Адалдық үстемдік етпей, әділдік салтанат құрмайды

Адалдық үстемдік етпей, әділдік салтанат құрмайды

Адалдық үстемдік етпей, әділдік салтанат құрмайды
ашық дереккөзі
614
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сон­дай­дан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілер­дің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол ес­тілер­ден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», – деген Абай хакім адамзатты бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болу­ға шақырған. Бүкіл бабаларымыз адалдық пен әділдікті өсиет еткен. Мемлекет басшысы Ұлттық құ­рыл­­тайда ұлттық бренд, идео­ло­гия, тарих, сана, мәдениет, тәрбие, жалпы ұлт­тық құндылықтар мен креативті ин­дустрия, саяси талдау, сараптау, шекаралас ай­мақтарды дамыту, мемлекеттік қыз­мет­керлерді адалдық пен әділдікке жете­лей­тін қасиеттер мен істерге кеңінен тоқ­тал­ды. Түсінгенге әділетті әрі адал қоғам жайын­да терең мағыналы ой айтты. «AMANAT» партиясының ұйым­дас­ты­руы­мен Астанада алғаш рет әр дең­гейдегі мәс­лихат депутаттарының респуб­ли­ка­лық форумы өткені мәлім. Келелі кеңес­тің мәнісі тіпті аудандық деңгейдегі де­путаттардың имиджін қалыптастыру, сай­лаушылармен байланыс орнату, уәде­лерді орындау сияқты жұмыстар бүге-шү­гесіне шейін талқыланды. Әйтпесе, бұрын сайлау алдында алашапқын болып, кейін ауыл­ға ат ізін салмайтындар да болған. Тұр­ғындарға төбе көрсетпейтін әкімдер де бар. Мәселесін шешетін, шағымын тың­дайтын не әкім, не депутатын таппа­ған соң, халық көшеге, әлеуметтік желіге, тіпті халықаралық ұйымдарға шығып кетті. Заман өзгеріп, өзгергенді көз көріп жа­тыр. Орнында бар оңалар, енді. Фо­рум­ның мақсаты Президент айтқандай ха­лыққа адал қызмет етіп, әділетті Қазақ­стан орнатуға күш салу еді. Мәжіліс Төрағасы, Партия Төрағасы Ерлан Қошанов: «Біздің – мақсатымыз айқын. Ол – Мемлекет басшысы қолға ал­ған реформаларды аяғына дейін табыс­ты жүзеге асыру. Баршамызды бір миссия – мемлекет пен халыққа адал, риясыз қыз­мет ету миссиясы біріктіреді. Өткен жы­лы партияның сьезінде Мемлекет бас­шысы: «Мәслихат депутатының төс­бел­гісі оны халық сайлағанын білдіреді және депутат тек халықтың мүддесі үшін қызмет етуі керек» деген еді. Биылғы сайлау бұрынғыдан өзгерек өтті. Партия қатарында барлар да, жоқ­тар да сайлауға түсе алды. Мен де сай­лаушылар сенім артып, бірмандатты округ­тен сайланған депутатпын. Мінбер жо­ғарылаған сайын міндет көбейе түседі. Мә­жіліс мандаты міндетті жауапкерші­лік­ті арттырады. Өйткені тек мәселе кө­те­ріп қоймай, ел үшін маңызды құжаттар­дың қабылдануына атсалысады. Айна­ла­сы 3 айда Үкіметке 12 депутаттық сауал жол­дадым. Көпшілікпен алғашқы сес­сия­да істеген жұмыстың есебімен бөлісуді жөн санадым. Түркістан еліміздің ірі облыстарының бірі. Жер көлемі жөнінен сай келмесе де, тұрғындар саны жағынан асып түседі. «Көптің уайымы – көп, аздың уайымы – аз» дегендей, бұқараның саны артқан сайын өзекті мәселелері де көбейіп ке­леді. Оның үстіне әрісі 50-60, берісі 30 жыл­дан бері тозығы жеткен, жаңалауды қа­жет ететін дүниелер де жетіп артылады. Әлеуметке керегі сол баяғы мектеп, ауру­хана, емхана, жол, газ, су, жарық, жұмыс орындары. Сайлау алдында сайлау­шы­лармен кездесіп, базынасын тыңдадық. Енді сол бойынша жұмыс істеп жатқан жайы­мыз бар. Айналасы 3 айда Үкіметке оннан аса депутаттық сауал жолданды. Ауыз толтырып айтарлығы