2678
Білім гранты: сан мен сапа
Білім гранты: сан мен сапа
Білім гранты иегерлерінің тізімі шыққаннан кейін әлеуметтік желіде түрлі пікір айтылды. Сыни пікір айтатындардың
бір тобы грант санын көбейту білім сапасын жоғарылатпайтынын, керісінше төмендететінін алға тартады. Сондай-ақ гранттарды бөлуге қатысты наразылық білдірушілер көп болды. Олардың айтуынша, сұраныс аз мамандықтарға грант көп берілген. Желідегі екінші топ қымбатшылық жағдайында тегін білім алушылардың көбейгені жақсы, өйткені қазір көп ата-ананың баласын ақылы оқытуға жағдайы келмейді деген пікірде.
Мемлекет бөлген грант саны тым көп, бұл білім сапасын төмендетеді деп дабыл қаққандардың бірі – журналист Ерболат Мұхамеджанов. Ол грант тек жақсы оқитындарға, әділетті берілуі керек деп санайды.
– 94 мың оқушы грантқа тапсырады. Ал бөлінген грант саны – 73 мың. Бәсеке мүлдем жоқ. 1 грантқа 1,5 мектеп түлегі таласқан. Жақсы оқитын да, үлгерімі нашар да грантқа ие болады. Нәтижесінде, университеттер түсініксіз жағдайда қалады. Келесі мәселе, мемлекет төлейтін грант құны нарықтық бағадан бірнеше есе төмен. Мемлекет нарықтық жағдайды әділетсіз реттейді. Мысалы, ұлттық университетте грант құны – 1 млн 300 мың теңге, ал мемлекеттік университеттерге – 900 мың, жекеменшікк университеттерге – 700 мың. Айтпақшы, осыдан 3 жыл бұрын 350 мың болып, сол кездегі министр қазіргі суммаға көтерген еді. Ал оқу ақысының өзіндік құны – 1 млн мен 1,5 млн-ның арасы. Бұл мәселені тез арада шешпесек, керісінше, жоғары білім саласына зиян тигіземіз. Министрлік осындай гранттың құнымен сапалы білімді талап етуі орынсыз, – деді ол.Оның айтуынша, мәселені шешудің, білім сапасын реттеудің дұрыс жолы бар. Біріншіден, гранттың санын азайтып, артылған сомаға гранттың құнын өсіру керек. Себебі жыл сайын гранттың санын өсіргеннен білімнің сапасы жоғарыламайды. Мұндай жағдайда мықты университеттер грантқа түсудің шекті балын өсіреді, нәтижесінде ұлттық және мемлекеттік университеттердегі білім сапасы нашарлап, жағдайлары қиындай түседі. Расында, 55-60 балмен инженерлік, техникалық мамандыққа оқуға түсіп жатқан түлектерден болашақта қандай сапалы маман шығады деген заңды сауал туындайды. Кезінде техникалық мамандықтарға білімді балалар оқуға қабылданатын. Олардың зерттеушілік қабілеттері қаперге алынатын. Осындай таңдаулы мамандықтардың қазір құнын түсіріп, дипломы бар мамандар санын арттырғаннан ұтарымыз қайсы? Болашақта сапасыз маманды кім жұмысқа алады? Кезінде сапалы жоғары біліммен қамту жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Үкіметке тапсырма берген болатын. «Әр ата-ана баласының жоғары білім алғанын қалайды. Бұл – орынды тілек. Дегенмен бүгінгі одан да өзекті мәселе – болашақ түлектің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы. Бұл үшін жоғары оқу орындарын сапалы біліммен қамтамасыз ету қажет. Оқу үрдісінің сапасын арттырмай, білім гранттарының санын көбейту жақсылыққа емес, жаман нәтижеге алып келуі мүмкін. Сондықтан жоғары білімнің қолжетімдігін қамтамасыз етуді көздей жүріп, оның девальвациясына жол бермеу керек», – деді Президент. Үкіметтің мемлекеттік гранттардың құны мен оның қазіргі заманға сай немесе сай еместігін қаншалықты зерттегені белгісіз. Алайда Ғылым және жоғары білім министрлігі биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін де гранттар бөлінгенін айтты. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев әлеуметтік желідегі грант санын азайту туралы айтылып жатқан сынға қатысты Facebook-тегі парақшасында жазды. Вице-министрдің айтуынша, елімізде халықтың жоғары біліммен қамтылуы бойынша деңгейі Ресейден де төмен екен.
– Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда түлектерді жоғары біліммен жалпы қамту 62 пайызды құрайды. Бұл көптеген елден едәуір төмен (Ресей – 82 пайыз, Оңтүстік Корея – 94 пайыз, Ирландия – 78 пайыз, Беларусь – 81 пайыз). Ал жалпы елімізде жоғары білімі бар азаматтардың статистикасына қарасақ, ерлердің үлесі – 17 пайыз, әйелдердің үлесі – 21 пайызды құрайды. Бұл – төмен көрсеткіш. Осы жайттарды ескерсек, әлеуметтік желідегі грант санын азайту туралы айтылып жатқан сын қаншалықты дұрыс деген сұрақ туындайды. Биыл елімізде 174 мыңнан астам түлек мектеп бітірді. Сондай-ақ 140 мыңға жуық түлек колледж бітірді. Олардың ішінде 94 мың түлек грант конкурсына қатысты. Ал бөлінген грант саны – 73 мың. Статистикаға қарасақ, грант негізсіз бөлінді деп айтуға келмейді. Керісінше, Үкіметтен бөлінген гранттар жастарды шетелден тегін оқу іздемей, елімізде қалуына және халықтың жоғары білім деңгейін арттыруға септігін тигізері сөзсіз, – деді Қуаныш Ерғалиев.Вице-министр жастарға мемлекеттен көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың маңыздылығы туралы да жазды.
– Түлектерге бөлінген гранттардың жартысынан көбі әлеуметтік осал санаттарындағы адамдарға арналған. Квоталардың үлесі мемлекеттік гранттардың жалпы санының 53,5 пайызын құрайды, оның ішінде 35 пайызы ауыл жастарына бөлінген. Әлеуметтік осал топтарға барлығы 9 квота қарастырылған. Елімізде жоғары білім барлығына бірдей қолжетімді болуы тиіс, – деді ол.Оның айтуынша, Үкіметтен гранттардың бөлінуі, әлеуметтік қолдау көрсетілуі жастардың дамуына әсер етеді. Мемлекет тарапынан жастайынан қолдауды сезініп өскен бала болашақта елі үшін аянбай еңбек етеді. Гранттың көбеюіне білім саласының сарапшысы, QazBilim Group компаниясының басқарма төрағасы, қоғам белсендісі Аятжан Ахметжанұлы да қарсы. Мемлекет грант санын көбейтпес бұрын ЖОО-лар сол мамандарды оқытуға дайын ба деген мәселені анықтап алуы керек дейді ол.
– Бізде маман дайындайтын база болмаса да жылына мұнай-газ мамандығына 50 PhD оқытады. Өтірік маман дайындау не үшін қажет? Ол мамандардың еңбек нарығынан өз орнын табуы – одан кейінгі мәселе. Екіншіден, кеше ғана жабылған университеттер биыл қайтадан мемлекеттік грант алып жатыр. Шыны керек, біз бакалавр, магистратура, докторантура бойынша мамандардың сапасына кепілдік бере алмай отырмыз. Біздің ең басты мәселесіміз – жұмыссыздық емес, біліксіздік. Ал гранттың көп болуы біліксіз мамандарды көбейтеді. Өйткені түлектер кейбір мамандықтарға 60 балмен грантқа түсіп жатыр. Білімсіз түлектен мықты маман шықпайды. Мемлекет мектеп түлектерінің білім сапасымен емес, санмен айналысып отыр. Кейде маған грантты үйіп-төгіп беру мемлекеттегі жастарды 4 жыл тыныш ұстаудың жолы ма екен деген ой келеді, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.