Жемсауы толмайтын жемқорлар

Жемсауы толмайтын жемқорлар

Жемсауы толмайтын  жемқорлар
ашық дереккөзі
516
  Қоғам да, адам да өзгерген бүгінгі заманда жемқорлық дерті асқынып барады. Індетке айналған жемқорлықты жою – баршамызға ортақ міндет. Бұл біздің елге ғана тән мәселе емес. Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде жемқорлықпен күрес мәселесі аса өзекті тақырып болып тұр. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2003 жылдан бері 9 қаңтарды халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні деп белгілеуінің де сыры осында. Әлем болып парақорлыққа қарсы күресті күшейтуге күш салып жатқанда, Румыния үкіметі Қылмыстық кодекске өзгертулер енгізіп, жұртшылықтың наразылығын туғызды. Румындар заңға енгізілген өзгерістер парақорлардың пайдасына шешіліп, қамауда отырған жемқор шенділер бостандыққа шығуы мүмкін екендігін айтып, қарсылық танытқан-ды.

«Жемқорлықпен күрес кері кетпеуі тиіс»

Румыниядағы қарапайым халықтың наразылық акциялары бүкіл әлем елдерінің назарын аударды. Тұрғындардың ашуын туғызған – Министрлер кабинетінің Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерді мақұлдағаны. Өзгерістерге наразы жұрттың айтуынша, қабылданған нормативтік құжат алаяқтық пен жемқорлық әрекеті үшін темір торға қамалғандардың бостандыққа шығуына жол ашады. Құжатқа сәйкес 48 мың доллардан төмен пара алған азаматтарды бас бостандығынан айырудың қажеті жоқ. Тіпті, оларға қатысты қылмыстық іс те қаралмайды. Яғни, министрлер кабинеті бекіткен акт жемқорлыққа қарсы заңдық құжаттың әлсіреуіне сеп болады. Осының бәрін саралаған румындар ел үкіметіне ашық қарсылық білдіре бастады. 29 қаңтар күні Бухарест қаласында 50 мыңға жуық адам рақымшылық шарасы мен заңға өзгеріс енгізуге қарсы екендіктерін білдірген. Бірақ мұны елемеген Румыния үкіметі 1 ақпанның кешінде құжатқа қол қойып жібереді. Сөйтіп, ақпан айының алғашқы күні елдің 56 қаласында жұрт ашық қарсылықтарын білдіріп, алаңға шықты. Халықаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл күні 300 мың адам наразылық акциясына қатысыпты. Оның 100 мыңы ел астанасы – Бухарест қаласында жиналған. Айта кетейік, үкіметке қарсы наразылық акциясы Румынияда ширек ғасырдан кейін алғаш рет орын алып отырған ауқымды көтеріліс. Демек, Румыния халқының жемқорларға қарсы күрес жүргізудің қиын екендігіне әбден көздері жеткен. Румынияның жемқорлыққа қарсы ұлттық комитеті де мұндай құжат барда жемқорлықпен күресуден еш пайда жоқтығын айтып, дабыл қақты. Әуелде Румыния премьер-министрі Сорин Гриндяну түрмедегі сотталғандардың қатары тым артып кеткендіктен, кейбір тұтқындарға рақымшылық жасау қажеттігі туралы ұсыныс білдірген. Сол кезде Гриндянудың ұсынысына ел президенті Клаус Йоханнис те қарсылық танытты. Десек те, министрлер кабинеті президенттің де, жұртшылықтың да наразылығына құлақ аспастан, құжатқа қол қойып жіберді. Алайда бір апта бойы наразылық білдіруден жалықпаған румындар өз дегендеріне жетті. Румыния үкіметі жемқорлыққа қарсы заң жобасының күшін әлсірететін өзгерістерді енгізуден қайта бас тартты. Жемқорлық әрекетке барғандарды жазалау туралы бапқа өзгеріс енгізуге және сотталған парақорларды амнистия бойынша бостандыққа шығару әрекеті тоқтатылды. Бұған дейін Қылмыстық кодекске өзгерістерді енгізіп, отставкаға кететіндігін хабарлаған Гриндяну 4 ақпан күні өз ойынан қайтқандығын білдірді. Дәл осы күні кезектен тыс жиын өткізген үкімет басшысы Сорин Гриндяну: «Мен Румынияның бөлінгенін қаламаймын», – деген ойын жеткізді. Румынияда орын алған жағдайға АҚШ, Германия, Франция мемлекеттері де алаңдауда. Еуроодақ қазіргі уақытта Румыниядағы жемқорлықпен күрес мәселесінде қол ұшын бермекші. Еуропалық комиссия төрағасының бірінші орынбасары Франс Тиммерманс комиссияның бұл мәселені талқылап жатқандығын хабарлады. «Біз Румынияның ішкі мәселелеріне араласуды көксемейміз. Бұл тек елде ұзақ уақыт бойы қарсы  күрес жүргізген парақорлықтан құтылуға қол ұшын созудың әрекеті», – деп атап өтті Франс Тиммерманс. Оның айтуынша, қазір Румыниядағы жемқорлықпен күрес ісі өз нәтижесін беріп келеді. Сондықтан, елдегі нәтижелі іс кері кетпес үшін Еуроодақ бұл мемлекетке көмектесуге ниетті.

