ДАУЫЛДЫ ЖЫЛДАРДЫҢ ӨКПЕГІ

ДАУЫЛДЫ ЖЫЛДАРДЫҢ ӨКПЕГІ

ДАУЫЛДЫ  ЖЫЛДАРДЫҢ   ӨКПЕГІ
ашық дереккөзі
911
1916 жылы 29-тамызда Мерке жерінде Ақкөз Қосанов бастаған Ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете қалды. Меркі, Шу, Қарабалта, Сусамыр өңірінің жастарын майданның қара жұмысына алу туралы жарлығына қарсы көтеріліске қатысқан қазақтар мен қырғыздарды жазалаушы отрядтар аяусыз жаншыды, адам шошырлық қылмыстарға барды.(Бүгінгі оқырманға түсінікті болуы үшін мына жағдайды да айта кетейік: 1925 жылдың сәуір айына дейін алдымен патшалық, одан кейін советтік билік қазақтарды « киргиз», қырғыздарды «каракиргиз» деп атап келген. 1925 жылға дейін қырғызстанның біраз болыстықтары Әулиеата уезіне қарасты болған. Авт ). Осы көтеріліске қатысқан Тұрар Рысқұлов көтерілісшілерді аяусыз жазалағаны жөнінде біраз мәліметтерді жазған. Жазалаушы отрядтың бірін басқарған Бундиров деген прапорщик қолға түскен 150 көтерілісшіні Ново-Троицкіден (қазіргі Шу ауданының орталығы Төле би ауылы) Меркеге дейінгі аралықта жол бойы атып, өлтіріп келген. Тұрардың айтуынша осы Бундиров 1918 жылы Ташкентте эсерлер партиясының құрамында советтер съезіне қатысқан. 1918 жылы 14-қазанда Тұрар Рысқұлов Түркістан Халық Комиссарлар Советінің Денсаулық сақтау халық комисары болысымен әлгі жендет қашып, тығылып, жоғалып кетеді. Ол басқарған отряд қазақтардан 4340 қой, 23 түйе, 225 сиырын тартып алған. Оны келімсектерге таратып берген және солдаттардың асханасына жіберген. Жазалаудың бұдан да басқа сойқан түрлері болған. Мәселен Алматы облысының мемлекеттік архивінің 519-қорында Қордай ауданынан 1928 жылы тәркіленген байлар туралы құжаттардың бірінде көтеріліске қатысқан 72 адамды су толтырылған ұрада атқаны, екіқабат әйелдің қарнын жарып жібергені туралы дерек келтірілген. Сол сияқты осы Қордай ауданының аумағында Асан Тасболатұлы бастаған көтерілісшілерді де Пішпектен жеткен жазалаушылар отряды аяусыз қырып-жойғаны туралы әңгіме ел аузында. Асанды өлтірген жазалаушы отряд көтерілісшілерді Қызылсай деген жерде қырған. Сондықтан да көтерілісшілердің қаны судай аққан сай «кызыл» деп аталып кеткен. Бұл көтерілістен шет қалған көзі ашық азаматтар болмады. Мәселен, Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің 6-қорының 1-ісінде халық ақыны Кенен Әзірбаевтың 1916 жылғы көтеріліске белсене қатысуы осы сөзімізді айғақтайды. Ол Қордай жерінде Әли батыр бастаған көтеріліске қатысқан. Ақын жалынды сөзімен, азаттықтан артық ешнәрсе жоқ екенін айтқан. Әли батыр бастаған 17 көтелісшіні бір жерде, енді бірде №11 және №6 ауылдардан атылған 13 адамның арасында оның бауыры да болғандығы туралы архивте құжаттар сақталған. «Орыс келе жатыр!» – деп, қазақтар балаларын қорқыту осы қырғыннан кейін қалған сөз! Көтеріліс барысында және одан кейін Меркі өңірінде ұлт араздығы лаулап тұрды. Қазақ-қырғыз ауылдары келімсектер тарапынан, олардың селолары қазақ-қырғыз тарапынан шабуылға ұшырап жатты. Бір-бірін тонау, шаруашылықтарын өртеу белең алды. Шын мәнінде бұрын-соңды бұл өлкеде мұндай дәрежеде