443
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА: Халық құрылыстардың сапалы және уақтылы пайдалануға берілуін күтеді
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА: Халық құрылыстардың сапалы және уақтылы пайдалануға берілуін күтеді
Мен Ақтөбе облысы, Абай облысы және Ұлытау облысына бардым. Ақтөбе облысында Мұғалжар ауданы, Алға ауданы, сонымен қатар Ақтөбе қаласының әлеуметтік және стратегиялық нысандарын араладым. Ал Ұлытау облысында ең шалғай саналатын Теректі ауылында болдым. Қаражалға қарасты Жәйрем ауылында болдым. Бұл ауылдарға баруымның себебі – осы ауылдарда көптен бері құрылысы аяқталмай келе жатқан нысандар көп. Оның ішінде мектептер бар, мысалы, Ақтөбе облысында Шилісай деген ауылда болдым. Қаладан алыс емес. Қазірдің өзінде қалаға кіреді. Бірақ территориясында екі мың он сегізінші жылы басталған құрылысы әлі бітпей тұр. Халық қандай мәселелер көтерді? Халық құрылыстардың сапалы және уақтылы пайдалануға берілуін күтеді. Өйткені бұл құрылыс орындары берілгеннен кейін жаңадан жұмыс орындары пайда болады, балабақшалар, мектептер, әлеуметтік объектілер жұмыс істейтін болады. Одан бөлек, Мұғалжар ауданы Ембі қаласында болдық. Сол жерде үш жүзге жуық азамат келді. Олар көп мәселе көтерді. Көпшілігі жердің, жер қойнауын пайдаланушылардың сол елді мекендердегі, халықтың алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуге байланысты мәселелер көтерді. Олардың салығының шын мәнінде әлеуметтік объектілерге жұмсалуы мен жолдануын қадағалайтын тетіктерді сұрады. Бұл енді қоғамдық бақылау заңының аясында болашақта жүзеге асырылатын тетіктер екенін түсіндірдік. Одан бөлек, жастарға қатысты тәрбие, мәдени-идеологиялық мәселелер де көп айтылды. Содан соң Алға қаласындағы «Алға жылу», Ақтөбе қаласындағы «Ақбұлақ» деп аталатын жылу және су ұйымдарына бардық. Шынын айтқанда, «Алға жылу» – үлкен стратегиялық объект. Дегенмен сол қаланы ауызсумен қамтамасыз етіп отырған мамандардың айлығы – 76 мың теңге. Басында бізге сол жердегі қызметкерлер мұны негізі Үкімет шешуі керек деген еді, бірақ біз Үкіметке бірден хабарласқанда, Үкімет басшылары дәл сол «Алға жылу» компаниясының басқару моделіне байланысты олар әкімдіктен қаржыландырылатыны туралы, айлық жалақыны көтеру әкімдікке тікелей байланысты екенін айтты. Жалпы, бұл тек қана «Алға жылуға» қатысты мәселе деп ойламаймын. Бұл жалпы Қазақстанға ортақ мәселе. Сол жерде тұрған әкімдіктің қызметкерлері, сол жердегі басшылық ештеңе айтпай, халықты алдап келгенін көзіміз көрді. Бұл – стратегиялық мәселе, алда оны шешуге атсалысатынымызды айтқым келеді. Ал Абай облысында республикалық маңызы бар 4 музей бар. Сонымен қатар кітапхана бар. Кезінде Абай Құнанбайұлының өзі кітаптарын өткізген, сирек кітаптардың қоры бар кітапхана. Өздеріңізге мәлім, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының аясында кітапханашылардың айлық жалақысын екі есеге көтеру мәселесін қойдық. Одан бөлек, кітапханашылар мәселесін түбегейлі және жан-жақты шешіп жатырмыз. Бұл жерде мәдениет саласының кітапханашылары және білім саласының кітапханашылары болып бөлінеді екен. Бұған дейін мәдениет саласының кітапханашыларының айлық жалақысы өскен, ал білім саласының кітапханашыларына бұл мәселе қарастырылмапты. Сондықтан да, біз мұны жүйелі негізде, яғни бөліп-жармай қарастыру қажет екенін Үкіметке жеткіздік. Үкімет мәселені шешті. Сонымен қатар бұған дейін кітапхана ісіне жиырма ғана грант бөлініп келсе, биыл грант саны 5 есе көбейді.