін Абай облысына баруды жоспарлап отыр.Абай облысындағы өрттен 14 орманшы қаза тапты
Өртті сөндіру жедел штабының мәліметінше, іздеу жұмыстары барысында тағы 11 қаза тапқан адамның денесі табылған. Қаза тапқандардың жеке басы анықталды.- Жиенбаева Мейрамгүл Құсайынқызы
- Тоқтасын Серікжан Бақытбекұлы
- Дүйсембаев Амангелді Спатайұлы
- Губаев Алексей Григорьевич
- Фоминых Максим Владимирович
- Нұржігітов Саят Нұржанұлы
- Начинёнов Константин Сергеевич
- Сидорин Виктор Александрович
- Сидорин Александр Викторович
- Пузырев Николай Иванович
- Пузырев Сергей Николаевич
- Гражданкин Петр Александрович
- Дарибаев Александр Викторович
- Ганьшин Даниил Евгеньевич.
Төтенше жағдайлар министрі қызметінен кетті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді қызметінен босатты.«Мемлекет басшысының Жарлығымен Юрий Викторович Ильин Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымынан босатылды», – деп жазылған Президент Жарлығында.
Жаңадан төтенше жағдайлар министрі тағайындалды
Мемлекет басшысының Жарлығымен Сырым Дүйсенғазыұлы Шәріпханов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымына тағайындалды.Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен барды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен барды. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар барысында Президент орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысты. Шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізеді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті.Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қор ашылды
Әкімдік Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қайырымдылық қоры ашылғанын хабарлады. Бұл шара қайырымдылық мақсатында түскен қаражатты арнайы шоттарға аударуды қарастырады. Қорға жиналған барлық қаржы Абай облысындағы ірі өрттен зардап шеккендерге көмекке жұмсалады. Деректемелер: «Ақ Ертіс» қоғамдық қоры БСН 220 840 037 964 Арнайы ИИК банк шоты: KZ80601A261001216131 «Қазақстан Халық Банкі» АҚ BIC HSBKKZKX Кбе 1812 маусым жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды
Президент Семейде орманшылардың отбасымен кездесуде ертең елімізде қаралы күн жарияланатынын айтты.«Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз, – деді Мемлекет басшысы.[caption id="attachment_225492" align="alignnone" width="1920"] Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі[/caption]
Абай облысындағы өрт қашан сөндіріледі? ТЖМ жаңа басшысы болжам жасады
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Абай облысындағы өрт қашан оқшауланып, сөндірілетіні туралы болжамын айтты. Жаңадан тағайындалған министрдің айтуынша, өртке қатысты жағдай тұрақты, бірақ ауа температурасының көтерілуі мен екпінді жел салдарынан одан әрі өршу ықтималдығы бар.«Мұны оқшаулау үшін жеткілікті топ құрылды. 1,5 мыңға жуық жеке құрам: өрт сөндірушілер, орманды қорғау қызметкерлері, Қорғаныс министрлігі және Ішкі істер министрлігі қызметкерлері. Сондай-ақ 300-ге жуық техника мен 12 тікұшақ бар», – деді ол журналистерге.Қазіргі уақытта өрт аумағы шамамен 43 мың гектар болған.
«60 мыңнан астам болды, бірақ жеке құрам жұмыс істеп жатыр, өрт сөндіру жұмыстары жүріп жатыр, өрт аумағы азайды. Болжамдар бар - жақын күндері біз өртті оқшаулап, сөндіруіміз керек. Басқа өңірлерден жіберілген арнайы техниканың барлығы осы жерде және өртті сөндіруге жұмылдырылған. Қою түтінге байланысты екі ауылдың тұрғындарын эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Олар әзірше үйлеріне қайтарылмайды», – деді ол.