Цифрлық теңгенің берері не?
Цифрлық теңгенің берері не?
2021 жылы Ұлттық банк цифрлық теңгеге байланысты пилоттық жоба жүргізген болатын. Содан бері цифрлық теңгені айналымға енгізу мәселесі пысықталып келеді. Дегенмен әлі де жаңа төлем құралының қандай қызмет атқаратыны, артықшылығы мен өзгешелігі нендей екені, қашан қолданысқа енетіні туралы сұрақ көп. Сонымен, цифрлық валюта деген не? Ол қалай жұмыс істейді? Артықшылығы қандай, кемшілігі бар ма? Цифрлық валюта енгізілсе, қағаз ақша айналымнан алына ма? Осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Төлем құралының тың түрі
Технологиялар дамыған сайын төлем құралы да, формасы да түрленгені тарихтан белгілі. Алғашында ақшаның орнына мыс, қола, күміс, алтын қолданылды, ақшаның орнына мал да жүрді, кейін қағаз ақша пайда болды. Енді цифрлық теңге немесе цифрлық валюта деген төлем құралының жаңа формасы айналымға енбек. Қазір бізде қолма-қол және қолма-қол емес ақша бар: қолма-қол түріне банкноттар мен монеталар жатады, ал қолма-қол емес ақша дегеніміз – банк шоттарындағы ақша. Ұлттық банк ұлттық валютаның үшінші түрін әзірлеп жатыр, ол – цифрлық теңге.
– Қолма-қол емес ақша қаржы делдалдарының міндеттемесі саналады, солардың тәуекелдеріне тікелей байланыстымыз. Ал қолма-қол ақша – Орталық банктің тікелей міндеттемесі. Цифрлық теңге де – Орталық банктің міндеттемесі, – деп мәлімдеген еді «Цифрлық теңге» жобасының жетекшісі Айнұр Кенжаева. Цифрлық теңге аталған екі ақша түрін алмастырмайтын, қатар пайдаланылатын төлем құралының үшінші түрі. Цифрлық валютаны peer-to-peer форматында (құрылғыдан құрылғыға) интернет-эквайринг, мобильді қосымшалар, POS-терминалдар, QR-кодтар және т.б. арқылы төлеуге болады. Яғни ол кәдімгі қағаз ақша мен онлайн төлемдердің қасиетін біріктіреді, сонымен қатар өз артықшылығы да бар. Цифрлық теңге кәдімгі заңды төлем құралы ретінде қабылданады және ақшаның барлық функциясын атқарады. Жоба бойынша, цифрлық теңге бірегей цифрлық реттілік (токен) ретінде немесе арнайы электрондық әмиянда сақталатын электрондық жазба түрінде шығарылмақ. Төлем технологиясы тұрғысынан алып қарағанда, осы арқылы көптеген опция қолжетімді болады, соның ішінде ең қолайлысы – офлайн төлем жүйесі, яғни, интернетке қосылмаған мобильді телефонмен де төлем жасауға болады, цифрлық валютаны қолдану үшін интернетке қосылудың қажеті жоқ. Цифрлық теңге іске қосылса да, қолма-қол және қолма-қолсыз ақшалар Қазақстанда айналымда қала береді, ал цифрлық валюта олармен қатар жүреді. Цифрлық теңгені тек Ұлттық банк айналымға шығарады. Басқаша айтқанда, цифрлық теңгеге артылар сенімге Ұлттық банк кепіл болады. Ұлттық банктің ресми мәліметінше, бұл – төлем жүйесін дамытуға, қымбатқа түспейтін, тез, ыңғайлы әрі қауіпсіз төлемдерге жол ашуға бағытталған қадам. – Цифрлық теңгенің инфрақұрылымы қаржы нарығына қатысушылар үшін қосымша құралға айнала алады, оны пайдалану арқылы олар жаңа инновациялық сервистер құра алады. Цифрлық теңге аймақтарда қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыруға көп мүмкіндік ашады және қаржылық қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Келешекте цифрлық теңгені енгізу арқылы трансшекаралық төлемдердің тиімділігін арттыруға болады, – деп түсіндіреді Ұлттық банк. Бір қарағанда, цифрлық валютаның криптовалюта мен электронды ақшадан айырмашылығы жоқтай көрінуі мүмкін. Дегенмен салыстырмалы түрде алсақ, электронды ақша белгілі бір электронды ақша жүйесінің айналымында болады және сол жүйеге иелік етуші өзіндік міндеттер алады, ал стейблкоин мен криптовалюта технологиялық тұрғыда ұқсас болғанымен, ақшаның барлық функциясын атқара алмайды, мәселен, оның айналым құралы ретінде, жинақ және төлем қабілеті, тіпті құны да болмайды. Оларда пайдаланушының мүддесін қорғай алатын бірыңғай эмитент жоқ, ал құны үнемі құбылмалы болады. Цифрлық теңгені қолдану инфрақұрылымын Ұлттық банк қамтамасыз етеді, ал түпкілікті төлемді немесе басқа қызметтерді тек нарыққа қатысушылар ғана жүзеге асырады. Яғни, цифрлық валюта әмиянда немесе банк есепшоттарында сақталмайды, арнайы Ұлттық банк әзірлеген платформадағы цифрлық әмиянда ғана сақталатын болады. Екінші деңгейлі банктер Ұлттық банк әзірлеген платформаға қосылады. Әуелде айтып кеткеніміздей, техникалық тұрғыдан қарағанда, цифрлық теңге қолма-қол ақшасыз төлем түріне өте ұқсас, алайда ол банктердің немесе халықаралық төлем жүйелерінің емес, орталық банктің инфрақұрылымында жұмыс істейді.