Сарапшының айтуынша, министрлік статистиканы өзіне ыңғайлы етіп бұрып алып отыр. Мектеп бітірген 174 мың түлектің 94 мыңы конкурсқа қатысты. Қалған 80 мыңы конкурсқа қатыса алмады. Неге? Себебі олар шекті балл ала алмады. Оған себеп, мектептің сапалы білім бере алмауы. Сондықтан вице-министрдің 73 мың грантты аз деп, Қазақстанда түлектерді жоғары біліммен жалпы қамту Ресейден төмен екенін алға тартуы қисынсыз дейді қоғам белсендісі. Ол вице-министрдің Үкіметтен бөлінген гранттар жастарды шетелден тегін оқу іздемей, елімізде қалуына және халықтың жоғары білім деңгейін арттыруға септігін тигізері сөзсіз деген пікірімен де келіспейтінін жеткізді. Ахметжанұлының айтуынша, мемлекеттік идеология мықты болса, жастардың шетелде оқуынан қорқудың қажеті жоқ. Жастардың шетелге оқуға кетуіне грант санының аздығы емес, ұлттық идеологияның әлсіздігі, жемқорлық пен әділетсіздік себеп болып отыр. Жастар Қазақстанда әділетті жолмен табысқа жетудің қиял-ғажайып екенін білгеннен кейін де шетелде қалғысы келеді. Алайда елімізде мемлекеттік гранттың арқасында тегін оқып, еліне қызмет етіп жатқан мамандар да көп. Мемлекеттік грант, әсіресе, ауыл жастарына – үлкен мүмкіндік. Ауылдағы көп ата-ананың баласын ақылы оқытуға мүмкіндігі жоқ. Үкімет беретін тегін гранттың үлкен пайдасын көріп отырған ананың бірі – Айнұр Нағашыбайқызы.
– Балаларым менің ғана емес, елімнің де болашағы. Әрбір ата-ана баласының болашағы үшін алаңдайды. Әсіресе, мектеп бітіріп, мамандық таңдап, оқу гранты үшін ҰБТ тапсырарда қатты қобалжиды. Менің балаларым жастайынан білімге құштар болып өсті. Бар күшімді балаларымның жақсы білім алуына жұмсадым, барынша таңдаулы мектептерде оқыттым. Балалардың білімді болып өсуіне отбасы, ортасы, мектебі тікелей әсер етеді. Өзіміз бұрын ауылдық жерде тұрдық. Соған қарамастан балаларымды облыстық атаулы мектептерде оқыттым. Үлкен ұлым Қызылорда облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатын алтын медальға бітірді. Мектеп қабырғасында жүріп Ресей елінің білім грантын жеңіп алды. Санкт-Петербург қаласында оқып келіп, қазір елімізге қызмет етіп жүр. Екінші қызым 7-сыныптан бастап Назарбаев зияткерлік мектебінде оқыды, Астана қаласындағы Медициналық университетке грантқа оқуға түсті. Биыл мектеп бітірген ұлым физика-математика пәнін таңдап, ҚазҰУ-дың грантын жеңіп алды. Оған себепші болған қаламыздағы – Достық оқу орталығы. Сол жерде тәжірибелі ұстаздардан 1 жыл қосымша білім алуына жағдай жасадым, міне, нәтижесін көріп отырмыз. Кенже қызымды дарынды балаларға арналған жеке мектепке ақылы түрде оқытудамын. Болашақта оның да грант иегері болатынына сенемін. Өзім асыраушысынан айырылған ана болсам да балаларымның жан-жақты білім алуына бар жағдайды жасап отырмын. Өйткені 4 жыл тегін оқу – ата-ана үшін үлкен көмек, – дейді Айнұр Нағашыбайқызы.Айнұрдың айтуынша, балаға жұмсалған қаражат – болашаққа құйылған инвестиция. Баланың бойына жастайынан армандауды, дұрыс мақсат қоюды сіңірсе, жемісін береді. Мемлекеттің берген мүмкіндігін әрбір бала пайдалануға құқылы, тек ынта мен жігері болса. Өйткені елімізде грантты жеңіп алуға барлық жағдай жасалған дейді кейіпкеріміз. Әрбір ата-ана баласының таңдаулы оқу орнында оқығанын қалайды. Алайда 4 жыл тегін оқығанның бәрі нарыққа қажетті маман болып шықпауы уақыт еншісінде. Сондықтан ел болашағын санға емес, сапаға қарап бағалайтын кез келгендей.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