ұлттардың бір-біріне деген өшпенділігі болған емес. Көтеріліске қатысқандарды атты, асты, соттады. Мал-мүлкін, жерін тартып алды. Сол уақытта қалыптасқан жағдайды саралай келе мынандай ойға амалсыз келесіз: 1917 жылғы Ақпан төңкерісі болмаған жағдайда халықтар арасында үлкен қақтығыстар болатыны анық еді. Қазақты сол кезде қырғыннан сақтап қалған Ақпан төңкерісі! Егер бұл төңкеріс болмағанда қазақты жазалау жалғаса беретін еді. Түрмеге жабылған, іздестіруде жүрген көтерілісшілерге рақымшылық жасау көп жеңілдік болғанын жоққа шығаруға болмайды. Мұрағат құжаттарында 1916 жылғы 8-қазанда Меркі аймағындағы көтеріліске қатысқан 54 адам жазаланғаны айтылады. Олардың тең жартысы қазақтар, екінші жартысы қырғыздар болды. Қазақтың біртуар азаматы, осы көтеріліске белсене қатысқан Тұрар Рысқұлов Москва қаласының партия мүшелерін тазалау жөніндегі комиссиясына жолдаған өмірбаянында Ұлт-азаттық көтерілісінен кейінгі оқиғалар өте жақсы айтылған. 1917 жылға Ақпан революциясынан кейінгі Уақытша өкімет жергілікті халыққа деген қысымын бұрынғыдан да күшейте түсті. Уақытша биліктің құрамына бұрынғы патша чиновниктері мен орыс кулактары енді. Олар әрбір қырғыз (қазақ) болыстығына көтеріліс кезінде келтірілген зиянға өтемақы төлеуді міндеттеді. Әрбір болыстыққа 400-500 мың рубль өтем төлеуді (контрибуция) міндеттеді. Қазақтарды Уақытша өкіметтің атынан жаншу осылайша жалғасқанын Тұрар Рысқұлов ашына жазды. Сондықтан да оларды қорғау мақсатында «мен айналама жігерлі жастарды топтастыра отырып, халықты контрибуция төлеу міндетінен құтқару бағытында жұмыс істедім. Сол үшін мені, – деп жазды өмірбаянында Тұрар Рысқұлов, – орыс кулактары бірнеше рет өлтіруге әрекеттенді. Алайда мен қашып, құтылдым. Уақытша өкіметтің комитеті мені тұтқындауға да әрекеттенді. Алайда жергілікті халық пен солдат депутаттарының советіне арқа сүйеген мені олар тұтқындай алмады». 1917 жылғы төңкерістер шын мәнінде тек қоғамда ғана емес, адамның санасына да ықпал етті. Буржуазиялық-демократиялық Ақпан төңкерісі Рессейдің боданындағы елдерді бұрын кигізілген темір ноқтадан босатпағанымен Алаштың құрылуына, ұлт қамын ойлаған тұлғалардың қалыптасуына ықпал жасады. Сондықтан да қазақ интелегенциясы бұл кезеңді әртүрлі қабылдады. Бірі жаңа құрылымды қолдаса, екіншісі оған қарсы шықты. Солардың бастамасымен Омскіде «Оқушы-студент жастардың демократиялық кеңесі», Ақмолада «Жас қазақ», Спаскіде «Жас жүрек», Петропавловскіде «Талап» Семейде «Жанар», Меркіде революциялық қазақ жастарының «Бұқара» одағы атты қазақ жастарының одақтары мен бірлестіктері құрылды. Солардың бірі әрі бірегейі Тұрар Рысқұлов құрған одақ болды. Олардың барлығы да алғаш алдарына мәдени-ағарту мәселелерін басты міндет етіп қойса, көп уақыт өтпей жатып таптық, әлеуметтік және саяси мәселелерді шешу бағытында күрес жолына түсті. Сәкен Сейфуллин мен Тұрар Рысқұлов ұйымдастырған «Жас қазақ» пен «Бұқара» советтердің жетегінде кетсе, басқалары ұлтшыл-либерал интелегенция лидерлеріне ілесті. Тұрар Рысқұлов большевиктердің ақылымен жастар одағын құру