Қандастарды құлшындырған құрылтай

Қандастарды құлшындырған құрылтай

Қандастарды құлшындырған құрылтай
ашық дереккөзі
618
Биыл шілденің 3-і мен 10-ы аралығында мей­мандос Моңғолия жерінде осы өлкені мекендейтін қазақ­тар­дың кіші Құрылтайы өтті. Кездесулер ел астанасының өзін­де-ақ басталды да негізгі жиын – кіші Құрылтай Баян-Өл­гей­де ұласты. «Отандастар» қоры үкіметтік емес акционерлік қоғамының төрағасы Аб­зал Сапарбекұлы бастаған делегация құрамында Қазақстан Рес­публикасы Президентінің кеңес­шісі Мәлік Отарбаев, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтен­ше және өкілетті елшісі Ғабит Қойшыбаев, Сенат депутаты Ғалиасқар Сары­баев, Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау, Жарқынбек Аман­тай, Болат Керімбек, дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы, жазу­шы-публицист, Қазақстан Педагогикалық Ғылым Академиясының ака­демигі, профессор Марат Тоқашбаев, ақын Ауыт Мұқибек, ақын Кәдірбек Құныпияұлы, Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуахап Қара, Қазақстанның Моңғо­лиядағы бұрынғы елшісі Қалыбек Қобландин болды. Кіші Құрылтай Қазақстан мен қандастар арасындағы елеулі іс-шара ғана емес, екі елдің арасындағы мәдени-достық байланыстарды нығайтудың нақты мысалына айналды.

Нұр жауған күн

Күн дүйсенбі. Hunnu Аir авиа­ком­па­ния­сының Bombardier-145 ұшағы Алматыны артқа тастап 3,5 сағатта Моң­ғо­лия елінің астанасы Ұлан-Батыр қаласының «Шың­ғыс хан» әуежайына келіп қонды. Ал­матыдағы ыстыққа үйреніп қалған біз ин­тернеттен Ұлан-Батырда жазда тем­пе­ра­тура 40 градусқа дейін барады дегенді оқып жеңіл киініп алғанбыз ғой. Ұшақтан сыртқа шық­сақ, кәдімгідей салқындық сезіледі. 11 гра­дус қана жылы болып тұр. Әуежайдан қа­лаға дейін 54 шақырым деген. Бірақ біз екі са­ғатқа жуық жүрдік. Алматының кептелісі кеп­теліс пе, Ұлан-Батырдың кептелісі он­шақ­ты шақырымға созылып кетеді екен. Сон­дықтан баратын жерге екі-үш сағат ерте шығу бұл жақта қалыпты жағдай көрінеді. Аспан түнеріп, жаңбыр баяу сілбіреп тұр. Бұл жақ­та жаңбыр жылына үш-төрт күн ғана жауа­ды екен. Біз сол асықпай сілтейтін жаң­бырға тап келіппіз. «Нұр жауып тұр» дестік. Моңғолия теңізбен шектеспейтін тек құрлықтағы мемлекет. Жер көлемі жа­ғынан әлемде 17-орында. Халқы – 3,5 млн. Оның тең жартысына жуығы Ұлан-Батырда тұ­рады. Баспана жетіспейтіндіктен шығар, қа­­лада киіз үйлер көп. Моңғолдарда «Жер – тамырымен, аспан – жұлдыздарымен, мұ­-хит – суымен, адам – ақылымен, күн – шуа­ғы­мен бай» деген мақал бар екен. Бұрын та­­­нымайтын серіктестер осы жолда таны­сып-білісіп жолымызды қысқартып жатыр­мыз. Көшедегі көлік негізінен жапон мен ко­рейдікі. Орыстың бірде-бір мәшинесі көзі­мізге түспеді. Қызық болғанда бұл жақта еш­кім орысша сөйлемейтін көрінеді. Қала ор­талығындағы Springs қонақүйіне жеттік.