мектеп, ауыз­су, газ мәселесінің оң шешімін тапқаны. Облыста 125 ауылда тіршілік нәрі бол­май сатып алса, өзгесінде йоды, тұзы шамадан тыс, одан қалса құрттап кеткен суды ішуге мәжбүр. Құбыр жүргізілсе де, су жеткізілмегендері тағы бар. Мұндай ке­лең­сіздіктер Ордабасы, Отырар, Жеті­сай, Келес, Қазығұрт, Мақтаарал, Созақ, Түлкібас, Шардара, Сайрам, Төлеби, Сау­ран аудандары мен Арыс, Түркістан, Кен­тау қалаларында белең алған. Құры­лыс әлдеқашан аяқталса да, пайдалануға берілмеген. Бұған су көздерін барлау мен жобалық-сметалық құнының дұрыс жа­сал­мауы, мердігерлердің он екіде бір сай­манының түгел болмауы, нысанды эксп­луатацияға қабылдау кезінде жауап­ты бөлім басшыларының кемшілік­терге көз жұма қарауы сияқты факторлар бір­ден-бір себеп. Салғырттықтың сал­дары­нан опық жейтін халық. Судың сапасыздығынан неше түрлі аурулар асқынып кеткен. Сол сияқты Арыстағы Жиделі, Монтайтас, Дермене ауылдық округтеріндегі су құбырлары да, 3-К-1 каналы да, қаланың орталық жылу қазандығы да күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл жұмыстарға жалпы 5 млрд теңгеден астам сомаға жоба жасалған. Қаржыландыруды республикалық бюджеттен күтеміз. Осылардың бәрін ескере отырып, ең алғашқы депутаттық сауалдардың бірін ауызсу тақырыбына арнадым. Нәтижесінде, Үкімет 2023-2025 жыл­дарға арналған арнайы бағдарлама ая­сын­да Түркістан облысына қарасты 113 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етіп, 204 ауылда тозығы жеткен су құбырларын жаңалайтынын жеткізді. Биыл 66 нысан­ның құрылысы жүргізіледі. Оған бюджет есебінен 17,4 млрд теңге бөлінді. Атап айт­қанда қалаларға – 3,2 млрд теңгеге – 12, ауылдарға – 14,2 млрд теңгеге – 54 жоба­ның жұмысы атқарылады. Оның ішінде, 46 нысан ағымдағы жылы аяқ­талса, қалған 20 нысан алдағы жылы пай­д­­алануға беріледі. Қазір аудан, қала әкім­діктерімен жобалау-сметалық құжат­тары әзірленіп жатыр. Жалпы алғанда, Түркістан тұрғындарын ауызсумен қам­та­масыз ету жалғасын тауып, Үкіметтің бақылауында болады. Келешекте Үкімет ауызсу тапшылығы мен кіріптарлықты болдырмаудың жолдарын қарастыру қажет. Жаз маусымында туындайтын тағы бір проблема – ағын су. Оңтүстікте жыл сайын миллион гектардың айналасында егін салынады. Оның жартысына жуығы суармалы. 30 пайызы Жетісай, Мақтаарал ау­дандарына тиесілі. Десе де, ағын су тап­шылығы ала жаздай титықтап шы­ға­ды. Су құмға сіңіп кетпесін деп өңір­дегі ма­гистральді каналдар мен су қоймаларын жөн­деп, су ресурстарын басқаруды ав­то­маттандыру, суармалы жерлерге мелио­ра­тивтік мониторингті күшейту, ағын су­ды үнемдеу технологиясын енгізу Үкі­мет­ке ұсынылды. Облысты түгел табиғи газбен қам­туға 75 млрд 200 млн теңге қажет екенін де Үкіметке жеткіздім. Сондай-ақ 2022 жылы газдандыру бойынша 584 млн теңге қаралып мемлекеттік сатып алу бай­қауы өткізілгенімен, 2023 жылы бюд­жетті нақтылау кезінде қаржыландыру бел­гісіз себептермен қысқартылған Арыс қа­ласына қарасты Байырқұм, Көкжиде, Жи­делі, Аққала елді мекендеріндегі жағ­дай­ды да көтердім. Үкіметке депутаттық сауал жолдап, облыс бойынша жауабын алдық. Арыста аты аталған ауылдар 2024-2026 жылдары газдандырылмақ. Ал об­лыста биыл 6,9 млрд теңгеге осы бағытта 22 жоба іске асырылады. Өңірдегі мектеп мәселесін шешу бойын­ша депутаттық сауал жол­даған соң, бұл мақсатқа Ұлттық қор мен респуб­ликалық бюджеттен 344 млрд 600 млн теңге бөлінді. Бұйырса, 2024-2025 жыл­дары 63 