389
Топ жарған таланттар
Топ жарған таланттар
Елімізде өнертапқыш балалар саны жылдан-жылға артып келеді. Олардың ғылымды, инновацияны дамытуға деген қызығушылығы жоғары. Талантты оқушылардың инновациялық жобалары әлемдік байқаулардан да топ жарып жүр.
Биыл ақпан айында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен Ustem robotics қоры еліміздің аймақтарынан және көршілес Қырғыз Республикасы, Өзбекстаннан 1200 оқушы қатысқан Central Asia first Championship халықаралық чемпионатын ұйымдастырған болатын. Жарыс үш жас санаты First lego league Explore (6-10 жас), First lego League Challenge (10-16 жас), First tech Challenge (12-18 жас) бойынша өткізілді. Биылғы маусым энергия тақырыбына арналды. Балалар роботтарды бағдарламалап құрастырумен қатар, инновациялық жобада жұмыс істей отырып энергия саласының өзекті мәселелеріне инженерлік шешімдер шығарды. Жарыста оза шапқан 9 команда АҚШ, Үндістан, Аустралия, Мароккода өтетін дүниежүзілік чемпионаттарға жолдама алды. Соның бірі Шымкент қалалық химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің Clutch командасы электр энергиясын өндейтін робот жасап, І-орынды иеленді. Осылайша, олар дүниежүзі бойынша АҚШ-та өтетін робототехниканың халықаралық чемпионатына жолдама алған болатын.
Кеше аталған мектептің 9-сынып оқушылары Американың Вустер қаласында өткен Әлем чемпионатында Innovation Project номинациясы бойынша III-орынды жеңіп алды. Сондай-ақ әділқазы алқасы жобаға қатысушылардың инженерлік дағдыларды, ұлттық ерекшеліктер мен мықты ауызбіршілік көрсеткенін ерекше атап өтті. Турнирге әлемнің 25 елінен 75 команда, барлығы 700 оқушы қатысқан.
Халықаралық додаға біздің жас ғалымдар жел генераторы мен күн панельдерінен алынатын электр энергиясын сақтауға мүмкіндік беретін инновациялық жоба ұсынған болатын. Hydropump accumulation деп аталған жобаны сәтті қорғаған таланттар ел намысын қолдан бермей, көк туымызды желбіретіп қайтты.
– Жоба жел турбиналары мен күн батареяларынан алынған артық энергияны электр энергиясына айналдыру арқылы үнемдеуді көздейді. Біздің зерттеуіміз бойынша, қала сыртындағы кеңседегі жел қондырғыларының күн панельдері айына 6 600 киловатт сағат энергия өндіреді. Ал 50 қызметкері бар кеңсенің өзі 6 000 киловатт сағат энергия пайдаланады. Нәтижесінде, 600 киловатт-сағат энергия қалды. Бұл мәселені шешудің бірнеше жолы болды. Мысалы, гравитациялық батареялар, жылу батареялары және суға арналған резервуарлар. Ал біз бұл мәселені шешуде су ыдыстары қолайлы деген қорытындыға келдік, – дейді команда мүшесі Арнұр Дәулет.Су қоймалары энергияны сақтау кезінде жоғары тиімділікке ие әрі әмбебап. Оларды кез келген жерде орнатуға болады. Су қоймалары бір-бірінің үстіне тігінен орналасқан 30 тонналық екі резервуарды қамтиды. Артық энергия суды сорғының көмегімен төменгі резервуардан жоғарғы резервуарға көтеру үшін қолданылады. Егер сізге энергия қажет болса, су қайтадан түседі. Резервуарлар арасындағы қашықтық 9 метр. Жоғарғы резервуардағы судың потенциалдық энергиясы 750 киловатт сағат болса, ал генератор 630 киловатт сағатты құрайды. Бұл жобаның тиімділігін 75 пайызға арттырады.