үшін Ташкенттен жедел түрде Меркеге келді. Меркедегі большевиктермен танысып, олармен қоян-қолтық араласты. Олар халықтың ауыртпалығын жеңілдету бағытында атқарылуға тиісті жұмыстар туралы ақыл-кеңестерін берді. Осының нәтижесінде Тұрар Рысқұлов Меркіде 1917 жылы наурыз айының соңғы күндері қазақ-қырғыз жастарының «Бұқара» деп аталатын революциялық одағын ұйымдастырды. Одақтың бағдарламасы мен жарғысы қабылданып, міндеттері айқындалды. Онда Уақытша өкімет жергілікті тұрғындарды қанауды одан әрі жалғастыра бірге жол берді. Ақ патшаның құйыршықтары – болыстар мен старшиналар, билер мен тілмәштар, уезд басшылары мен приставтар ірі байлармен біріге отырып халықты қанауға, қалай да болса пара алып, орыс кулактарының жергілікті халықты аяусыз қанауына мүмкіншілік жасады.(Құжатта осылай жазылған. Авт.) Көкірегі қараңғы, сауатсыз халық айналасында қандай жағдай болып жатқанын білмей дал болды. Сондықтан да жергілікті халықты қанаудан, өлімнен сақтап қалу үшін «Бұқара» одағын құрғаны туралы қазақтың біртуар азаматы толғай баяндады. Одақтың алдына Уақытша өкіметтің жергілікті комитетімен және орыс кулактарымен күресте жұмысшы-солдаттарымен бірлесе отырып жүргізуді басты міндет етіп қойды. Барлық ауылдарда жандайшаптарға, атқамінерлерге қарсы күресті күшейтіп, еңбекші халықтың белсенділігін арттыру жөнінде нақты міндеттер жүктелді. Бұл істе қазақ жастарын алдыңғы лекте болуға шақырды. Әсіресе, одақтың қаржысына газеттер жаздырып алып, оларды халық арасында тарату, насихаттау жұмысы міндеттелді. Елді мекендер мен орталық базарларда оқу залдары мен кітапханалар ашу қажеттілігі айқындалды. Әр базар жұмысы аяқталғаннан кейін митингілер мен жиналыстар өткізіп, қазақ халқының алдында тұрған міндеттерді айту мен түсіндіру аса маңызды екенін атап көрсетті. Саяси жағдайларды түсіндіре отырып ашаршылыққа қарсы күресті ұйымшылдықпен жүргізу керек екендігі де айтылған. «Бұқара» одағы шын мәнінде 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Меркі өңіріндегі негізгі саяси күшке айналды. Бұл қазақ жеріндегі жастардың ең алғашқы революциялық саяси одағы болатын. Бұл одақ көтерілген биікке басқалар көтеріле алмады. Одақ көпұлттылығымен және білімділігімен ерекшеленді. Олардың арасында бай-манаптардың өкілдері де болды. Тап осы жерде Тұрар Рысқұловтың интернационалдық көзқарасы қалыптасқанын ерекше қанағат сезіммен айту қажет. Егер осы одақ құрылмағанда Меркідегі тыныштықты орнату мүмкін емес еді. Бұған дейін ұлтаралық араздық күннен-күнге өрши түскен болатын. Сондықтан да халықтың басына қара бұлтты үйірілтпей, ашаршылықтың ауыртпалығын жеңілдету үшін жалындаған жас Тұрар айналасына қазақ-қырғыз жастарымен бірге өзге ұлт өкілдерін де топтастыра білді. Бұл одақ Тұрар Рысқұловтың ғана емес, оған мүше болған барша жастардың шын мәнінде шыңдалу мектебі болды. Жамбыл облысынығң мемлекеттік мұрағатының 1111-қорында Үсіп (Шәу) Сатыбалдиновтың төрт парақтық естелігіндегі, Меркі ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы Нұрғали Омаралиевтің, тарихшы-ғалым, Тұрартанушы