мектеп пайдалануға беріледі. Нақ­тырақ айтқанда, 2023 жылы 29 мек­тептің құрылысын бастап 2024 жылы, ал 34 мектептің құрылысы 2024 жылы бас­тал­са 2025 жылы аяқталады. Яғни, 2023 жылға – 54,6 млрд, 2024 жылға – 116,8 млрд, 2025 жылға – 173,2 млрд теңге қарас­тырылған. Айта кету керек, әзірге ауыл арасында қатынап оқитын оқушы­лар­ды тасымалдау үшін арнайы автобус­тар аудандарға үлестірілді. Адам көбейген сайын әрбір ауылда ам­булаториялық пункт ашып, жалпы тәжірибелі дәрігерлерді тартып, бір-бір жедел жәрдем көлігінің қажеттілігі туын­дап жатыр. Өйткені жүкті әйелдер мен ауыр сырқаттанған науқастарды аудан орталығы тұрмақ, ауылдық округтің өзіне жет­кізудің өзі мұң болып жатқан жерлер же­терлік. Бұл жөніндегі депутаттық сауал­ға Қаржы министрлігі 2024-2026 жыл­­­дарға бағытталған лимиттер негізін­де қаржыландырылатынын хабарлады. Инфляция мен девальвацияның сал­қыны тимеген сала қалмаған шығар. Әсі­­­ре­се, сауда-саттық, өндіріспен айна­лы­са­тындардың сан соғып жатқаны жа­сырын емес. Жылда егін мен жиын-терім науқанында жанар-жағармай бағасының шарықтап шыға келетініне бәрі наразы. Дәл осы уақытта зауыттар да қолдан тап­шы­лық жасап, монополистердің ойына кел­генін істейтінін айтып, ұлардай шу­лай­тын бір жұрт. Былтыр мақташылар да, жылыжай өсірушілер де банкрот болды. Мақташыларға өткізілген өнім көлеміне қарай субсидия беруді қайта жандандыру және элиталық шитті өзімізде өсіру ке­рек. Өзектілігін жоғалтпағаны мақтаны әрі қарай өңдеу ісінің жолға қойыл­ма­ға­ны. Ал көршілес Өзбекстанның әр облы­сын­да бірнеше тоқыма-тігін фабрика­сы­ның барын естен шығармаған абзал. Он­да тіпті 22 кілем фабрикасы болса, біз­де екеу-ақ. Сол себепті олардың жеңіл өнеркәсібінің шаңына ілесе алмай келе­міз. Бұл да бір депутаттық сауалға себеп болды. Құзырлы министрлікке мақтаның сапасын жақсарту, жаһандық нарықта бә­секелестікті арттыру үшін элиталық тұ­қымды тиімді бағада сату, шаруалардың шығынын ішінара жабу үшін дайын өнім­нің әр тоннасына субсидия төлеу, мақта өнімдерін өңдейтін тоқыма-тігін фабри­каларын ашу ұсынылды. Олар түрік ға­лым­дарымен бірлесіп мақтаның зама­науи сорттарын дайындау техноло­гия­сының енгізілетінін, субсидиялау жүйе­сінің жетілдіріп, ашықтықты қамтамасыз етіп жатқанын айтты. Шымкентте мақта талшығының 40 пайызын өңдейтін 4 кә­сіпорынның істеп тұрғанын, ал облыс­та 2025 жылға дейін тоқыма-тігінмен ай­налысатын 3 ірі инвестициялық жоба­ның жүзеге асырылатынын айтты. Бұдан бөлек, өзбекстандық серіктестермен бір­­­­лесіп тоқыма кластері құрылады. Негізі, облыс көлемінде ірі ин­дустриялық өндірістер жоқ, жер­гілікті жұртшылық негізінен ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өсірумен айналысады. Мем­лекеттен жылыжай өндірісіне төмен 5 пайыздан аспайтын ұзақмерзімді не­сиелер мен гектарлық субсидиялар бөліп, нақты көмек көрсетілгенде ғана жылы­жай өндірісі өркендейді әрі бәсекелестікке бейімделеді. Мысалы, Еуропаның құл­пы­най өсіретін жылыжайларын тама­ша­лауға туристер ағылып жатады. Агро биз­­нестен АҚШ жерін де, жағдайын да, ақшасын да аямайды. Ал біздің Үкімет тұрақты нормативтер негізінде нақты қожалықтарға ғана қомақты көмек көр­се­те алады да, ұсақ шаруашылықтар игі­лік­терге жетпей жатады. Үкімет «Кең дала», «Агробизнес» әмбебап несиелендіру бағдарламасының аясында жылыжай­лар­дың мәселесін шешетінін мәлімдеді. Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің сам­митінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда түркі елдерінің бір­лес­кен арнайы экономикалық аймағын құруды тапсырған еді. Бұл облыс үшін игілігі мол іс. Мемлекет басшысының бас­­­тамасын ТМҰ қатысушылары да қол­дап, Самарқан қаласында өткен саммитте TURAN АЭА тұжырымдамасы бекітілді. Рухани астанада туризммен қатар эконо­ми­калық дамуға да жол ашу керек. Осы­ған байланысты TURAN АЭА құру мен оның қызметін атқару бойынша «Арнайы экономикалық және индустриялық ай­мақтар туралы» және «Халықты жұмыс­пен қамту туралы» ҚР заңдарына өзгер­ту­лер мен толықтырулар енгізу қажет. Пре­зиденттің бұл жөніндегі тапсыр­ма­сына екі жылдан асып барады. Алайда елеу­сіз-ескерусіз қалғандай әлі күнге нақ­ты ешкім білек сыбана кіріспеді. Қан­дай жоба іске асса да, көпшіліктің кәде­сіне жараса игілін ел көреді деп бұны да депутаттық сауал етіп жолдадым. Үндістанның медицинасы да, фар­ма­цев­тикасы да күн сайын дамып жатыр. Қа­зір әлемдік аренада алда келеді. Ол жақ­та рак ауруларын емдеуге ерекше ден қойған. Үндістанның клиникаларында әр пациентке дәрігердің нұсқаулығымен жеке дара препараттар дайындап беретін фармацевтикалық орталықтары жұмыс істейді. Біздің елден бауыр цирозы, ас­қа­зан жарасы, өкпе құрты дертін асқын­ды­рып барғандар сауығып оралып жатыр. Бұл медицинаның мықтылығы мен дәрі-дәрмектің дұрыс әрі сапасының дәлелі. Ал сол Үндістан фармацевтикасына қа­жетті шикізат жан-жақтан жеткізіліп жатыр. Оның арасында контрабандалық жол­мен Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауған­стан, Қытай асып жатқан Қазақстанның сасық кеурегі мен қызыл миясы бар. Елімізде сасық кеуректің оннан аса түрі өседі. Бізде елеусіз және құнсыз болға­ны­мен шет елдерде үлкен сұранысқа ие. Өнім­нің келісі 100-150 долларға бағала­на­ды. Сасық кеурек 5 жылда бір гүлдеп, 10 жыл өмір сүреді. Қызыл мия да сол шамалас. Сасық кеурек онкологиялық ауру­ларға таптырмас ем болғандықтан сұра­ныстан түспейді. Іргедегі Өзбекстан мен Тәжікстан бұл өсімдікті өздерінде өсі­руге кірісті. Косметикалық, парфю­мерия­лық өнімдер шығаратын елдерде қажетті гүлдердің плантациясы болады. Біз қолда бар алтынның қадірін білмей, дер­мене, мия, кеуректің тамырымен қо­парып тонналап тонап жатқандардан қор­ғай алмай жүрміз. Керек десеңіз қы­зыл мия «Қызыл кітапқа» да енбеген. Үшеуі де дәрілік өсімдіктер тізбегіне жа­тады. Сасық кеуректі теруге рұқсат беріл­меген. Мияны «Қазақстанның қызыл кі­табына» енгізу, осы үш дәрілік өсім­діктердің қорларын анықтауды, өңдеуге және өндіруге дайындауды, шикізатын экспорттауға тыйым салуды, тұқымын сақтау және көбейту шараларын кү­шей­туді, фармацевтикалық мақсатта қолдану үшін Оңтүстік өңірде арнайы планта­ция­лар салуды Үкіметке тапсырдық. Семей орманы резерваты өртенген­де не атқарушы билік, не сол ағаш, тау, тас­ты, дәрілік өсімдіктерді ұрлайтын­дарда жауапкершілік пен жанашырлық­тың жоғын, салғырт қарайтынын көбін бай­­қа­дық. Бұл салада да реттейтін мәселе өте көп екен. Апатты жағдай орнамаса, тө­­тен­­ше жағдайлар мен орман шаруашы­лы­­ғы­ның, табиғи парктердің ақиқаты ашыл­­мас еді. Статистикалық мәліметке сен­сек, Қазақстанда жылына әртүрлі се­беп­термен 12 мың өрт орын алады екен. Соңғы 3 жылда 33 мыңдай апаттан 207 983 адам зардап шегіп, 4 кісі опат болған. Жылына 400-дей отандасымыздан көз жазып жатыр екенбіз. Төтенше жағдайлар қыз­метінде өрт