Парақорлар Қазақстанда да көп

Қанағатсыз басшылардың пара алу әрекеті біздің елде де кең етек алып барады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуден алдымызға жан салмасақ та, парақорлардың жолын кесу қолымыздан келетін түрі жоқ. Күн өткен сайын елімізде пара алған шенеуніктер мен басшылар туралы ақпараттар ағыны көбейе түсуде. Бұл – Қазақстанда жемқорларға жаза қолданылмайды деген сөз емес. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары-ақ «Ұйымдасқан нысандағы қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойылды. Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқы болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы орган құрды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ Конвенциясына, ЭЫДҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Стамбұл жоспарына да қол қойылды. Елімізде жемқорлыққа қарсы күрес саласында құқықтық база қалыптасып, 1998 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнама қабылданды. Ал 2014 жылдың 26 желтоқсанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын бекітті. Аталмыш стратегия мемлекеттің алдағы жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын көрсетеді және сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын, оны тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға, оның деңгейін қысқартуға ықпал ететін кешенді шараларды қамтиды. Десек те, мемлекетке шығын келтіретін жемқорлардың жемсауы қашан толатыны беймәлім болып отыр. 2016 жылдың қорытынды деректері бойынша, соңғы 2 жылда жемқор мемлекеттік қызметкерлер мемлекетке 48,5 миллиард теңгеге шығын келтірген. Осы аралықта 1888 мемлекеттік қызметкер жауапқа тартылды. Олардың 22-сі республикалық деңгейдегі лауазымды тұлға, 109-ы облыстық деңгейдегі, тағы 286-сы қалалық, ауылдық жерлердегі жетекшілер. Істі тергеу кезінде олардан келген шығынның үштен екі бөлігі өндірілген. Ал соңғы 5 жылда жымқырылған 70 миллиард теңге шетел асып кеткен. 47 шенеунікке халықаралық іздеу жарияланды. Өткен жылы жемқор салалардың көшін Ішкі істер министрлігі бастапты. Ал өңірлер бойынша, шенеуніктердің жемқорлық жасап, қызметінен босау фактісі бойынша Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай мен Жамбыл облыстары көш бастап тұр. Бұл әсіресе, қаржы, әділет және ауыл шаруашылығы министрліктерінің аймақтық өкілдіктеріне қатысты. Өткен жылы Қазақстанда 2000-нан аса шенеунік парамен ұсталса, оның 18-і  республикалық, 59-ы облыстық, 134-і қала мен аудан деңгейіндегі қызметкер. «Мәселемді шешіп бер» деп шендіге ақша тықпалау да тыйылар емес. Сарапшылар зерттеуіне сай, сұралғандардың 47 пайызы жол полицейлеріне пара бергенін айтқан.  33-і әлеуметтік қызметкерлерге, 31-і соттарға, 23-і білім саласының, ал 20 адам денсаулық сақтау қызметкерлеріне пара бергенін жайып салған.  «Түйені түгімен жұтатындардың» ешбір қорықпай қимылдауына кейбір заңдардың солқылдақтығы себеп. Transparency International (TI) халықаралық ұйымының өткен жылдың соңындағы қорытындысына сүйенсек,  Орталық Азия елдерінде 2012 жылдан бері жемқорлық деңгейін төмендетуде ешқандай маңызды өзгеріс жасалмаған. Халықаралық ұйымның мәліметінше, Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия – әлемдегі жемқорлық деңгейі ең жоғары аймақтар қатарында. Ұйымның 168 мемлекеттегі жемқорлық деңгейін сараптаған индексінде Қазақстан 123-орында тұр. Transparency International ұйымының есебі бойынша, парақорлық мүлдем аз елдер қатарында Дания, Финляндия, Швеция және Норвегия тұр. Бірақ ұйым бір де бір мемлекет жемқорлықтан мүлдем ада ел деп танылмай  тұрғанын айтады. Индекс соңында жемқорлық деңгейі ең жоғары елдер тізімінде Сомали мен Солтүстік Корея. Жемқорлық  деңгейі жоғары елдер арасында Ауғанстан (166-орын), Ирак (161-орын), Түркіменстан (156-орын) және Өзбекстан (153-орын) Тәжікстан (136-орын) бар.