Алғашқы кездесу

Алғашқы кездесу ертесіне Ұлан-Батыр­дың түбіндегі Налайх аймағында басталды. Ай­мақ басшысы Ч.Раднаабазар делегация мү­шелерін жылы қабақпен қарсы алды. Бұл аймақта бес мыңнан астам қандасымыз тұ­ра­ды екен. Кездесуде «Отандастар» қоры­ның басшысы қазақстандық делегация мү­ше­лерін таныстырып өтті. Делегация құра­мын­дағы Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ дәл осы мекеннің перзенті екен. Таныстары, туыс­тары, сыныптастары мәз болып жатыр. Мәз болмай ше, ширек ғасыр бұрын арман қуып кеткен бойжеткен енді міне, кіндік қа­ны тамған жерге конституциялық заң­на­маның маманы, әрі депутат болып оралып тұр. Сынып жетекшісінің тебіренісін айт­саңыз­шы?! Кездесу барысында Абзал Сапарбекұлы Моңғолия үкіметінің моңғол жерін мекендеп отырған қазақ халқына жасап отыр­ған қомқорлығына ризашылық біл­дір­ді. Осыдан бір жарым жыл бұрын Моңғо­лия­ның Сыртқы қатынастар министрі Бат­мунх Батцэцэгті қабылдаған кезінде Қа­зақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Моң­ғолия – біздің сенімді әрі стратегиялық се­ріктесіміз. Мемлекеттерімізді ортақ та­ри­хымыз біріктіреді. Моңғол халқына, Моңғол мем­лекетіне деген құрметіміз ерекше. Осы ынтымақтастығымызды одан әрі арттырып, іс жүзінде нығайта беруіміз қажет деп са­наймын» деген болатын. Одан әрі: «Осы сәтті пай­далана отырып, этникалық қазақтарға көр­сетіліп отырған құрмет пен қамқорлығы үшін Сіздің елдің басшылығына және моң­ғол халқына ризашылығымды білдіремін. Моң­ғолия қазақтарының тілін, мәдениеті мен дәстүрін сақтау мәселелері бойынша ты­ғыз ынтымақтастығымыз жалғаса береді деп үміттенемін. Бұл – Сіздің мемлекетіңіз жүр­гізіп отырған ұлттық саясаттың нәти­же­сі», – деп Моңғол мемлекетінің жүргізіп отыр­ған саясатына жоғары баға берген. Абзал Са­парбекұлы да осы арнада жатық та, жа­ра­сымды лебізін арнап жатты. Бұрын Түр­кияда елші болған, үлкен дипломатиялық мект­еп­тен өткен азамат қамшы салдыра ма? Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше жә­не өкілетті елшісі Ғабит Қойшыбаев ай­мақ басшылығы мен жергілікті қан­дас­тары­мызға жылы лебізін білдіріп, кіші Құ­рылтай жұ­мысына сәттілік тіледі. Мемлекет басшы­сы атынан бірнеше азаматқа марапат тап­сырды. Налайхта тұратын қандастарымызбен кездесуден кейін сапар Шыңғыс хан ескерткішіне қарай жалғасты. Айрықша үл­кен етіп жасалған Шыңғыс ханның ат үс­­тіндегі мүсіні әлемдегі ең ірі ескерткіш­тер­дің бірі. Биіктігі 40 метр. Аттың құйрығы жа­­­ғындағы лифтімен жоғары көтерілесің. Одан жоғары баспалдақтармен өрлейсің. Ат­тың екі құлағының ортасындағы алаң­ша­дан бүкіл айнала алақандағыдай көрінеді. Мұра­жай экспонаттары да бірегей. Бүкіл Шың­ғыс хан әулетінің шежірелік кестесі көз тар­тады. Бұл ескерткіш қана емес Ұлан-Ба­тырдағы Шыңғыс хан мұражайы да жұрт­шы­лықты өзіне магниттей тартып тұратын мә­дени орда.

