50206
10,5 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
10,5 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
1 шілдедегі жағдай бойынша 10 488 этникалық қазақ тарихи Отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 117,6 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлады turkystan.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (56%) Өзбекстаннан, 19,3% – Қытайдан, 9,7% – Ресейден, 7,8% – Моңғолиядан, 4,6% – Түрікменстаннан және 2,6% – басқа елдерден.
«Осы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 65,6%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 25,8%-ды және зейнеткерлер 8,6%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,7%-ы жоғары білімді, 37,1%-ы орта кәсіби білімді, 38,8%-ы жалпы орта білімді», - делінген хабарламада.Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
«Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 032 қандас қоныс аударды. Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде», - делінген хабарламада.Жыл басынан бері 565 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 293 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 565 адам біржолғы субсидия алды, ал 257 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.