50233
Санда бар да, санатта жоқ адамға айлық төленгені анықталды – «AMANAT» жанындағы кеңес
Санда бар да, санатта жоқ адамға айлық төленгені анықталды – «AMANAT» жанындағы кеңес
2020 жылдан бері білім беру саласында 343 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркеліп, оған қатысы бар 255 адамның заңға қайшы әрекеті әшкереленді. Ал олардың мемлекетке келтірген шығыны шамамен 11 млрд теңгені құрап, оның 5,2 млрд теңгесі қайтарылды.
Мұндай жаға ұстатарлық мәліметтер «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңес отырысында айтылды. Жиында білім беру саласында анықталған аймақтардағы қаржылық заң бұзушылық мәселесі күн тәртібіне қойылды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау басқармасының басшысы Нұрдәулет Саметтің айтуынша, негізінен бюджет қаражатын жымқыру (46%), парақорлық (27%), лауазымды өкілеттікті асыра пайдалану (18%) және қызметте жалған әрекет жасау (9%) фактілеріне жол беріледі. Ал мұндай өрескел әрекетке баратындар – көбіне орта мектептердің, колледждердің директорлары, балабақша меңгерушілері, бухгалтерлер, білім басқармалары және бөлімдерінің басшылары мен мамандары.
Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Талдықорған қаласындағы білім беру саласы қызметкерлеріне қатысты соңғы резонанстық істер ауқымды сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын біраз проблеманың бетін ашты.
Осы себепті Агенттік ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп бюджетті жоспарлау және игеру мәселелері, оның ішінде педагогтарға еңбекақы төлеу қоры бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді.
«Талдау жұмысының нәтижесінде еңбекақы төлеу қорынан бюджет қаражатына қол салудың барлық схемасы ашылды. Бюджетке өтінім жасаған кезде қаражат көлемін алдын-ала қолдан жоғарылатып көрсетеді. Мұнда әртүрлі айла-тәсілдер қолданылады. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алулардың құнын, балалар мен педагогтардың санын, мұғалімдердің жүктемесін асырып көрсету, бос жұмыс орындарын құрып, оған қарастырылған қаражат жыл соңына дейін игерілмеуі үшін сол орындарға әдейі ешкімді жұмысқа қабылдамау сияқты құйтұрқы әрекеттер жасалған. Осыдан келіп үнемделген қаражатты білім бөлімі аффилирленген мектептердің арасында бөліске салады. Әрі қарай әлгі мектептердің директоры мен есепшісі бухгалтерлік есеп бағдарламалары мен ақпараттық жүйелердің осалдығын пайдаланып, қаржыны жымқырып қалады», - деді Н.Самет.Сондай-ақ, ол ақша жымқыру жалақыны белгіленген нормадан тыс есептеу, мектепте мүлде жұмыс істемейтін адамдарға айлық төлеу, жеке деректерді манипуляциялау сияқты жолдар арқылы жасалғанын алға тартты. Жұмысқа тек қағаз жүзінде қабылданған жандарға жалақы төлеу фактілері де анықталды. Сол сияқты ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті де еліміздің білім беру саласында 2022 жылғы және 2023 жылғы I тоқсан кезеңі аралығына аудиторлық іс-шара жүргізіп, бірқатар заң бұзушылықты анықтады. Құзырлы органның ақпараты бойынша бюджеттен бөлінген 361 147,9 млн теңге қаражаттың 10 564,2 млн теңгесі қаржылық заң бұзушылыққа ұшыраған. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу кезінде заңға қайшы әрекет жасалып, 3 542,9 млн теңге мақсатқа сай жұмсалмады деген қорытынды шығарылды.
