50288
Астанада «Bir tolqynda» би сайысы өтеді
Астанада «Bir tolqynda» би сайысы өтеді
«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ауқымды би сайысын өткізеді. «Bir Tolqynda» заманауи би чемпионаты: «Жастар Рухы» жастар қанаты өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, есірткіге қарсы күресуге үндейді
2023 жылы 11 тамызда Астанадағы Триатлон саябағында «Bir Tolqynda» заманауи би чемпионаты өтеді. Оны «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырады. Баспасөз мәслихатында «Жастар Рухының» төрағасы Нұржан Жетпісбаев іс-шараға дайындық барысы туралы айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында және Ұлттық құрылтайда жас ұрпақтың денсаулығына зиян келтіретін есірткі заттарының таралуына тосқауыл қоюды тапсырды.
Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда психоактивті заттарды қолданған 108 мың адам есепте тұр. Оның ішінде, алкогольге тәуелді – 90 мың, есірткіге тәуелді – 18 мың адам бар.
Синтетикалық есірткі – ұлт денсаулығына үлкен қауіп. «Жастар Рухының» пікірінше, есірткіні өндіру мен таратуға қарсы күресті күшейту қажет.
Осы орайда, «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты «Есірткіге жол жоқ!» жобасы аясында салауатты өмір салтын насихаттауды қолға алып, «Bir Tolqynda» заманауи би чемпионатын өткізетінін хабарлайды. Іс-шара аясында талантты жас бишілер мен белсенді өмір салтын ұстанатын 5-35 жас аралығындағы барлық ниет білдірушілер бас қоса алады.
«Жастар Рухының» төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, жастар қанатының маңызды міндеті – өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын ұстануды, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды насихаттау, жастардың бос уақытын пайдалы өткізуге ұмтылу және оларды спортқа баулу үшін қолайлы жағдай жасау.
«Осынау қызықты да серпінді чемпионат «Есірткіге жол жоқ!» жобасының қағидаттары мен құндылықтарын насихаттай отырып, есірткіге қарсы күрес кезіндегі басты оқиғаның біріне айналады. Біз қоғам назарын есірткінің таралуы мәселесіне аударып, отандастарымызды жастарға барынша қолдау көрсетуге шақырамыз. Бидің қуаты мен күш-жігері жастарды жат әдеттен аулақ болуға үндейді. Бұл сайыс – тек бәсеке ғана емес, есірткіге қарсы күрестің қарымды қадамы. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады. Чемпионатқа қатысуға 150-ден астам өтінім келіп түсті», – деді ол.Чемпионат 6 негізгі номинация бойынша өтеді:
- Hip-Hop 3x3
- Hip-Hop new players 1x1
- Krump 1x1
- Breaking 2x2
- Breaking & House 2x2
- All styles 2b4 («All Styles» номинациясы Алматы қаласында өтетін Red Bull dance Your Style ұлттық финалына іріктеу кезеңі саналады).