Астанадағы тамақ фестивалінде аспаздар құпияларымен бөлісті

Астанадағы тамақ фестивалінде аспаздар құпияларымен бөлісті

Астанадағы тамақ фестивалінде аспаздар құпияларымен бөлісті
ашық дереккөзі
50565
Бүгін орталық саябақта «Джабли фуд трак» фестивалі басталды. Іс-шарада Астананың 25 жылдық мерейтойына орай 25 елдің ұлттық тағамы ұсынылды. Атақты кондитерлер шеберлік сағатын өткізіп, құпияларымен бөлісті деп хабарлады turkystan.kz «Хабар-24»-ке сілтеме жасап. Орталық саябақта арнайы құрылған шатыр астына түрлі елдің ұлттық тағамдары қойылған. Олардың арасында қазақтың бауырсағынан бөлек өзбек палауы, француз круассаны, италиялық паста мен грузин кәуабы бар.
«Үйге қонақ шақырсаң да бауырсақ пісіреміз міндетті түрде. Сондықтан Астананың 25 жылдығына бауырсақтан тарту жасап жатырмыз. 2 адам болып, жәрдемшімен 200 кг бауырсақ пісірдік. 400 килограммға шамалап жатырмыз. Алдымызда 2 күн бар. 400 кг-дан асырамыз», - деді аспаз Динара Бекзадаева.
Фестивальдің аясы кең. Мұнда балаларға арналған шеберлік сағаты да өтіп жатыр. Олар өзге халықтың тіске басары мен жалпы кондитерлік өнімдерді әзірлеп үйренуде.
«Бұл фестивальда біз балаларға қызық болу үшін түрлі-түсті хворост дайындап жатырмыз. Біз ең алдымен қамырдың дайындалу жолын, кейін илену жолын көрсеттік. Негізі хворост – татар халқының тағамы. Дастарханда әдемі көріну үшін түрлі-түсті етіп жасайды», - деді кондитер Индира Бауыржан. «Фестивальдің мақсаты – саябаққа келген қала тұрғындары мен қонақтарының көңіл-күйін көтеру. Бір ғана Астанада түрлі этнос өкілдері өмір сүреді. Сондықтан бірнеше халықтың ұлттық тағамдарын негізге ала отырып, осындай шара өткізуді жөн көрдік», - деді фестиваль ұйымдастырушысы Эльмира Сәрсеналиева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл алғаш рет ұйымдастырылған фестиваль алдағы уақытта да жалғасын табады. Жыл сайын елорда күні қарсаңында игі шараны өткізу жоспарланып отыр.  

Серіктес жаңалықтары