– Біз ұсынған технологияны қала сыртында немесе шаруа қожалықтарында қолдану өте тиімді. Мысалы, егер бір отбасы айына шамамен 300-400 киловатт жұмсаса, онда бұл конструкция 450 киловаттқа дейін өндіре алады. Пайдаланбаған бөлігін басқа салаларға жіберуге де мүмкіндік бар, – деп пікір бөлісті топ жетекшісі Санжар Сартаев.Күн, жел және судан электр энергиясын өндіріп, артық шығындарды үнемдейтін «Автономды үй» жобасы жетекші университеттер, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдар мен компаниялардың тексеруінен өткен. Жобаның құны да белгілі. Мысалы, шар клапаны 1 800 АҚШ доллары тұрады. Ал резерв резервуарлар 2 000 доллар, сорғылар 1 300 доллар, жақтаулар 4 125 доллар тұрады. Орнату жұмыстарының шығынын қоса есептегенде барлығы 12 500 доллар. Америкада бұл жоба іске асырылса, 80 ай ішінде өз құнын ақтап шығарады екен. Команда былтыр желтоқсан айында құрылған. Құрамында 8 оқушы бар. Олар чемпионатқа жарты жылдан астам уақыт дайындалған.
– Оқушыларым маған өз идеясын ұсынып, жүзеге асыру мүмкін бе деп сұрады. Әдетте мен жобаның болашағы жоқ екенін көрсем бірден айтамын. Өйткені кей оқушылар ақшасы көп жобаны ұсынады болмаса жұмыс істемейтін жобаларды айтады. Ал бұл идея менің де көңіліме қона кетті. Күннен, судан алынған артық энергияны неге тиімді пайдаланбасқа? Электр энергиясын сақтауға мүмкіндік беретін инновациялық жобаға бағыт беріп отырдым. Мұхит асып Америкаға барып, діттеген мақсаттарына жеткен шәкірттеріммен мақтанамын. Өйткені оқушыларым өте ізденімпаз, жаңашыл. Дұрыс бағыт беріп, жөн сілтесең, соны жан-жақты зерттеп, нәтижесін алып келеді. Өздері бір-бірін тауып алған дерсің. Шешендік, конструкторлық, зерттеушілік қабілеттері жоғары. Ғылымға деген ынталары күшті. Болашақта олардан бір-бір мықты маман шығатынына сенімдімін. Ендігі жерде олар өзге оқушылармен өз тәжірибесін бөлісетін болады. Келесі жылы мұндай халықаралық жобаларға 3-4 команда жасақтауды мақсат етіп отырмыз, – деді жоба жетекшісі Бейбарыс Тоқжанов.Кез келген жетістік шағын қадамдардан басталады. Осылайша, жас ғалымдар жаңа технологияларды дамытуға үлес қосады. Техникалық білімді алуға ұмтылған жастар болашақта ІТ мамандар мен инженерлер мен ғалымдар санының көбеюіне, Қазақстан ғылымының өркендеуіне ықпал етері анық. Өйткені отандық экономика техникалық мамандарға зәру. Жүлделі оралған жастардың жоба жетекшісіне алғысы шексіз. Алғашында идея түрінде айтылған жобаның аймақ, республика, әлем бойынша үздік деп танылуына информатика пәні мұғалімінің қосқан үлесі зор. Америкадағы әділқазы алқалары біздің оқушылардың инженерлік дағдыларымен қатар ұлттық ерекшеліктерді де назардан тыс қалдырмағанын ерекше атап өткен.
– Жарысқа біз арнайы ұлттық киімдерімізді киіп шықтық. Осы арқылы біз әлемге қай мем-лекеттен келгенімізді көрсетіп, мақтанғымыз келді, – дейді топ мүшесі Арайлым Әбдісаттар.Жастар жарыс арасында Массачусетс технологиялық институты, Бостон университеті және ең танымал, беделді университеттің бірі Гарвардты аралап, профессорлармен танысып, сұхбаттасқан. Мұндай кездесулердің жастар жадында мәңгіге сақталары сөзсіз. Ғылым мен инновацияны дамытуға қызығатын таланттар болашақта мемлекетке тың серпіліс әкелері анық.
А.Бимендиева