779
«Астана Арландары» «Өзбек жолбарыстарын» жеңді
«Астана Арландары» «Өзбек жолбарыстарын» жеңді
Талдықорған қаласында Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) аясында қазақстандық «Astana Arlans» пен өзбекстандық «Ozbek Tigers» боксшылары жекпе-жек өткізді. Бұл кеште жерлестеріміз 4:1 есебімен басым түсті.
Аса ауыр салмақтағы алыптардың айқасы тартысты өтті. «Арландар» сапынан Қамшыбек Құңқабаев өзбек боксшысы Баходир Жалоловты таза жеңіспен - 3:0 есебімен ұтты. Жалолов - Бүкіләлемдік бокс сериясына жаңадан қосылған. Құнқабаевтың оған қарағанда тәжірибесі бар. Осыған дейін үш жекпе-жек өткізген қызылордалық былғары қолғап шебері екі рет жеңіс тойын тойлады. Бұл жолы да намысты қолдан бермеді. Осылайша, қазақстандық спортшылар бүгінгі кездесуді өз пайдаларына аяқтады, есеп - 4:1.
Алғаш болып рингке 52 кило салмақта Олжас Сәттібаев пен Аброржан Кодиров шықты. Отандасымыздың тегеурініне өзбек боксшысы төтеп бере алмады. Нәтижесінде Сәттібаев жеңіске жетті.
Екінші болып шаршы алаңға 60 килода қазақстандық Закир Сафиуллин мен өзбекстандық Муроджан Ахмадалиев шықты. Жерлесіміз де Олжас Сәттібаевтың жолын жалғап, қарсыласынан басым түсті.
Үшінші болып 69 килода Асланбек Шымбергенов пен Шахрам Гиясов күш сынасты. Жанкүйерлер нағыз жан алысып, жан беріскен кездесудің куәсі болды. Алғашқы екі раундта өзбек боксшысы жеңіске жеткенмен, келесі алты минутта Шымбергенов басым болды. Ал қорытынды бесінші раундта төрешілер отандасымыздың белсенділігіне оң баға беріп, жеңіске лайық деп таныды.
Бұдан кейін рингте 81 килода Нұрдәулет Жарманов пен Бектемір Меликузиевтің айқасы өтті. Өкінішке орай, Нұрдәулеттің сүреңсіз өнері қазақстандықтардың алғашқы жеңілісіне себеп болды.
Соңғы болып аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев пен Баходир Жалолов шықты. Бұл сында отандасымыздың адуынды шабуылдарына өзбек спортшысы қарсылық таныта алмады. Осылайша, соңғы жекпе-жек те қазақ боксшысының жеңісімен аяқталды.
«Арландар» енді, 4 наурыз күні «China Dragons» командасын қабылдайды.