50917
Мектеп, саябақ, көгалдандыру: тұрғындар Астананың бас жоспарын талқылауда
Мектеп, саябақ, көгалдандыру: тұрғындар Астананың бас жоспарын талқылауда
Елордада 2035 жылға дейінгі Астананың бас жоспары жобасы қоғамдық талқылауға салынды. Енді тұрғындар бас қаланың жобалық жоспарымен көрме арқылы танысып, өздерінің ұсыныстары мен ескертулерін жолдай алады, деп хабарлады turkystan.kz.
Іс-шара барысында астаналықтар пікір-ұсыныстарын ұсынып қана қоймай, урбанистер және «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ мамандарымен кері байланыс орнату мүмкіндігіне ие болды.
2035 жылға дейін жоспарланған Астананың бас жоспар жобасы 16 тамыздан бастап қоғамдық талқылауға ұсынылды.
Айта кетсек, осы жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың жаңа бас жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Нәтижесінде Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Астананың қазіргі ауыр жағдайын тез арада өзгерту және қаланы жаңғырту қажеттігін атап өтті.
«Осы мақсатпен қаланың Даму стратегиясын қайта қараған жөн. Құжатта қаланы кешенді түрде дамытудың негізгі бағыт-бағдары айқын көрсетілуге тиіс. Әкімдікке арнайы қоғамдық тыңдау өткізіп, қаланың жаңа Бас жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Сосын Үкімет оны жыл соңына дейін мақұлдауы керек», - деді Тоқаев.Сонымен қатар, Президент әкімшілігі жұмыстың уақтылы әрі сапалы орындалуын бақылауға алатынын, нақты нәтиже күтетінін баса айтқан еді.
«Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспары әзірленіп жатыр. Құжат қоғамдық талқылауға шығарылды. Басты мақсат – елорда тұрғындарының пікірлерін, ойларын есту, ескеру. Бұл жұмыс 16 тамызда басталды. Әр айтылған ой-пікірлерді біздің сәулетшілер ортаға салып талқылап, қарастырады. Бас жоспарды талқылау жұмыстары әр ауданда жүргізіледі. Бірінші Сарыарқа ауданынан бастау алды. Ал қорытынды отырыс жұма күнге жоспарланған», - деді «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалық институты» ЖШС директоры Руслан Жакупов.Оның айтуынша, қоғамдық талқылаудан кейін бас құжатты қала мәслихаты, ал кейін мемсараптамадағы арнайы мамандар қарайды. [caption id="attachment_231201" align="alignnone" width="1200"] Фото:liter.kz[/caption]
«2016 жылы жасалған бас жоспармен қазіргі құжатты қарасақ, қаланың шекарасы өзгерген жоқ. Халық санының көбеюіне байланысты құрылыс нысандарының саны артпақ. Әлеуметтік ғимараттарға келсек, жаңа жоспарда мектеп пен балабақша саны 2 есеге көбейеді. Егер қазір Астана қаласында 133 мектеп болса, болашақта 164 мектеп салу көзделген. 2030 жылғы жоспарда халық саны 1 200 000 деп қарастырылған. Қазіргі санақ бұл көрсеткіштен асып түсті. 2035 жылы халық саны 2 270 000 болады деп болжанады. Бас жоспарда осы көрсеткішке сәйкес, әлеуметік нысандардың құрылысы салынады», - деді Руслан Жакупов.Астананың бас жоспарында урбанистер демалыс орындардың жайлылығы мен көгалдандыру мәселесіне де мұқият көңіл бөлген. Олардың ұсынған жобасы күзде көпшілік назарына ұсынылмақ. [caption id="attachment_231202" align="alignnone" width="1280"] Фото:liter.kz[/caption]
«Қазір біз Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарын жобаладық. Құжатты қоғамдық талқылауға салып жатырмыз. Бас жоспарды жобалау барысында халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Соның ішінде ең бір өзектісі – көгалдандыру. Жалпы, Астана қаласының аумағының 43 пайызы жасыл аймаққа бөлінген», - деді «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалық институтының» жетекші сәулетшісі Гүлшат Батчан.Сонымен қатар, оның айтуынша, қала сыртында полиорталықтар бой көтереді.
«Қалаға кіреберіс жерлерде полиорталықтар жобаланып отыр. Ол сырттан келген жүк көліктерін қала сыртында қалдыру мақсатында жасалып жатыр. Полиорталықтарда автокөліктерді қоятын тұрақ, қонақ үй, яғни қызмет көрсету орындары жұмыс істейтін болады. Бұл біріншіден, қала ішінде кептелісті болдырмау үшін, екіншіден, экологияны қорғау мақсатында жасалады. Сонымен қатар бас жобада қаланың дизайн-коды ерекше назарға алынды. Ғимараттардың қасбеттері бір жүйеге келтіріледі. Бірінші қабатта орналасқан коммерциялық кешендердің сыртындағы дизайнын бір стильде жасау жұмыстары қолға алынып жатыр. Талқылауда халықтың ескертулері мен ұсыныстары ескеріледі. Түскен ұсыныстар жауапсыз қалмайды. Ал егер өзгертуге келмейтін жағдайлар болса, барынша түсіндіріп береміз», - деді ол.[caption id="attachment_231203" align="alignnone" width="1280"] Фото:liter.kz[/caption] Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтында ұйымдастырылған көрмеге күніне шамамен 100 адам келеді. Олардың ұсыныстарының басым бөлігі әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі, саябақтар мен саяжайларды көбейту мәселесіне қатысты болып жатыр.
«Астана бас жоспары» қоғамдық талқылауына арнайы келдім. 2016 жылы жасалған бас жоспармен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс байқамадым. Қаламызда жерасты метросы салынады деп күтіп едім. Өкінішке қарай, жобада бұл жоқ екен. Сонымен қатар мені қаламыздың ішінде сүрілетін үйлердің мәселесі алаңдатты. Жоспарға сәйкес, көп үйлер құлатылмайды екен. Негізі, ескі үйлер сүріліп, орнына жаңа үйлердің салынғанын қалап едім. Жалпы, бас жоспар көңілімнен шықты. Көгалдандыруға аса назар аударғандары қуантады», - деді қала тұрғыны.Астана қаласының бас жоспарын қоғамдық талқылау 25 тамызда аяқталады. Оған дейін барлық аудандарда талқылаулар жалғаса береді деп жоспарланып отыр. Ұсыныстар мен шағымдарды smgp@astanagenplan.org.kz электронды поштасына жіберуге болады.