Цифрлық теңге қашан енгізіледі?
Цифрлық теңгені айналымға шығару бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Бұған дейін цифрлық теңгені енгізу бастамасы шегеріліп келген еді. Дегенмен Ұлттық банктің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, төлем құралын 2025 жылға дейін айналымға енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы былтыр жыл аяғында Ғалымжан Пірматов мәлімдеген болатын. – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық банк 2022 жылы ұлттық цифрлық валютаны енгізу қажеттігі жөнінде кешенді зерттеу жүргізді. Осы жылдың қазан айында цифрлық теңгенің технологиялық платформасы нақты тұтынушылар мен бизнес өкілдерімен сынақтан өткізілді. Сынақ сәтті деуге негіз бар, – деді төраға. Оның айтуынша, цифрлық теңге біртіндеп, 3 кезең бойынша айналымға енгізіледі. – Бірінші кезеңде, 2023 жылдың аяғына қарай әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік сатып алулар үшін цифрлық теңгені пайдалану мүмкіндігі жүзеге асырылмақшы, трансшекаралық есеп айырысу сценарийлері мен цифрлық активтер мен орталықтандырылмаған қаржы саласындағы есеп айырысулар сынақтан өтеді және тиісті нормативтік-құқықтық база дайындалады, – деді Ғалымжан Пірматов. Ал 2024 жылы цифрлық теңге арқылы интернетсіз есеп айырысу бойынша функционалдық механизмдер енгізілмек екен. Ал 2025 жылға қарай цифрлық теңгені толық өндірістік пайдалануға енгізу жоспарланып отыр. – Бұл отандастарымызға мол мүмкіндіктер ашады. Ең бастысы, қаржы нарығында инновациялық бастамаларға жағдай жасалып, отандастарымызға қаржы сервистерінің жетімділігін арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймыз, – деген болатын Ғалымжан Пірматов. Естеріңізде болса, 2021 жылы Ұлттық банк цифрлық теңгеге байланысты пилоттық жобаны іске қосып, нарық қатысушылары мен сарапшылар, халықаралық серіктестермен тақырыпты талқылаған еді. Жалпы, бұл тақырып барлық сын-қатер мен артықшылықты, сондай-ақ ақша-кредит саясаты мен қаржылық тұрақтылық тұрғысынан жан-жақты талдауды және зерттеуді талап ететінін ескерсек, цифрлық валютаны айналымға енгізу процесінің ұзаққа созылуы түсінікті. Зерттеудің қорытындысы Ұлттық банктің сайтында жарияланған. Қорытындыға сүйенсек, цифрлық теңгені енгізу технологиялық тұрғыдан мүмкін екені расталып, бастаманы одан әрі дамыту үшін шешілуге тиіс мәселелер мен атқарылуға тиіс міндеттер тізімі анықталды. Сонымен қатар цифрлық теңгенің экономикаға, қаржылық тұрақтылыққа және ақша-кредит саясатына әсерін бағалаудың бастапқы моделі әзірленген. Цифрлық валютаны сынақтан өткізген кезде бірнеше кәсіпкерлік нысан таңдалып, одан кейін банк қызметкерлеріне цифрлық теңгенің шекті сомасы таратылған. Олар сол ақшаға тамақ және тағы басқа тауарлар сатып алып көрген екен. Дегенмен бұл кезде цифрлық теңгені нақты енгізу мәселесі әлі анық болмаған еді. 2022 жылы Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізу мүмкіндігінің пайдасы мен шығындарын зерттеуді одан әрі жалғастырды. 