50755
Мәслихат депутаттары аймақтағы өзекті мәселелерді айтты - Ләззат Қожахметова
Мәслихат депутаттары аймақтағы өзекті мәселелерді айтты - Ләззат Қожахметова
Астанада «AMANAT» партиясы депутаттарының алғашқы форумы өтті. Бұл іс-шараға барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары өңір-өңірден арнайы келіп, аймақтағы өзекті мәселелерді қозғады.
Соның бірі - Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Ләззат Қожахметова. Ол форум жайлы пікірін білдірді.
«AMANAT» партиясы депутаттарының алғашқы форумына қатысқаныма өте қуаныштымын. Форум жоғары деңгейде өтті деп ойламын. Өңірлерден депутаттар жиналып, көптеген өзекті мәселені ортаға салды. Спикерлер өте жақсы пікірлерді айтты», - деді ол.Ләззат Қожахметова, сондай-ақ, өзі басқаратын Қарағанды қаласындағы «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы туралы айтты.
«Өзім көпбалалы анамын. «AMANAT» партиясы мен «Бақытты отбасы» атты партиялық жобасы негізінде Қарағанды қаласында, Қарқаралы мен Бұқар жырау аудандарында «Шаңырақ» көпбалалы отбасын қолдау орталығын аштық. Қайырымдылықпен айналысамыз. Біз мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде жұмыс істейміз. 2 жылдың ішінде 31 көпбалалы отбасына демеуші тауып, баспана алып беруіне мұрындық болдық. Біз идеологиялық іс-шаралармен айналысамыз. Яғни, отбасы ынтымағын арттыратын «Әкем, анам және мен, спортшымыз әулетпен», «Үлгілі отбасы - мемлекет тұтқасы» деген конкурстар өткіземіз. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларына мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес береміз. Бізде тегін психолог, заңгерлер жұмыс істейді. Сондай-ақ үй кезегіне тұруға көмектесеміз. Орталық ашылғалы аналар әкімдікке, ХҚКО бармайды, біздің орталыққа келіп, кешенді қызмет алады», - деді Ләззат Қожахметова.