Айыппұл төлесең, түрмеде отырмайсың  

Румынияда Қылмыстық кодекске енгізілмек болған жемқорлық әрекеттеріне қатысты өзгерістер біздің елге де жат еместігін біріміз білсек, біріміз білмеспіз. Алайда біздің елдегі жағдай сәл өзгерек. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгертулер мен толықтырулар енгізілген Қылмыстық кодексте жемқорлыққа қарсы заңдарда өзгерістер бар екенін айта кетейік. Бұл құжатта пара алған азамат айыппұл төлесе, бас бостандығынан айрылмайтындығы жазылған. Ал айыппұлдың көлемі алған параның 50 еселенген мөлшеріне тең. Белгіленген айыппұлды төлей алмаған жемқорлар 5-7 жылға дейін темір торға қамалады. Егер пара ірі көлемде алдын ала келісілген топтың бопсалауы арқылы берілсе, онда 70 еселенген айыппұл төлеу міндеттеледі. Немесе 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сондай-ақ, айыппұл төлеп, бостандыққа шыққан азамат өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Бір жағынан алып қарасақ, пара алған азаматтардың айыппұл төлеп, жымқырған қаржысын мемлекет қазынасына еселеп қайтарғаны ел экономикасы үшін әлдеқайда тиімді. Бірақ бұл талаптардың қаншалықты жүзеге асып жатқаны көпшілікке беймәлім. Жемқорларды бірнеше есе айыппұл төлеу арқылы жазалау көршілес Ресейде де қолға алынған. Сарапшы мамандардың пікіріне сүйенер болсақ, бұл тәжірибе Ресейге айтарлықтай пайда әкеле қоймапты. Десек те, мұндай жазалау түрін қолдайтындар да баршылық. Бастысы, ережелердің орындалуында түйткілдер болмаса болғаны.

Әлем жемқорлықпен қалай күреседі?

Еліміздегі жемқорлыққа балта шабу үшін Шығыс Еуропа, Балтық елдері мен Грузия тәжірибесіне арқа сүйеу қажет. Бұл туралы  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеген еді. Мәселен,  Грузияда шенеуніктердің санын 3 есе азайта отырып, жалақысын 3 есе көбейткен. Агенттіктің мәлімдеуінше, Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің санын 35 пайызға азайтса, әкімшілік шығындарды есептей отырып, еңбек ақысын 2 есеге көбейтуге болады. Бұдан басқа жағдай жасау мен мемлекеттік қызметке беки түсудің басқа мүмкіндігі жоқ. Әрине, бұл үшін тыңғылықты жұмыс жүргізу керек. Сондықтан, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мұны жоба ретінде ұсынып көрмек. Ал үстіміздегі жылдың басында алқа мәжілісін өткізген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жемқорлық дертінен құтылу үшін жоғары лауазымды шенеуніктердің ешқайсысын аямайтындығын мәлімдеді. Осы жиында агенттік басшысы Қайрат Қожамжаров жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу жүйесінде қателіктердің кеткендігін де мойындады. Бүгінгі таңда Сингапур елі сыбайлас жемқорлыққа қатысты ең «таза» мемлекеттердің қатарында. Сингапур билеушілері, шынымен де, жемқорлықпен күрестің нәтижелі әрі тиімді механизмін жасай білді. Бұл елде жемқорлықпен күрес үздіксіз жүргізіліп отырады. Бұған 1952 жылы құрылған сыбайлас жемқорлық жағдайларын тергеу Бюросы арнайы органының үздіксіз жұмысы дәлел.  Бюро мемлекеттік шенеуніктер арасындағы жемқорлыққа қатысты жағдайларды тексеріп, тиісті органдарға қажетті шараларды қолдану үшін хабарлап отырады. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жақын мемлекеттік органдардың жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін басқару жүйесіндегі «әлсіз тұстарын» айқындау мақсатында зерттейді. Егер жемқорлық әрекеттерін тудыратын жағдайлар табылса, Бюро бұл органдардың басшыларына тиісті шараларды қолдануды ұсынады. Сингапур елінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының басты идеясы «жеке тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрекет жасауға мүмкіндіктерін, жағдайларын болдырмауға мейлінше тырысу» болып табылады. Көршілес Қытай тәжірибе мақсатында елде парадан бас тарту бойынша қолданылып жүрген «тай-цзи» сабақтарының баламасын да елімізде байқап көруге болады. Қазіргі таңда еліміз Гонконг мемлекетінің тәжірибесіне сүйеніп,  мемлекеттік қызметкерлердің өз кірістерін жариялай бастауы да құптарлық жайт. Қай елде болмасын, жемқорлықпен күрес ең алдымен адами фактордың таным-түсінігіне, рухани кемелділігіне де байланысты. Сол себепті де, әркім өз отбасында парақорлықтың зияны мен зардабы жайында айтса, құба-құп. Ал жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі жүйелі әрі тиімді тетіктерді іске қосқанда ғана оң нәтиже береді.    

Серіктес жаңалықтары