«Соған байланысты, ведомство тиісті шара қабылдап, бюджет кірісіне 1 606,4 млн теңге қайтарылды және 6 632,3 млн теңге қалпына келтірілді. Заң бұзушылыққа жол бергені үшін 522 лауазымды тұлға тәртіптік және 114 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық қудалау органдарына 59 аудиторлық материал ұсынылып, ол бойынша 25 қылмыстық іс қозғалды», - деді Ішкі мемлекеттік аудит комитеті төрағасының орынбасары Марат Байдурин.Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Нұрлан Нұржанов осындай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін ең алдымен Тәуекелдерді басқару жүйесіне тиісті деңгейде көңіл бөлінуі керек дегенді алға тарты.
«Қыруар қаражаттың жымқырылуы бұл бір күнде орын алған жағдай емес. Сондықтан бақылау органдары жергілікті деңгейдегі Тәуекелді басқару жүйесіне тиісті өзгерістер енгізіп, қайта сараптама жасауы керек. Сонымен қатар, аудит жүргізу кезінде камералық бақылау тәжірибесін қолданған жөн. Ол арқылы нысанға бармай-ақ, қашықтықтан мониторинг жасап, жүйелерді қарап отыруға болады. Қазынашылық органдардағы базаға интеграция жасау маңызды деп ойлаймыз», - деді ол.
«Бөлінген бюджет қаржысының дұрыс игерілмеуі, оның балаларға жетпеуі қоғамда әлеуметтік наразылықтың туындауына тікелей себепкер», - деп есептейді «Қазақстанда парламентаризмді дамыту» қорының президенті, Кеңес мүшесі Зәуреш Батталова. Оның пікірінше, саладағы жемқорлықты мемлекеттік бақылау арқылы жеңу мүмкін емес, мұнда қоғамдық бақылауды күшейту керек.Сонымен қатар, Кеңесте бүгінде білім басқармалары әртүрлі 8 ақпараттық жүйені қолданатыны айтылды. Бұл да «бармақ басты, көз қысты» әрекетке баруға мүмкіндік жасайды. Сондықтан есеп және қазынашылдық қызметтеріне бірыңғай ақпараттық жүйенің енгізілуі маңызды. Кеңес төрағасы, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаты Жұлдыз Сүлейменова өзі аралаған бірқатар ауыл мектебінің қазіргі жай-күйіне тоқталды.
«Қабырғасы қақырап, төбесі түсіп, едені шұрқ тесік болған мектепті көрген кезде жүрегің ауырады. Осындай жағдайда миллиардтаған қаржының жымқырылып жатқанына үн-түнсіз қарап отыруға болмайды. Себебі, сол қаражат ауылдың мектебіне жетіп, ауылдағы баланың біліміне жұмсалуы тиіс. Еліміздің болашағының жарқын болуы бүгінгі мектептегі баланың болашағының ұрланбауына байланысты. Оған әрқайсымыз жауаптымыз. Сондықтан азаматтық белсенділік танытайық», - деді халық қалаулысы.Сондай-ақ ол еліміздегі 7 500 мектептің материалдық-техникалық базасының деңгейіне алаңдаушылық білдірді. Бұл мәселеге қатысты Кеңес төрағасы білім ошақтарына ұлттық аудит жүргізілуі қажет деп санайды.
«Білім саласында жасалып жатқан оң өзгеріс аз емес, бірақ оның бәрі тиісті нәтиже бермеуде. Себебі жемқорлыққа жол беріліп отыр. Қазір тек қана еңбекақы төлеу қорына қатысты көптеген заң бұзушылық орын алғанын көрдік. Ал мектептердің мүлкін түгендеуге, мемлекеттік сатып алуға қатысты тексеріс жүргізілсе, заң бұзушылықтың ол жақтан да анықталуы әбден мүмкін», - деді Ж.Сүлейменова.Осыған байланысты Кеңес жауапты ведомстволарға барлық өңірдегі білім ошақтарына үш бағытта: еңбекақы қорына, мектептердегі инвентаризацияға және мемлекеттік сатып алуға қатысты ұлттық аудит жүргізуді ұсынды.