277
Ақмоладағы кей мектептердің сапасы сын көтермейді
Ақмоладағы кей мектептердің сапасы сын көтермейді
Білім және ғылым министрінің қатысуымен өткен Ақмола облысы әкімінің есеп беруінде өңірде мектептердің жетіспейтіндігі айтылды, – деп хабарлайды 31-арна.
Арна тілшілерінің хабарлауынша, қазір Ақмола облысының кей ауылдарында мектептердің сапасы сын көтермей, құлағалы тұрған көрінеді. Ал кейбір ауылдарда мектепке балаларды сыйдыра алмай әуреге түсуде.
Осы жиында ата-аналардың біразы балаларының қазақ тілін өз деңгейінде игере алмай жатқандығын айтып, министрге шағымданды. Бұған мектептедегі үш тілді әдістемені айыптайтындықтарын да атап өтті ата-аналар.
Өз баяндамасында облыс басшысы аймақта атқарылған табысты жұмыстарды жіпке тізіп, өңірдің жағдайы жақсарғандығын тілге тиек еткен. Алайда әкімнің есебін тыңдаған жұртшылық облыс басшысына сауалдарын жолдап, өңірде әлі де шешімін таппаған мәселелердің шаш етектен екендігін аңғартты.
Қазақ тілінің жанашырлары өңірдегі шенеуніктердің мемлекеттік тілді ұмыт қалдырғандарына наразылықтарын білдірді. «Соңғы уақыттарда үлкен жиналыстарда болсын, кіші жиналыстарда болсын, мемлекеттік тілде сөйлеу азайып барады. Ол – шындық. Сондықтан жұмыста, күнделікті сөйлегенде мемлекеттік тілді қосып отыруды ұсынар едім», – деп атап өтті «Қазақ тілі және мәдениет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов.
Есеп беру жиынында жергілікті тұрғындар мектеп пен инфрақұрылым мәселесіне ерекше назар аударды. Ал тұрғындардың сауалдары мен ұсыныстарын тыңдаған облыс басшысы көтерілген мәселелердің барлығын назардан тыс қалдырмайтындығын айтып, уәде берді. Ал әкімнің есеп беру жиынына қатысқан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім беру жүйесіндегі жаңашылдықпен таныстырды. «Біздің мемлекет үй тапсырмасының көптігіне байланысты әлем бойынша 4-орын алады. Алдағы уақытта оқушыларға үй тапсырмасын азайтатын боламыз және демалыс күндері үй тапсырмасы мүлдем берілмейтін болады. Сондай-ақ, мектептерде оқушылардың әрқайсысына жеке шкафтар қойылатын болады», – деді министр.