Ордалы Қоңыратбаевтың архив құжаттары негізінде осы одаққа мүше болған жастар туралы жинаған деректерінде олардың біразының аты аталады. Біз де іздестірдік, зерттедік, сараладық соның нәтижесінде анықтадық. Анықталған одаққа мүше болғандар: Қабылбек Сарымолдаев, Мақсұт Жылысбаев, Тороқұл Жанұзақов, Иван Андреев, Кенебай Бармақов, Ысқақ Әсімов, Әшімжан және Үсіпәлі Нұршановтар, Қалыш Қожабергенов, Әбдіразақ Каденов, Сәдуақас Жамансартов, Жақаш Мамыров, Рахманқұл Орынтаев, Әбен Әсілов, Үсіп Сатыбалдинев, Тұрдалы Тоқбаев, Сыдық Абланов, Жүзбай Мыңбаев, Қарымбай Қошмамбетов, Әлімқұл Жұмағұлов, Қожомұрат Сарықұлов және тағы басқалар. Кейбір тұлғалардың есімдері әртүрлі жазылғандығын да айта кету орынды. Мәселен Нұрғали ақсақал өз деректерінде ағайынды Нұршановтың есімдерін Нүсібәлі, Әшімәлі, Сатыбалдиновтың есімін «Шәу» деп жазады. Мұндай деректер Ордалының материалдарында да кездеседі. Ал облыстық мемлекеттік архивтің 10- қорында сақтаулы, олардың өздері толтырылған анкетада «Юсип-Али», «Ашимжан» деп жазған. 1937 жылы атылған азаматтардың қаралы тізімінде де «Юсуп-Али Нұршанов», Сатыбалдиновтың өзі жазған өмірбаянында «Юсуп» деп жазылған. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы азаматтар туралы үзік-үзік материалдар жарияланған. Алайда олардың кім екендігі жөнінде толыққанды нақты деректер бүгінгі күнге дейін топтастырылған емес. Сондықтан да біз бүгінгі мақаламызда «Бұқара» одағының құрылғанына 100 жыл толуына орай одақ мүшелері туралы деректерді ортаға салуды жөн санадық. Осы одақтың мүшелері, алдымен, Әулиеата, Меркі, Құлан, Шу, Қордай, Шалдавар, Сусамыр, Қарабалта өңірлерінде ұлтараздығын тудырмау бағытында және халықты аштықтан сақтап қалуда аянбай еңбек етті. Олар байлар мен кулактарға қаймықпай барып, ашаршылыққа ұшырап жатқан жергілікті халыққа азық-түлік, қаржы жинады. Бұдан кейін бұл үрдіс Әулиеата жерінде жанданды. Сондықтан да 1918 жылдың сәуір айында Тұрар Рысқұлов Әулиеата уездік комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Аз уақыт өткеннен кейін ол осы комитетті басқарды. Осы жылдың қыркүйек айында Ташкентке қызметке шақырылуына, тіпті, кейінірек Мәскеуде бүкіл елдің ұлт саясатымен түбегейлі айналысуына Т.Рысқұловтың Меркі мен Әулиеата жерінде ұлт араздығын тудырмау және ашаршылықтың ауыртпалығын жеңілдету бағытында атқарған жұмыстары ерекше назарға алынғаны анық. Қазақтың біртуар азаматы жанындағы сенімді серіктермен бірге Әулиеатада, одан кейін бүкіл Түркістан өлкесінде тұрғылықты халықты жазалаудан, аштықтан аман алып қалу үшін шаршамай-шалдықпай, биліктен қаймықпай, бел шешпей еңбек етті. Оған мұрағаттарда сақтаулы сарғайған тарихи құжаттардағы деректер мен дәйектер куә. 1917 жылы наурыз айында құрылған жастардың «Бұқара» революциялық одағының мүшелерінің басым көпшілігі 1937-1938 жылдары саяси қуғын-сүргіннің кезінде атылды, сотталды, жер аударылды. Олардың барлығына «ұлтшыл-фашист Тұрар Рысқұловтың құйыршықтары» деген айып тағылды. Бір қуаныштысы олардың барлығы кейін ақталып, еңбектеріне қарай құрмет