50314
4 миллион: елімізде суррогат ана саудасы қызып тұр
4 миллион: елімізде суррогат ана саудасы қызып тұр
Ғаламторды ашсаң, «біреуге бала тууға әзірмін» деген хабарламадан көз сүрінеді. Жарнамасы жер жаратындардың дені – 18-27 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Жатырын жалға беретіндердің «ставкасын» білу үшін «Астана» телеарнасының тілшілері бірнешеуіне қоңырау шалған, деп хабарлады turkystan.kz.
«Гонорарым 3 миллион. Негізі, басында көтерген кезде 1,5 миллион теңге береді. Босанғаннан кейін қалған 1,5 миллионын аламын. Арамызда келісімшарт болады. Сондай-ақ ай сайын 100 мың теңге жіберіп отыруы тиіс», - деді ару.Бұл қызметке сұраныстың жоғарылығы сонша, қазір әр қалада заңды түрде суррогат ана орталығы жұмыс істейді. Ондағылардың айтуынша, елімізде бөтен әйелдің көмегімен бала сүйгісі келетіндердің саны артуда. Жылына, шамамен, 100-200 отбасы құрсақ ана көмегімен балалы болады екен.
«Суррогат ана болғысы келетін қыздар көп. Біз 25-34 жас шамасындағыларды ғана аламыз. Жас қыздарды алмаймыз. Себебі олар психология тұрғысынан дайын емес. Басында ол қыздар жарнаманы көргеннен кейін, ақшадан қиналған соң келеді. Бірақ толыққанды мән-жайды түсінбейді», - деді орталық директоры Дамира Бекбергенова.Жатырды «жалға» алу мен берудің тәртібі «Неке және отбасы туралы» Кодексінің тоғызыншы тарауында жазылған. Онда суррогат ананың жасы мен денсаулығы көрсетілген. Сондай-ақ «жалдамалы» ана мен тапсырыс беруші азаматтың арасындағы келісім шарттар осы заңнамаға сәйкес жасалады дейді заңгер.
«Суррогат ананың жасы 20-дан 35-ке дейін болу керек. Екінші талап, бұл – арнайы медициналық ұйымның қорытындысы. Ол жерде денсаулығы, психикалық және репродуктивті денсаулығы сай екенінің қорытындысы керек. Үшіншісі, ол – суррогат ананың бір туған сау баласы болуы қажет», - деді заңгер Олжас Лекеров.Қойылатын талаптың қатаңдығына қарамастан, елімізде «құрсақ ана» болуға құштар әйел көп. Елімізде бұл қызмет алғаш пайда болған жылдары тапсырыс берушілер сәби үні үшін 1 немесе 2 бөлмелі пәтерге дейін ақы берген. Қазір өзгенің перзентін көтеріп беруге дайын адам көбейген соң, нарықта олардың құны арзандапты.
«Бұл – енді біздің мұсылмандығымызға, салт-дәстүрімізге келмейтін зат. Ақша табамын деп өзінен шыққан баланы сату – тәрбиесіздік. Тұқым болмай жатқан жағдайда, жетімдерді асырап алуға болады. Жетімдер үйінде тастанды балалар бар», - деді Аналар кеңесінің мүшесі Кәмилә Омарбекова.Расымен жатырды жалға беру шариғатқа қайшы. Дін өкілдері суррогат жолмен дүниеге келген бала некесіз туған боп саналады дейді.
«Жалға берілетіндей адамның құрсағы, бұл рұқсат берілген зат емес. Біреу өзінің үйін, өзінің көлігін, өзінің ыдысын жалға беруге болады», - деді ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай Құрбанұлы.Көп мемлекетте құрсақ ана қызметіне қатаң тыйым салынған. Мәселен, Австрия, Германия, Франция, Норвегия, Швеция және АҚШ-тың кей штаттарында мұндай «жалған ата-аналыққа» жол жоқ. Сондықтан сәбилі болуға қауқарсыз шетелдіктер біздің елге ағылады. Әсіресе Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан және іргелес Ресейдің азаматтары көп келеді.