2022 жылғы маусымда Қазақстанда ұлттық цифрлық валютаны енгізу мәселелерін бірлесіп зерттеу үшін Digital Tenge Hub коллаборативті алаңы іске қосылды. Сонымен қатар теңгені енгізу туралы шешім қабылдау моделін әзірледі. Модельде халықаралық ұйымдар ұсынған құралдар мен тәсілдері ескерілген. Экономикалық модельдеу нәтижесі бойынша ақша-кредит саясаты, қаржылық тұрақтылық және жалпы экономикаға сын-қатер төнбейді деген қорытынды жасалған. Ұлттық банк жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша респонденттердің 60 пайызы цифрлық теңгені пайдалануға дайын екенін айтқан. Бір айта кететін нәрсе, ұлттық валютаның үшінші түрі іске қосылған күні еліміздегі ақшаның барлық түрі өз құнын сақтап қалады. Яғни, 1 цифрлық теңге қолма-қол немесе қолма-қол ақшасыз 1 теңгеге тең болады. Азаматтар кез келген уақытта қолда бар ақшасын цифрлық ақшадан қолма-қол ақшаға немесе қолма-қол емес ақшаға еш шектеусіз ауыстыра алады. Ұлттық банк цифрлық теңге шотына сыйақы немесе ақы есептемейді. Atlantic Council сараптамалық орталығының 2022 жылғы дерегіне сүйенсек, қазір әлем бойынша 10 ел толыққанды цифрлық валютаны іске қосқан. Тағы 15 ел цифрлық валютаны пилоттық режимде енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ал 24 ел өзінің цифрлық валютасын әзірлеуге дайын болса, 43 ел бұл мүмкіндікті барынша зерттеуге кіріскен екен. Айта кетерлігі, 2021 жылы әлем бойынша толығымен іске қосылған бірде-бір цифрлық валюта болмаған.
Бауыржан ЫСҚАҚОВ, экономист:
Қауіпсіздікті қаперден шығармау керек
– Цифрлық теңге елімізге ресми түрде енетін валюта түрі болмақ. Қазір қолданыста қолма-қол ақша бар, қолма-қол емес деген ақшаның түрі бар. Үшінші – цифрлық теңге болмақ. Оның кемшілігінен гөрі артықшылығы көп болады деп ойлаймын. Бұл, бірінші кезекте жалпы халықтың төлем құралдарын пайдалану мүмкіндігін кеңейтеді. Яғни, төлеген кезде ешқандай интернет желісіне тәуелді болмайсыз. Көп жағдайда, мысалы, ауыл-аймақтарда, интернет сапасы нашар немесе интернет желісі жоқ жерлерде QR-кодпен, тағы да басқа құралдар арқылы төлеу мүмкін емес, интернет болмай қалуы мүмкін. Яғни, ең басты артықшылығы – интернетке тәуелді болмауы. Одан кейін әлемдік технологияның дамуына байланысты мемлекет те соған сай дамып отыру керек. Әсіресе, экономикалық жағынан. Бізде цифрлық валютаны енгізуге байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір Қытайда, Ресейде де осы үрдіс байқалады, жалпы Қазақстан да сол үрдіспен сәйкес дамып келе жатыр деп айтуға болады. Болашақта әлеуметтік төлемдер, зейнетақы төлемдері, әлеуметтік басқа да төлемдер, одан кейін мемлекеттік сатып алулардың барлығы да осы цифрлық теңгемен жүзеге асырылатын болса, бұл өте теңдессіз бастама болмақ. Ал енді мемлекеттік сатып алу бойынша айтар болсақ, көп жағдайда аударылған ақшалар мен төлемдердің нәтижесін көре алмай жатамыз. Сондықтан әртүрлі бармақ басты, көз қыстының да алдын алуға мүмкіндік беретін дүние болар деп ойлаймын. Сол үшін де цифрлық теңгенің артықшылығы көп. Ал енді кері әсеріне келсек, әрине бұл енді цифрлық болғандықтан, Ұлттық банк тарапынан эмиссия шығарылатындықтан, сұранысқа сәйкес біз ақпараттық қауіпсіздік, технологиялық қауіпсіздік мәселелеріне баса назар аударуымыз керек. Басқа кері әсерін тигізетін факторлар болмайды деп есептеймін. Өйткені халық қолма-қол ақшасыз төлемге үйренген сияқты цифрлық төлемге де, цифрлық теңгеге де үйренеді.
Қорыта айтқанда, цифрлық теңге төлем құралының үшінші түрі болмақ. Оны айналымға 2025 жылға дейін енгізу жоспарланып отыр. Цифрлық теңгемен қатар кәдімгі ақша, онлайн төлеу, яғни қолма-қол емес ақша да қатар жүре береді. Цифрлық теңге аталған екі төлем түрінің негізгі сипаттарына ие, сонымен қатар өз артықшылығы бар. Бастысы – интернетсіз де төлем жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық валюта ашықтыққа жол ашып, бармақ басты, көз қыстыны ауыздықтауға ықпал етеді деген де пікірлер бар, бірақ ол – уақыт еншісіндегі мәселе.