Елуге жуық еңбек ері шыққан

Бұдан кейінгі маңызды кездесу ертесіне «Қа­­зақстан мен Моңғолия қарым-қаты­нас­тарының даму болашағы» деген тақырыпта Моң­ғолия ұлттық университетінде өтті. Дөң­гелек үстел басындағы сұхбатта Абзал Сапарбекұлы, Үнзила Шапақ, Сайлау Ба­тыр­шаұлы, Әбдіуахап Қара және осы жолдардың ав­торы екі елдің өзара экономикалық, мә­дени-достық байланыстарын дамыту туралы ойларын ортаға салды. Моңғолия-Қазақстан пар­ламентаралық достық тобының тең төра­ғасы Қ.Беделхан, Моңғолияның Қазақ­стан­дағы тұңғыш елшісі Б.Бамбажав, Моң­ғо­лияның бұрынғы Премьер-министрі Ш.Гунга­дорж пікір білдірді. Моңғолияның экс-президенті Пунсалмаагийн Очирбат мыр­заның қатысуы да жиынға өзіндік сал­мақ берді. Монғолия еліндегі қазақтардан 150-ге жуық ғылым докторы шығыпты. Екі қазақ аза­маты премьер-министрдің орынбасарына дейін көтерілген. Налайх шахтер қалашығы болғандықтан мұнда кенші мамандығын игер­ген қазақтар көп екен. 50-ге жуық қан­да­сымыз «Еңбек Ері» құрметті атағына ие бол­ған. Бес қазақ Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты атаныпты. Қазір екі Халық жазу­шысы, бес Халық әртісі атағын алған өнер май­талманы Моңғолия қазақтарының мақ­та­нышы. Осы кездесу соңында Моңғолияның ха­лық жазушысы Сұлтан Тәукейұлының жаңа кітабының тұсаукесері өткізілді.

«Политбюродағы» түстік

Тағы бір есте қаларлық оқиға – қа­зақ­стан­дық қонақтарды сол күні Моңғолияның Мем­лекеттік Ұлы Хуралының Төрағасы Гом­божавын Занданшатар мырзаның қабыл­дауы болды. Ғимараттың «Политбюро» деп ата­латын залында екі жақты байланыстарды да­мытудың бірқатар өзекті мәселелері тал­қыланды. Бұл кезде біздің делегацияға Оса­ка арқылы жеткен Қазақстан Республика Пре­зидентінің кеңес­шісі Мәлік Отарбаев, Қо­са­ғаш арқылы жеткен Сенат депутаты Ға­лиас­қар Сарыбаев, Мәжіліс депутаттары Жар­қынбек Амантай мен Болат Керімбек келіп қо­сылған. Төраға Транс-Алтай диалог платфор­ма­сын құру туралы ұсыныс айтты. Бұл диалог плат­формасы аясында тарих, археология, әде­биет пен ғылым саласында ынты­мақ­тас­тықты арттыруға болатынына тоқталды. Тө­ра­ға сөзін сабақтап делегация құрамын­да­ғы қазақ жазушыларын Моңғолияда дәс­түрлі түрде өтетін әдебиетшілер форумына ша­қырды. Осы орайда Абзал Сапарбекұлы өте­ жақсы ой айтты: «Біз қазақ және моңғол халықтары Ұлы даланың көне өркениетінің мұрагерлеріміз. Біздің мақтан тұтар тарих, тіл, әдет-ғұрып пен дәстүр сияқты ортақ құн­ды­лықтарымыз баршылық. Сондықтан да қазақ пен моңғол халықтары бір-біріне өте жақын», – деді бауырластықтың жібін ши­ратып. Кездесуде екі елдің Парламент депу­тат­тары өз ойларын ортаға салды, пар­ла­мен­таралық байланыс бауырлас елдердің ын­тымақтастығын нығайтуда қызмет ететініне назар аударылды. Бүгінгі таңда әлемде пар­ламенттік дипломатияның рөлі өсе түс­кені атап өтілді. Пікір алмасулар біртіндеп түстік асқа ұлас­ты. «Политбюро» залында кезінде Моң­ғо­лия басшылығы түстенеді екен. Осы жерден дәм тату енді бізге нәсіп болыпты. Қы­зық болғанда мұндай ресми қонақа­сы­ларда шай берілмейді екен. Шайқұмар біздің қазаққа бұл ауырлау тиді.

