313
Құбылған бензин бағасы
Құбылған бензин бағасы
Ақпан айы темір тұлпар тізгіндеушілер үшін аса жағымды басталмады деуге әбден негіз бар. Ай басталысымен сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензин бағасы қымбаттай бастады. Жанармай бағасының көтерілуі қарапайым жұртшылықтың қалтасына салмақ түсіретіні айтпаса да түсінікті. Дегенмен, мұндай өзгерістердің орын алатынын алдын ала білген жүргізушілер бұл жолы үн-түнсіз. Бағасы қымбаттаса да, жанармай тапшы болмаса екен деп тілейтіндер жетерлік. Себебі тұрғындар өткен жылдарда бензин тапшылығынан әбден әбігерге түскен болатын.
АИ-92 қымбат, ал АИ-80-ге қол жеткізу қиын
Елімізде жанармай бағасының қымбаттайтындығы туралы болжамдар 2016 жылдың соңынан бері айтылып келеді. Ресми деректерге жүгінер болсақ, өткен жылдың ішінде АИ-92 маркалы бензин бағасы айтарлықтай өсіпті. Өткен жылы 133 пен 140 теңге аралығында құбылып тұрған бұл жанармай түрінің құны биылғы жылы 140-143 теңгеге дейін жетіп отыр. Бұл айда сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензиннің бағасы кей жанармай бекеттерінде 143 теңгеге дейін көтерілді. Ал АИ-95 156 теңгеге бірақ шарықтаған. Ең қымбат жанармай Павлодар мен Қостанай облыстарында. Онда аталмыш маркалы бензин 139-143 теңге аралығында. Астана, Қарағанды, Шымкент қалаларында 92 маркалы жанармай 141 теңгеге жеткен. Ал Атырау, Ақтау, Орал қалаларындағы жанармай құны 139 теңгені құрап отыр. Ең арзан бензин Таразда, ондағы баға 138 теңгеден саудаланып жатыр. Ал Шымкентте жанармай қымбатшылығы өзге өңірлерге қарағанда ертерек басталды. Мұнда қаңтар айының ортасында-ақ АИ-92 маркалы бензин бағасы 137-139 теңгеден сатыла бастады. Қаладағы жанармай бекеттерінің қызметкерлері қаңтар айының ортасына дейін бензин бағасы екі рет қымбаттағанын айтады. Ал мамандар бензин бағасының өсуіне АИ-92 бензині құнының еркін нарыққа жіберілуі себеп болып отыр. ОҚО «Жанар-жағармай қауымдастығы» төрағасы Қайыпбек Қамбаров: «Стратегиялық тауар болғандықтан оны бақылауда ұстау керек еді. Біз әлі импортқа тәуелді мемлекетпіз. Мұнай өндіретін үш зауыт ішкі сұранысты қамтамасыз ете алмай отыр. Бағаның қадағалаусыз қалғаны дұрыс емес. Бұл туралы бізге түскен шағымдар көп. Мұнай өндіретін зауыттардың қанша мұнай өндіретінін, өндірілген мұнай қайда кетіп жатқанын білмейміз. Ашықтық жоқ. Бұл да бензин бағасының көтерілуіне бір себеп», – деп отыр. Бензин бағасы қымбаттағалы Астана қаласында АИ-80 маркалы жанармайға сұраныс артқан көрінеді. Қазір тек талонмен ғана берілетін бензиннің бұл түрі түн ауғанда ғана еркін сатылымға түседі. Сондықтан арзан бензин құюға асыққан жүргізушілер ұзын-сонар кезекке тұрады. Жүргізушілердің сөзіне сенсек, АИ-80 күндіз тек бірен-саран жанармай стансасында талонмен беріледі. Жоғары маркалы бензин мемлекеттік реттеуден кеткелі бағасы құбылып тұр. Әзірге АИ-80-ді ғана үкімет реттеп отыр. Бірақ Астанада көп стансада АИ-80 сатылымда жоқ. Бары талонмен ғана беріледі. Энергетика министрлігі алдағы уақытта бұл маркалы бензиннің көлемін тек азайта бермек. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенті талаптарының негізінде, сондай-ақ ҚР мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жобаларын аяқтау жоспарының негізінде, жоғары маркалы бензин мен дизель отынын өндіруді арттыру үшін зауыттарда АИ-80 бензин өндірісін біртіндеп азайту жүріп жатқандығын да хабарлап үлгерді. Өткен жылдың қараша айында да еліміздегі жанармай бекеттерінде Аи-92 маркалы бензин бағасының өскендігі байқалған-ды. Ол кезде де Энергетика министрі Қанат Бозымбаев АИ-92 маркалы жанармайының қымбаттау себептерін санамалап шыққан. «АИ-92 маркалы жанармай бағасы сәл қымбаттады. Бұған қатысты үш мәселе бар. Біріншісі – Шымкент мұнай зауыты қазір күрделі жөндеуден өткізілуде. Оны 12 қарашада іске қосу жоспарланған. Бұл күрделі жөндеу қайта жаңғырту аясында жүргізілуде, себебі зауытта қажетті жаңа құрылғылар іске қосылып жатыр. Зауыт іске қосылған соң АИ-92 маркалы жанармай көбірек шығарылатын болады. Бұл оның бағасына өз әсерін тигізеді», – деген болатын министр мырза. Министр көршілес Ресей мемлекетінде жанармай бағасының Қазақстанға қарағанда қымбаттау екендігін атап өтіп, екі елдегі жанармай бағасының нарықтағы үлестері құбылмалы болып тұрғандағын атап көрсеткін. Ал жанармай көптеп шығарыла бастаса, жанармай бағасы қайта қалыпқа келтіріледі деп сендірген. «Ал дизель отынына қатысты айтсақ, оның бағасының төмендеуі байқалады. Атап айтқанда, жазғы дизель отынының бағасы түседі, өйткені қазір оған сұраныс азайып жатыр. Ал қысқы дизель отыны елімізде өндірілмейді. Ол Ресейден келеді. Сондықтан оның бағаларына ешқандай реттеу жоқ», – деп нақтылаған еді Қанат Бозымбаев. Бірақ сарапшы мамандар үстіміздегі жылы дизель отынының бағасы қымбаттамаса, төмендемейтіндігін айтуда. Айта кетейік, бензин бағасының қымбаттауы біздің елімізде ғана байқалып отырған жоқ. Ресейлік сарапшылар 2017 жылдың басынан бері АИ-95 жанармайының 10,2 пайызға қымбаттағанын айтады. Алайда Ресейде бұл көрсеткіш бар болғаны 5 пайызға өскен екен. Баға тек үш мемлекетте ғана (Румыния, Мальта, Болгария) 1,7 пайызға төмендеген. Ресейлік «РИА рейтинг» агенттігінің деректеріне жүгінсек, ең төмен баға Қазасқтанда, яғни, АИ-95 маркалы жанармай литрі орта есеппен 144-145 теңге (26,5 рубль), ал дизель 164-165 теңге (30,2 рубль) тұрады. Қазақстаннан кейнгі екінші орынға Беларусь мемлекеті жайғасады. Бұл елде АИ-95-тің литрі – 36,6 рубль, ал дизель құны – 37,8 рубль тұрады екен. Ал ең қымбат жанармай көшін Голландия бастап тұр. Онда АИ-95 маркалы бензинді 99,7 рубльге құя алалсыз (жыл басынан бері 9,6 пайызға өскен). Одан кейінгі орын Грекияға тиесілі. Ондағы баға – 98,6 рубль. Үштікті Швеция мемлекеті қортындылайды (93,8 рубль). Тиісінше, Италиядағы жанармай бағасы литріне 89,2 рубль, ал Ұлыбританияда 88,6 рубльге тең.«Ресейден келетін бензиннің бағасы өсті»
Әрине, жанармай бағасы – халық үшін өзекті тақырып. Оның үстіне, еліміздегі жанармай құнының арзан екенін айтып, бағаны көтеруді былтырдан бері жанармайға жауапты ұлттық компания басшылығы сұрап жүрген еді. Сондықтан да, бензин бағасының құбылу себебін Энергетика министрлігі жұртшылыққа түсіндіруге тырысып бақты. Жауапты ведомствоның сөзіне қарағанда, еліміз Ресейден жанармай сатып алу кезінде рубль күрт қымбаттаған. Осыған орай көрші елден келетін сұйық отынның бағасы өсті. «Өткен жылдан бастап теңге