сөндіру көліктері, авиа­циялық тікұшақтар, апаттарды барлау құрыл­ғылары мен құрылымдары жетіс­пей­ді. Осының кесірінен мыңдаған гек­тар орман өртеніп кеткен. Шын мәнінде, көптеген құрылымды қайта қарап, реттеу қажет сияқты. Өйткені қазіргідей жаз мау­сымында кез келген аймақтан апат орын алған аумаққа қосымша күш тар­ту­дың өзі қауіпті. Неге десеңіздер, абайсызда өрт шығатын болса, әр өңірдің өз қызметі өздеріне қажет болып қалуы бек мүмкін. Сол себепті әр облыстың өрт сөндіру қыз­­меті сақадай сай болуға тиіс. Алапат өрт кезінде 51 техника мен 190 адамның кү­ші күресуге жетпейді. Бізге белгілісі, өрт сөндірушілердің күні ескі көліктерді жөн­деумен өтіп жатыр екен. Сол сияқты көп жылдар бойы құтқарушы қыз­мет­кер­лердің еңбегі еленбей, бұл салада да жем­қорлық белең алған. Осыларды ескере отырып техникалық базаны жаңалауға, қызметкерлер санын көбейтуге ден қою қажет. Әлемде суы мен нуы көп елдер бар­шы­лық. Әсіресе, мұхит немесе теңіз жа­ғалауында, орман айналасында, тау ете­гінде тұратын жерлерде арнайы құтқару қыз­меті күндіз-түні қауіпсіздікті күзетеді. Жә­не де заманауи техникамен жабдық­тал­ған. Барлық облыстарда, аудан, қала­дарда, ауылдық округтер мен елді мекен­дер­ді өрт сөндіру техникасымен қам­та­ма­сыз ету, орманшылардың штатын кеңей­тіп, жалақысын көтеруді, оларды орман аумағын өрттен бақылап жүретін дрондармен қамтамасыз етуді, бұқара демалысқа жиі баратын ормандар мен ірі өзен-көлдердің басында арнайы құтқару қызметін құруды; әуеден бақылау үшін арнайы тікұшақтардың санын көбейту, орман, тауларға апаратын жолдар салуды, барын сапалы етіп жөндеуді Үкіметке сауал етіп дер кезінде жолдадым. Сайлау алдында сайлаушылармен кез­десу барысында ең көп айтылған мә­селе жұмыссыздық пен зейнет жасын тө­мендету. Абай хакім қырық екінші қара сө­зінде: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бо­ла беретұғынының бір себебі – жұмы­сының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?» – деген. Көп­теген жобаға қыруар қаржы бөлінгенімен, іске аспай қалған. Соның кесірінен жұ­мыс­сыздық жойылмай жатыр. Ауылдарда жұмыс орындарын көптеп ашылуын қол­ға алу керек. Қазір кей әкімдіктер мың­­даған адамның жұмыспен қамты­ла­тынын жарнамалап, қисынға келмейтін іспен айналысуда. Және жұмыс істеудің кері осы екен деп қара жұмысшылар мен мектеп мұғалімдерін, дәрігерлерді алпыс­тан асқанша жұмысқа жегіп қоюға да бол­майды. Зейнет жасын 55-ке дейін тү­сіру қалың бұқараның талабы. Өзекті мәселені Үкіметке жолдап, депутаттық сауалға жауап күтіп жүрміз. Министрліктердің көптеген сауалға сал­ғырт қарауы депутаттардың наразы­лы­ғын тудыруда. Үкіметтің де, Үкімет мү­шелерінің де, аймақ әкімдерінің де кан­дидатурасын мақұлдайтын депутат­тар. Әртүрлі деңгейдегі атқарушы билікті халықтың мәселесіне ат үстінде отырып алып, жүрдім-бардым қарауына жол беріл­мейді. Онсыз да министрлер мен әкім­дерге сенуден қалған сайлаушылар тек депутаттарға иек артып отыр. Менің өзіме күніне қанша адам ауылдың проб­лемасын айтып жатады. Депутат болудағы мақ­сатым да – халықтың қалаулысы деген абыройлы атақтың атын ақтау, сенімнің үдесінен шығу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай әділетті Қазақстан орнату үшін азаматтарға адалдық керек. Елге адал және әділ қыз­мет етуден басқа бөтен ой жоқ. Адалдық үстем­дік етпей, әділ­дік салтанат құрмай­тынын ұмыт­па­ған жөн.

Серіктес жаңалықтары