Баян-Өлгейдегі меймандостық

«Алтайдың келіп саласына мен, керуен де керуен сөз артып, Баян-Өлгейдің ауасыменен қолқамды тұрмын тазартып», – деп Ұлықбек ақын жырлағандай, ертесіне де­легациямыз толық құрамда Баян-Өлгей аймағына атбасын тіреді. Ауасы да бөлек, табиғаты да бөлек, адамдарының ықыласы мол, қылтанағы кемдеу жер екен. Әуежайда бізді күтіп алған ресми тұлғалар арасында бір жігіттің жүзі жылыұшырай берді. Ер­ба­қыт Нүсіп! Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Алматыда КазГУ-де оқып жүрген кездерінде қазіргі этнограф-ғалымға айналған Досымбек Қатран екеуі біздің үйге жиі келетін. Қазақ елінің болашағы жөнінде жиі пікірлесетінбіз. Жүрегіміздің түкпірінде «Кез келген империя түптің түбінде ыдырайды» деген сенім жататын. «Кеңес Одағы ыдырайды» деп ойлау ол кезде ақылға сыймайтын. Азаттық рухымен сусындаған сол інілерім 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне де қатысты. Арада қырық жылға жуық уақыт өтіпті. Сол идеяларды ұмытпай көлденең тартқан Ербақыт інім «Алматыдан ұстазым келді!» деп қояр да қоймай бүкіл делегация мүшелерін үйіне шақырып, қойын сойып, қымызын алдымызға тосып қонақ етті. Радиода қызмет етеді екен. Таяуда Қазақтан Жазушылар одағына мүшелікке өтіпті. Тіпті, немерелі де болып үлгеріпті. Бұл бір есте қаларлық кездесу болды. Ербақыттың немерелеріне кәдесый ретінде Қазақстанның көгілдір жалаушаларын сыйға тартып кеттік.