бағамы рубльге шаққанда 20 пайызға әлсіреді. Сол себепті, рубльмен алғанда аса қымбат емес, ал теңгеге аударғанда біраз қымбатқа түсіп қалатыны анық», – дейді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев. Естеріңізде болса, ел Үкіметі 2015 жылы бензин тапшылығын болдырмас үшін АИ-92/93 бензинінің бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартқан болатын. Содан бері елімізде жоғары маркалы бензин бағасы құбылып тұр. Мемлекеттік тараптан бақылау алынып тасталған соң бағаның өсуіне қарасаңыз, бәрі түсінікті. Ал тапшылықты жою үшін мұнай өңдейтін қосымша зауыт салу мәселесіне келетін болсақ, алдымен оған үздіксіз шикізат жеткізіп тұру керек. Компанияларға баға жағынан зауытқа сату тиімсіз болса, оны қайдан аламыз? Екіншіден, кәсіпорын өз шығынын жаба алатындай болуы керек. Ол үшін жанармайдың бағасы көтерілуі тиіс. Сондықтан шикізатты өңдеуге жеткізу қаржылық тұрғыдан тиімді болмай, қосымша зауыт салу туралы сөз қозғау орынсыз. Сонымен, ең басты себеп – ішкі нарықты керек жанар-жағар майдың 30-35 пайызын таситын Ресейдегі баға бізден жоғары – бензин 36,5 пайызға, дизельді отын 73,7 пайызға. Бұл өте көп, әрі Еуразиялық экономикалық одақ аясында шекаралардың ашықтығы айырмашылықты «ұстап тұруға» мүмкіндік бермейді. Жанармай тапшылығынан тек отандық мұнай өңдеу зауыттары жаңартылғаннан кейін ғана арылуымыз мүмкін. Жанармай нарығындағы тапшылық 2020 жылға дейін жалғасады деген мамандар болжамы шындыққа айналатын секілді ме? Бұл – әлі белгісіз жайт.Мұнай өңдеу зауыттары жеткіліксіз
Елде мұнай өңдеу зауыттары толық күшпен жұмыс істеп жатқан жоқ. Бұл да өз кезегінде жанармай бағасына әсер етуде. Мемлекет басшысының мұнай өндіруді арттыруға пәрмен бергендігі де сондықтан. «Қарашығанаққа қатысты мәселе шешімін тапты. Осыған байланысты мұнай өндіру және оны қайта өңдеу көлемін арттыру қажет. Бұл үшін біз мұнай өңдейтін үш зауытымыз жұмыс істеу керек», – деп атап өткен болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Мұнай өңдеуші зауыттар15,8 млн тонна қара алтынды өңдейді деп жоспарланған екен. Ал өткен жылы елімізде 6 млн 200 мың автокөлік тіркеліпті. Яғни автокөліктер саны жыл сайын өсіп жатқандықтан, мұндай көлемдегі бензин ішкі сұранысты қамтамасыз ете алмайды. Оның үстіне, жаңа темір тұлпарлардың артуы Еуро-4 стандартына сай жанар-жағармайды қажет ететіні белгілі. Ал біздегі зауыттар Еуро-2 санатындағы бензин өндіруге ғана қауқарлы екенін ескерсек, Ресейге әлі қанша уақыт тәуелді боларымыз белгісіз. Егер де еліміздегі үш бірдей мұнай өңдеу зауыты тиімді жұмыс істейтін болса, ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге шамасы жетер еді. Бірақ қазір бізде бір тонна мұнайдан бар-жоғы 16 пайыз ғана бензин өндіріледі. 2014 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында «Еліміз бензин мен дизель отынына мұқтаж, керосин жетіспейді. Біз мұнай өндіруші елміз, тез арада жаңа мұнай өңдеу зауытын салу керек» деген. Өткен жылы Президент жаңа зауыт жайында тағы да ескертті. Бірақ бұл тапсырманы орындауға құлықты жан көрінбейді. Биліктегілер жаңа мұнай өңдеу зауытын салғанша, елдегі үш зауытты қайта жаңғырту әлдеқайда арзанырақ түседі дегенді алға тартып отыр.