көрсетілді. Бізді әркез олар кімдер еді, қандай қызметтер атқарды, халқына еңбегі сіңді ме деген сауалдар толғандырды. Сондықтан да мұрағат құжаттарын парақтап, интернет желілерін қарап, бұқаралық ақпарат құралдарын ақтарып, зерделеудің нәтижесінде одаққа мүше болған бірнеше азаматтың өмірлері мен еңбектері туралы деректерді таптық. Тұрардың сенімді серіктерінің әрқайсысы жазылмаған дастан, кітап, тағдыр, толғауы тоқсан тіршілік... Бұлардың барлығы да әділетті, ұлттар теңдігін ұрандап келген жаңа биліктен халқының болашақ бақытын көргендей болған. Сол үшін Әулиеата өңірінде ғана емес республикада, бауырлас қырғыз елінде жаңа биліктің орнауына белсене араласты. Олар әділдік пен теңдіктің күні туа қалғанда еңбек ететін халықтың өмірлік белсенділігін қалыптастыруға, өңірдің экономикасы мен мәдениетін көтеруге белсене ақылы мен еңбегін жұмсады. Олар бай мен кулакты жағалап, тілмаш немесе көркем жазушы қызметтерін атқаруға ұмтылмады. Көзі қарықты, қара танитындығын, орыс тілін жетік меңгергенін пайдаланып, пара алмады, халықты бір-біріне айдап салмады, дүние жинап бай болуды мақсат етпеді. Олар рухы мықты елдің азып, тозбайтындығын білді, сол үшін халықтың рухын көтеру бағытында талмай, қажымай еңбек етті. 1917-18 жылдары жастар одағының мүшелері Әулиеата өңірінің халық көп жиналған жерлерінде саңқылдап, бар дауысымен сөйлеп, қалыптасқан жағдайдың мән-жайын түсіндіріп, саяси жаңалықтардан хабардар етумен бірге елдің ерік-жігерін қайрай білді. Меркеде ұйымдастырылған «Бұқара» одағының өзегі мықты болғанын оның мүшелерінің көп іс-әректінен байқауға болады. Солардың бірін ғана айтайық. Одақ мүшелері өсе келе ауданды, қаланы, облысты, халық шаруашылығының жекелеген салаларын басқарды. Бүгінгі министрдің деңгейіндегі билік – Халық қомисары болды. Бұл аз десеңіз мемлекетті басқарды. Одақты ұйымдастырған Тұрар Рысқұлов Түркістан Республикасын басқарса, оның кластасы Тороқұл Жанұзақов оның орынбасары болды. Тороқұл жасындай жарқырап биік шыңдарға көтеріліп келе жатқанда мерт болмағанда оның шығар биігі әлі алда еді. Ал Тұрар Рысқұлов бүкіл совет елі Үкіметі басшысының орынбасары болды. Екеуі де халқының болашағы үшін сіңірген еңбегіне орай екі елдің біртуар азаматына, асыл ұлдарына, ұлы тұлғаларына айналды. Егер саяси қуғын-сүргін болмағанда олар халқына қызмет көрсетудің биігіне шығары анық еді. Олардың барлығы да халқының жарқын болашағы үшін өмір сүрді, азапты күндер мен түндерді өткізді, тағдырдың ауыр тауқыметін көрді, тіпті, жандарын да берді. Олардың басына түскен ауыртпалықты отбасы мен ағайын-туыстары да көтерді, азап көрді, жазықсыз жазаланды. Қайран заман-ай... Бүгінгі ұрпақ олардың кешегі аумалы-төкпелі заманда «совет билігінің шоқпарын соқты» деп кінәламай, «ұлтшыл-фашист Тұрар Рысқұловтың құйыршықтары» деп айып тағылғанын еске алып, олардың халықтың рухын, саяси, өмірлік белсенділігін көтергенін ұмытпай құрметтеуі керек. Осыны жадымыздан шығармайықшы...  

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,

мұрағаттанушы

Тараз қаласы

Серіктес жаңалықтары