Кіші құрылтайдың биіктері

Таңертең біз орналасқан «Медиана» қонақүйінің оныншы қабатынан қарасақ, аймақ әкімшілігінің ғимараты да, Мәдениет үйі де қол созым жерде көрініп тұр. Құрылтайға жиналған қандастары­мыз­дың қарасы көп. Тіпті, Ресейден келген қан­дастарымыз да бар екен. Аймақ губернаторы Камелият Ахмадия­ұлы қазақстандық делегацияның келуіне үлкен қуанышын білдіріп, халықтың тыныс-тіршілігінен хабардар етті, кіші Құрылтай жұмысына сәттілік тіледі. «Бермесең алмай­сың! Бармасаң алыстайсың!» деген ақиқатты алға тартып, мұндай форумдардың қажет­тілігіне тоқталды. Осы жақтың тәртібімен сөзін негізінен моңғол тілінде сабақтады. Мәс­лихат Төрағасы Хабыл Шәривұлы да өзі­нің ізгі тілектерін аңдатты. Кездесуде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың лебізіне жұрт ден қоя құлақ салды. Ары қарай Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау, Жарқынбек Амантай сөз алып, екі елдің парламентаралық байланыс­тары­ның күн тәртібіндегі мәселелері, елімізде жү­зеге асып жатқан құқықтық-демок­ратиялық реформалар туралы құлағдар етті. Моңғолиядағы қазақтардың IV кіші Құрылтайы Баян-Өлгейдегі Мұха­ме­дәлиұлы Құрманхан атындағы Қазақ музы­калық драма театрында өтті. «Біз Моң­ғолия қазақтарының кіші Құрылтайына қатысу үшін Қазақстаннан арнайы келген деле­гация мүшелеріне өте қуаныштымыз әрі шын пейілден алғыс айтамыз!», – деді сал­танатты жиынды ашқан Баян-Өлгей айма­ғы­ның басшысы Камелият Ахмедияұлы, – Осынау Құрылтайдың Моңғолия мен Қазақ­стан қатынастарына, оның ішінде 100 мың­нан астам қазақ мекендейтін аймақтың Қа­зақстанмен рухани байланысына елеулі үлес қосатынына сенімдімін!». Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың кіші Құрылтай қатысушылары мен Моң­ғолия қазақтарына арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Құжатта ел Президенті екі халықтың достығы мен ынтымақтастығын ны­ғайтатын мәдени, іскерлік байланыс­тар­дың маңызын айтып, Құрылтай жұмысына сәт­тілік тілеген. Қандастарымыз құттық­тауды үлкен ризашылықпен қабылдады. «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы делегация мүшелері аты­нан аймақ халқының риясыз көңілі мен шын ықыласына алғыс айтты. Қор жұмы­сы­ның басты бағыттары мен мақсат-мін­деттеріне тоқталды. Жергілікті қандас­тары­мыз үшін көкейтесті тақырыптарды қоз­ға­ды. Яғни, жастардың білім алу, маман­дық таңдау, жас буынның түрлі тарихи та­ным­дық жобаларға белсене қатысуы, қазақ дәс­түрлері мен рухани құндылықтарының шет­­елдегі қандастар арасында сақталуы, Қа­зақстан мемлекетінің шеттегі қазақтарды жә­не көшіп келетін қандастарға қолдау шара­­лары туралы кеңінен баяндап берді. Бұдан кейін сөз алған аймақтық Хурал төра­ғасы Қабыл Шәріпұлы Баян-Өлгей ай­мағының тарихы мен дамуы туралы әңгі­ме­леп, оның Қазақстанмен жанды байла­ны­сына тоқталды. Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау, Жарқынбек Амантай қазақ-моңғол қатынастарында қазақ қандастарымыздың «алтын көпір» болып отырғанына ризашылық білдіріп, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтататын бірқатар мәселелерді атап айтқанда Өскемен – Өлгий – Ховд әуе рейс­терін ашу, Баян-Өлгейде консулдық қызмет құру сияқты өзекті тақырыптарды қозғады. Кіші Құрылтай барысында қуаныш­тарын бөлісіп, пікір айтушылар көп болды. Солардың бірі «Сана» үкіметтік емес ұйы­м­­ның директоры Шолпан Хасенқызы ба­ла­ларды оқытуда арнайы маман-педагог­тар­дың жетіспейтіндігіне қынжылыс біл­дірді. Қазақ тілінде математика, физика, хи­мия пәндерінің оқулықтары тапшы еке­нін көлденең тартты. Хабсатар Омарұлы ата-аналар атынан Өлгейде Қазақстанның кө­мегімен қазақ мектебі мен балабақша са­лынса деген тілегін жеткізді. Жастар атынан сөз алған Ғибрат деген жігіт қазақ тіліндегі ғы­лыми-техникалық кітаптардың тапшы­лы­ғын сөз етті. Мұның бәрі, әрине, ең алды­мен үкіметаралық деңгейде шешілуге тиіс. Құрылтай барысында Мұхамәдиұлы Құр­манхан атындағы Қазақ музыкалық дра­ма театрында Мұхамәдиұлы Құрманханның ескерткіші ашылды. Аймақтың алғашқы бас­шыларының бірі Қызырхан Құсбекұлы­ның ескерткіші мен көше атауының берілуі, «Өмірім – өзім, өмірім – ісім» атты кітапта­ры­ның да тұсаукесерлері өтті. Сондай-ақ жас­тар арасында тоғызқұмалақ, асық ату, қа­зақша күрес сияқты ұлттық ойындардан жарыстар өткізілді. Жалпылай алғанда кіші Құрылтай аймақ өміріндегі айтулы оқиға болғаны сөзсіз. Сол күні кеште Қазақстаннан келген Қа­ра­ғандының Тәттімбет атындағы акаде­мия­лық қазақ халық аспаптар оркестрі Баян-Өлгей тұрғындарын ән мен күйге бө­леді. Концертте қазақ және моңғол халық ән­дері шырқалып, дәстүрлі күйлер мен ха­лыққа кеңінен танымал музыкалық шы­ғармалар орындалды. Ұжым мұндай кон­цертті осының алдында Ховд аймағында да берген болатын.

