Маңғыстау облысында кен орнындағы өрттің лаулап жатқанына – бесінші күн

Маңғыстау облысында кен орнындағы өрттің лаулап жатқанына – бесінші күн

Маңғыстау облысында кен орнындағы өрттің лаулап жатқанына – бесінші күн
ашық дереккөзі
50291
9 маусым күні Бозашы мұнай түбегіндегі «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнында тұтанған өрт әлі лаулап жатыр. Кеше Маңғыстау облысының басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен шұғыл кеңес өтті. Жиында жалынды ауыздықтау бойынша бірқатар ұсыныс жасалды деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. От кен орнында бұрғылау жұмысын жүргізу кезінде шыққан. Кеңеске ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов бастаған ведомствоның бірқатар өкілі, «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Самат Қазақбаев бастаған ведомство өкілдері, «Ақ Берен» мекемесінің Маңғыстау облысы филиалының басшысы, «КӘАҚҚ Республикалық орталық штабы» өкілдері, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директорлары, «Бозашы Мұнай» ЖШС мамандары және сала ардагерлері қатысты. Кеңес барысында кен орнындағы өртті сөндіру бойынша бірқатар ұсыныс айтылды. «Бозашы Мұнай» ЖШС бас геологы Александр Касьяненко ұңғыма кратерін ауыр бұрғылау ерітіндісімен толтыруды немесе газ қысымын төмендету үшін іргеден қосымша ұңғыма қазуды ұсынды. Жиында бас қосқандар газ қысымының төмендеуінен от өздігінен сөнуі ықтимал деген пікір де айтты.
«Бізде газ қысымы төмендеп, өрттің өзі сөнгенше күтетін уақыт жоқ. Өртті сөндіру шараларының алгоритмі шұғыл түрде жасалуы керек. Барлық жауапты тұлғалардың қосылуы қажет. Қаржыландырудың қажетті көлемі мен материалдық-техникалық база тізбегі көрсетілуге тиіс», - деді сала ардагері Балтабек Қуандықов.
Жиында Маңғыстау облысының әкімі кен орнындағы өрт қарапайым қауіпсіздік шараларының сақталмауынан болуы мүмкін екенін айтты.
«Ұңғымаға түсетін газ қорының көлемі мен қысымын анықтап, кен орнындағы өртті жою іс-шаралар жоспарын жедел әзірлеу керек. Жобаны мерзімінен кешіктірмей зерделеп, құзыретті мамандар бірауыздан мақұлдауы тиіс. Сондай-ақ әзірлеу кезінде жедел шаралар қабылдау үшін барлық мердігерлік ұйымдар мен жауапты мамандар қатысуы қажет», - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Жиыннан кейін жұмыс тобы «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнының аумағына барды. Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, техногендік апаттың себебі ұңғыманы бұрғылау барысындағы құрылыс жұмыстары кезінде ұңғыма сағасындағы газбен сұйықты тығыздаушы жабдықтың ашылуынан, яғни герметизацияның бұзылуынан болуы мүмкін. «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС-нің қызметкерлері мен өртке қарсы күрес бөлімшелері апат орнында өртті толықтай жоюға дайын. Алайда бұрғыдан ұзақ уақыт газ-су өнімінің атқылауына байланысты қазір диаметрі 15 метр, тереңдігі шамамен 2-ден 3 метрге дейін кратерлер пайда болған. Соның салдарынан ошақ алаңына арнайы өрт сөндіру жабдықтарын жақындату мүмкін болмай отыр.
«Өрт болған орынға өртке қарсы қызмет пен көмекші техниканың жиынтық жасағынан құралған 33 техника және жеке құрамның 89 адамы, сондай-ақ арнайы техника жіберілді. Қажетті күштер мен құралдардың барлығы кезекшілік режимінде», - деп хабарлады Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Серіктес жаңалықтары