«Мүрде аяқасты болды»: Түркістан облысында зиратта балалар лагері салынған

«Мүрде аяқасты болды»: Түркістан облысында зиратта балалар лагері салынған

«Мүрде аяқасты болды»: Түркістан облысында зиратта балалар лагері салынған
ашық дереккөзі
50532
Мәйітті жерлеу үшін оқу-сауықтыру лагерінің басшыларынан рұқсат алуға мәжбүрміз дейді Түркістан облысындағы бірнеше ауылдың тұрғындары. Себебі Төлеби ауданындағы үш ғасырлық тарихы бар Қақпатас қорымы 2005 жылы Балдәурен лагерінің аумағына кіріп кеткен, деп хабарлады  turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. Содан бері жұрт мүрдені жерге тапсырмақ түгілі, бейіттің басында Құран бағыштау үшін мекеме басшыларының қас-қабағына қараймыз дейді. Ол аздай, мазарат маңы жынойнаққа айналып барады деп ашынады. Ата-бабасының басына Құран бағыштауға ниетті жұрт кезекті рет оқу сауықтыру орталығының қақпасының алдында тұруға мәжбүр. Себебі үш ғасырлық тарихы бар Қақпатас қорымына тек осы лагерь арқылы ғана баруға болады. Ал бұл мазаратқа Нысанбек және Қайнар ауылының жұрты әліге дейін о дүниелік болған туыстарын  қояды. Бірақ 2005 жылы жергілікті шенеуніктер лагерьге жер бөлу кезінде ескі қорымды қосып бере салды дейді.
«Сол кездегі Леңгірдің жер комитеттерінің қатесі, сол кездегі былықтар да кадастр бөлімінің қателігі. Келіп топосъемка істемеген, әншейін сырттай істеген де жіберген бәрін. Ал, кейін 2018-де Артек болды. Олар алғанда сол госактіні көшіре салған. Ал негізі аумақты өлшеу керек», - дейді Төлеби ауданының тұрғыны Қасымхан Өмірзақов.
Қорымға бару үшін лагерь басшысының рұқсатын алған соң журналға жазылып, күзеттің бақылауымен ғана жүруге болады. Сұмдығы, сол демалыс аймақтарының ортасында тұрған бейіт жынойнақтың ордасына айналды дейді. Кедергісі көп деп келушілері аз болған соң, Қақпатас қорымының бір бөлігі бүлініп, тіпті, адам сүйектері көп шығады екен. Бұл жолы да бірнеше мүрде аяқасты болып шықты.
«Ұлдар мен қыздардың осы жерде жынойнақы болып жүргенін байқадым талай. Содан енді бұл әулиелі жер. Мазараттың өзі жынойнаққа айналып кетті. Әлгі әруақтарды құрметтемеді. Сол үшін бізге тазалық керек. Басқа керек. Қазіргі басшыларға айтарым, ей, өлі разы болмай, тірі байымайды», - дейді Төлеби ауданының тұрғыны Бақытжан Өмірзақов.
Ал жергілікті басшылар кезінде аудандағы шенеуніктердің былықтырғанын мойындайды. Бірақ Қаржы министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің теңгеріміне кеткен 2 гектарға жуық мазаратты қайтару үшін қанша арыз жазғанымен, мардымды жауап болмай жатыр деп ақталды.
«Шешімі тек қана жаңағы аталған министрліктер барлығы отырып, бір консилиум жасап, жиналыс жасап, ақылдасып, енді нақты 28 соттығы мазардың кіріп тұрғаны анық көрініп тұр. Енді ауданның арнайы жерін қайтарып, мазараттың орнына бөлек мемлекеттік акт заңдастырып беру тек қана», - дейді Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Дәулет Исабекұлы.
Яғни, лагерь аумағына өткен мазаратты қайтарудың машақаты көп. Ал марқұмдарды жерлеп, Құран бағыштау үшін әркімге жалынудан мезі болған жұрт Қақпатас қорымына барар жолды тау арасымен өздері салып жатыр.

Серіктес жаңалықтары