Назар неге кем?

Моңғолия қазақтарының кіші Құрыл­тайы жергілікті қазақтар үшін елеулі оқиға болғанымен екі елдің арасын­да­ғы байланыстарды тереңдетуге шешуші әсер ететіндей дәрежеге жете қойған жоқ. Иә, Қазақстан мен Моңғолия елдерінің үкі­мет­тері тарапынан талпыныстар бар. Сауда-эко­номикалық, ғылыми-техникалық және мәдени салалар бойынша ынтымақтастық жөніндегі Қазақ-моңғол үкіметаралық ко­миссиясының әлденеше отырыстары өтіп жат­­қаны қуантады. Алайда мұның бәрі жет­кіліксіз. Өкінішке қарай соңғы екі-үш жыл кө­лемінде пандемия салдарынан Қа­зақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-эко­номикалық байланыстар баяулап қалды. Кө­лемі төмендеді. Екі елдің арасындағы тауар айналымы соңғы жылдарда 60 млн АҚШ долларын әзер құрап отыр. Бұл мақтан ететін көрсеткіш емес. Енді оны қарқынды да­мытатын кез келді. Бұл саладағы ішкі мүм­кіндіктер толықтай пайдаланылмай жатыр. Бұл орайда мамандар екі жақты сауда са­ла­сында орын алатын тарифтік және та­риф­тік емес кедергілерді азайтқан жөн деп есеп­тейді. Оның бір жолы – Моңғолия мен Қа­зақстан арасындағы сауда-экономикалық ын­тымақтастықты дамытуға арналған Жол кар­тасын түзу дер едік. Бұл құжатқа сәйкес екі­жақты жұмыс тобын құруға, тауар түр­лерін арттыруға, қосымша құн салығы енгі­зіл­ген өнімдерді ұлғайтуға, халал техноло­гия­мен ет әзірлейтін бірлескен өндіріс ашу­ға, сондай-ақ тері, жүн мен кашемир өнім­дерін экспорттауға жол ашылар еді. Картадан қарап отырсақ, Қазақстан мен Моң­ғолия арасы 57 шақырым ғана екен. Алай­да ол Ресей аумағы арқылы өтеді. Шір­кін, Қазақстан, Ресей және Моңғолия ара­сын­да арнайы келісімдер жасалып төтелей жол ашылса бұл үш мемлекеттің де пайда­сына шешілер еді. Сондай-ақ бес-алты жыл­дан бері Баян-Өлгейде Қазақстан кон­сул­дығын ашу да сөз болып келеді. Әйтеуір, неге екенін кім білсін, осы мәселе жылжымай-ақ қойды. Алдағы уақытта Қазақстан мен Моңғо­лия­да екі елдің өндірушілерінің қатысуымен эко­номикалық форумдар, тауарлардың көр­ме-жәрмеңкелері ұйымдастырылса құба-құп бол­мақ. Бұл өзара қарым-қатынасты ны­ғай­та түсуге септесетіні анық. Бұған ынта-ықы­лас пен күш-жігер ғана қажет. Менің байқауымда екі елдің арасында өзара туризмді дамытудың мүмкіндіктері көп. Осыдан екі жылдай бұрын жоғары дең­гей­де екі елдің аумағын қамтитын «Шың­ғыс­хан­ның ізімен» туристік бағдарламалар әзір­леу жөнінде ұсыныстар жасалған бола­тын. Бірақ біз әлі нақты жұмыстарды көре алмай келеміз. Алдағы уақытта көптеген жоба қолға алынуға тиіс. Бұл үшін өзектілігін ескере отырып Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға, Моң­ғолия Президенті Ухнаагийн Хурэл­сухтың Қазақстанға сапары ұйымдастырылса құба-құп болар еді.

Марат ТОҚАШБАЕВ, жазушы-публицист, Қазақстан Педагогикалық Ғылым Академиясының академигі, профессор

Серіктес жаңалықтары